
Осыдан біраз уақыт бұрын Қатардың бас шаһары Дохада әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Сол жарыста сарапқа салынған бес бас жүлденің төртеуін Қытай құрамасы олжалады. Біреуін Жапония жампоздары жеңіп алды. Күміс пен қола медаль алғандар қатарында Бразилия, Тайпей, Аустрия, Румыния, Оңтүстік Корея, Франция, Гонконг, Швеция өрендері бар. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан бәсекеде еліміздің де үстел теннисшілері өнер көрсетті. Отандастарымыздың арасынан ең үздік көрсеткішке Кирилл Герасименко қол жеткізді. Ол 1/16 финалға дейін жетіп, осы межеде Әлем кубогінің иегері, Панамерика ойындарының 6 дүркін жеңімпазы, бразилиялық Уго Кальдераноға жол берді. Негізі, бұл ойынның алғашқы екі партиясы Герасименконың пайдасына шешілген еді. Бірақ одан кейін қаһарына мінген Кальдерано қатарынан төрт партияны өз пайдасына шешті.
Аталған жарыстан кейін де дүбірлі додаларда дараланып жүрген саңлақтар бірқатар турнирде бақ сынады. Соның нәтижесінде апта сайын әлемдік рейтингке өзгеріс енгізіліп отырады. Бүгінде Лин Шидунь (8675 ұпай) шашасына шаң жұқтырар емес. Биыл ақпан айында бірінші орынға көтерілген 20 жастағы Қытайдың аса дарынды ойыншысы әлі де сол тұғырдан түскен жоқ. Шидунь Будапешт, Амман, Алматы, Макао, Маскат, Франкфурт, Сингапур, тағы басқа қалаларда ұйымдастырылған турнирлерде топ жарды.
Екінші орында Қытайдың тағы бір дүлдүлі – Ван Цицунь (5275). Оның жасы 25-те. Алғаш рет 2018 жылы жасөспірімдердің Дүниежүзілік олимпиадасында алтын тұғырға көтерілген Цицунь сол кезден бері бабын жоғалтқан жоқ. Шеберлігін шыңдай жүріп, талай биікті бағындырды. Олардың арасынан Азия ойындары, Азия кубогі, WTT санатындағы турнирлер сериясы, Париж олимпиадасының командалық сайысындағы жарқын жеңістерін атап өтуге болады. Биыл Дохадағы әлем чемпионатында да дәл осы спортшы қарсылас шақ келтірген жоқ.
Парсы шығанағында К.Герасименконы жолынан ығыстырған Уго Кальдерано (4575) үздіктер тізімінде үшінші орында. 28 жастағы марқасқа сол жарысты күміс медальмен қорытындылады. Былтыр Олимпия ойындарында төртінші орынға тұрақтады. Жапония жұлдызы Томакадзу Харимото (4550) озық төрттікті түйіндеп тұр. Сондай-ақ ТОП-10 теннисшінің қатарында қытайлық Лянь Цзинкунь (3900) мен Сиянь Пэн (2270), франциялық Феликс Лебрун (3220) мен Алекс Лебрун (2420), швециялық Трулс Морегард (3155), словениялық Дарко Йоргич (2070) сынды сайыпқырандар бар.
Еліміздің ең мықты үстел теннисшісі К.Герасименко 60-орында. 28 жастағы Астананың тумасы Рио-де-Жанейро, Токио, Париж олимпиадаларына қатысты. Әлем чемпионаттарында да жиі бой көрсетіп жүр. Бірқатар аса ірі халықаралық жарыста табысты өнер көрсетті. Мәселен, биыл еліміздің ерлер мен әйелдер құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Азия чемпионатында үздік сегіз команданың қатарына қосылды. Жерлестеріміздің осындай табысқа жетуіне Кирилдің қосқан үлесі орасан зор. Ол өз бәсекесінің барлығында жеңіске жетті.
Кейбіреулерге К.Герасименконың ITTF рейтингінде 60-орында тұруы қарапайым ғана көрсеткіш болып көрінуі мүмкін. Әсте олай емес. Бүгінде таңда ТОП-60-тықтың қатарына санаулы ғана мемлекеттің өрендері еніп отыр. Атап айсақ, бұл тізімде Қытайдың – 11, Жапония мен Оңтүстік Кореяның – 6, Франция мен Германияның – 5, Аустралияның – 4, Тайпей мен Мысырдың – 3, Бразилия, Швеция, Данияның – 2-ден, Словения, Нигерия, Хорватия, АҚШ, Гонконг, Испания, Польша, Үндістан, Ұлыбритания, Канаданың 1 өкілі бар. Бар-жоғы 22 елдің ғана өрендері мықтылардың санатына қосылып отыр. Көріп отырғанымыздай, бұл тізімде КСРО құрамында болған бір ғана мемлекеттің ойыншысы бар. Ол – еліміздің бірінші ракеткасы Кирилл Герасименко.
Еліміздің екінші ракеткасы Алан Құрманғалиевтің де қарқыны жақсы. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда өзін түбегелі мойындатқан қандасымыз 2019 жылы әлемнің ең үздік жас ойыншысы атанды. Өз қатарластары арасында әлемдік рейтингте көш бастады. Ересектер дуына да еркін қосылды. Кейіннен талай дүбірлі додада дараланды. Қазіргі кезде А.Құрманғалиев ITTF рейтингінде 155-орында тұр. Аланның жасы 18-де екенін ескерсек, шеберлігі шыңдала келе оның бағындаратын белестері бүгінгіден әлдеқайда зор болатынына сенім мол.
Үстел теннисін серік еткен өзге жерлестеріміз мынадай орындарға жайғасқан: Айдос Кенжеғұлов – 296, Санжар Жұбанов – 349, Ескендір Харки – 356, Владислав Захаров – 433, Дастан Кенжеғұлов – 469, Сағадат Құрмамбаев – 479.