
Депутаттар өңірлерге аттанады
Сенат төрағасы үшінші сессия жұмысын қорытындылай келе, осы кезеңде сенаторлар Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде кешенді жұмыс атқарғанын атап өтті. Жалпы, бұл сессияда 89 заң қаралған. Оның 75-і мақұлданып, 14-і Мәжіліске қайтарылған.
– Сессия барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Сондай-ақ қабылданған жаңа Су кодексі су ресурстарын тиімді пайдалануға заңнамалық негіз қалыптастырды. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң да мақұлданды. Ал осы отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы мәселелерді шешуге арналған түзетулер топтамасын қарадық. Сонымен қатар қылмыстық заңнама нормалары оңтайландырылды. Алдағы уақытта бұл заңдар Президенттің реформаларын тиімді іске асыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Палата спикері Сенаттың өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмысының нәтижелеріне де тоқталды. Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, биыл Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес қызметі жаңа деңгейге көтерілген. Соның аясында 50-ге жуық бірлескен іс-шара ұйымдастырылып, алғаш рет кеңейтілген отырыс өткен. Сондай-ақ «Бір ел – бір мүдде», «Өңір» депутаттық топтарының, Инклюзия жөніндегі кеңестің, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның және басқа да сараптамалық алаңдардың жоспарлы жұмысы жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын ерекше атап өтті Сенат спикері.
Сонымен қатар Сенат төрағасы алдағы уақытта депутаттардың өңірлерге сапары басталатынын мәлімдеп, азаматтармен және сарапшылар қауымдастығымен кездесулерде жергілікті жерлердегі өзекті проблемаларды барынша зерделеу қажет екенін айтты. Тұрғындар көтеретін мәселелер алдағы сессияда назарға алынып, мүдделі тараптармен бірлесіп, пысықталмақ.
– Сессия барысында 3 парламенттік тыңдау, 4 Үкімет сағаты, комитеттердің 50-ден аса көшпелі отырысы және 90-ға жуық дөңгелек үстел мен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ әріптестеріміз Үкіметке 170-ке жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қараймыз. Кейін Парламенттің кезекті сессиясын қорытындылап, өңірлердегі жұмысымызды бастаймыз. Жұртшылықпен кездесулерде жергілікті жердегі проблемаларды зерделеп, халықты алаңдататын мәселелер мен олардың ұсыныстарына баса мән берген жөн. Оның бәрі алдағы депутаттық қызметімізге негіз болады, – деді М.Әшімбаев.
Ауылдар интернетпен қамтылады
Палата отырысында сенаторлар Президенттің Жоғарғы Сот судьяларын қызметтерінен босату туралы ұсынуын қарады. Нәтижесінде, депутаттар Мемлекет басшысының судьялар Досжан Әмір мен Герман Нұрбаевты қызметтен босату жөніндегі ұсынуын бірауыздан қолдады
Сонымен қатар сенаторлар қараған «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» заң жаңа сын-тегеуріндер мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл барысындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Шарт саяси, әскери, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік, су-энергетикалық, білім беру, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ құжат нормаларына сәйкес тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуды және нығайтуды қолдайды.
Ал «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы» заң нормалары ауылдық жерлерде тұрақты цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға арналған. Бұл 1 123 ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосып, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2,3 млн-нан аса ауыл тұрғыны интернетке қол жеткізеді. Бұл іс аясында мыңнан аса жұмыс орны да ашылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ отырыста қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген міндеттерді іске асыру мақсатымен әзірленген. Аталған құжат медициналық көмек пен оның сапасын арттыруды көздейді. Заң нормалары медициналық көмекті қаржыландыру саласында ашықтық пен есептілік тетіктерін енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, МӘМС қағидаттарын кеңейту және мемлекет жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен өзгерту, сондай-ақ жарналарды төлеудің уақытша үзілістері кезінде сақтандырылушының мәртебесін қорғау қарастырылған.
Бұған қоса депутаттар республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша бірқатар ережені бекітті. Сенаторлар елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту, республикалық жобалар, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Құжат қолжетімді ортаны қамтамасыз ету, дизайн-кодты сақтау, стационарлық емес объектілерді орнату, олардың жұмыс істеу мәселелері бойынша елорданың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Заңда Астананың санитарлық-қорғау жасыл аймағын регламенттеу мәселесі де назарға алынған.
Некеге тұруға мәжбүрлеу – қылмыс
Қоғамның конституциялық құндылықтарын қылмыстық-құқықтық қорғауды күшейту мәселелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған. Соның аясында некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг, заңсыз банктік, микроқаржылық, коллекторлық қызмет сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы енгізілді. Енді «Қорғауға құқығы бар куәнің» құқықтарын қорғау күшейтіліп, адвокаттың сотқа айыптау актісіне қарама-қарсы құжат-қорғау актісін енгізу құқығы бар.
Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады. Құжат нормаларының басты мақсаты – азаматтардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту, білім беру ұйымдарында әскери даярлықтың барлық түрлерін жүйелеу, әскери есепке алуды және әскери қызметке шақыруды жетілдіру, әскери қызметтің беделін арттыру.
Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Бекболат Орынбеков электр желілері инфрақұрылымының тозуына қатысты проблеманы көтерді. Осыған байланысты ол бірнеше энергия беруші ұйымның тарифтерін орта шамаға жуықтау арқылы қызметтердің бірыңғай құнын айқындауға мүмкіндік беретін «Электр энергиясын жеткізудің бірыңғай орталығын» құруды ұсынды.
Ал Сәкен Арубаев ауылдағы интернеттің сапасыз және оның жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етуге жеткіліксіз екенін айтты. Депутат интернет сапасына қатысты ауылдарға арналған ұлттық стандарт енгізіп, ауыл әкімдерінің жұмысына ауылдарды цифрландыру деңгейі бойынша KPI бекіту және халық тарапынан интернет сапасын бағалаудың онлайн-мониторинг тетіктерін іске қосу керек деп есептейді.
Закиржан Кузиев селекциялық-тұқым шаруашылығындағы проблемаға тоқталды. Сенатордың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылығын субсидиялауға бөлінетін 12,5 млрд теңгенің 8 млрд теңгесі импорттық тұқым сатып алуды қолдауға жұмсалып келеді. Ал мұндай қадам басқа мемлекеттердің селекциялық базаларын қаржыландыратынын тілге тиек етті депутат.
Айгүл Қапбарова ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізумен айналысатын шаруалардың инфрақұрылымдық және институционалдық мәселелеріне мән берді. Депутат өз сауалында демпингке қарсы іс-қимыл құралдарын енгізуді, отандық өндірушілерді қорғауды, сондай-ақ ашық және болжамды «ойын ережелерін» қалыптастыруды ұсынды.
Жанна Асанова еліміздің курорттық және жағажай аймақтарында су техникасы мен аттракциондарын пайдалануды бақылауды күшейтудің маңызды екенін айтты. Осыған байланысты сенатор елдегі барлық жаппай су демалысы нысандарында шағын көлемді су техникасы мен су аттракциондарын пайдалану жөніндегі заңнаманың сақталуына қатысты шұғыл жоспардан тыс тексеру жүргізуді ұсынып, Үкіметті бұл мәселеге жіті назар аударуға шақырды.
Айнұр Арғынбекова жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін көтерді. Ол денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды толыққанды пайдалану үшін осы бағытқа жасанды интеллектіні енгізудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу керектігін айтты. Әзірге аталған жұмыс жүйесіз жүргізіліп отыр.