Аймақтар • Бүгін, 08:35

Жамбылда 30 жоба іске асырылады

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің инвестициялық тартымдылығын арт­ты­рудың маңызы зор екенін ұдайы айтып жүр. Әсіресе, тікелей шетелдік инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы ел эко­номикасын үстемелеу Президент назарынан тыс қалған емес. Сол тұр­­ғыда соңғы жылдары өңір­лерде жаңа жобаларды жүзеге асыру мақ­сатында ауқымды жұ­­­мыс атқарылып жатыр. Жамбыл өңірінде де көңіл көншітерліктей жобалар қолға алынған.

Жамбылда 30 жоба іске асырылады

Жамбыл облысында ірі жоба­ларды жүзеге асыру мақ­са­тында жергілікті атқарушы билік өкілдері шетелдік және жергілікті инвесторлармен ке­­ліссөз жүргізуді ілкі сәт те тоқ­татқан емес. Соңғы екі жыл­дың бедерінде өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Қытай, Түркия елдеріне сапарлап барып, жауап­ты мамандармен бірге келіссөз жүргізіп қайтты. Қолға алған жобалардың нәти­жесі алдағы жылдары белгілі болмақ.

«Биыл «Еврохим Қаратау» компаниясы жобаның бірінші кезеңін іске қосу арқылы жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін болады. 2026 жылдың үшінші тоқсанынан бастап кәсіпорын жылына 1 млн тоннаға жуық минералды тың­айтқыш өндіруді жоспарлап отыр. Жалпы алғанда жаңа зауыт­та өндірілетін дикальций фосфаты, калий сульфаты, кальций хлориді өңір өндірісінің брендіне айналатынына сенімдімін», дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірде атқарылып жатқан жұмыс туралы ойымен бөлісіп.

Басқарма басшысы келтірген дерекке сүйенсек, 2025–2028 жылдар аралығында өңірде жалпы құны 3,7 трлн теңгені құрайтын 62 ин­вес­тициялық жоба іске асырыл­мақ. Жоғарыда аталған «Еврохим Қаратау» компаниясы инвестициялық жобаларының құны – 530 млрд теңге. Өңірде бұдан өзге де ірі жобалардың құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Мәселен, жылына 1 млн тонна кальцийлендірілген со­да өндіретін «Qazaq Soda» кәсіп­орны 2027 жылы жұмысын бастайды. Жобаның құны 208 млрд теңгені құрап отыр.

«Өңірде жоғарыда айтқан инвестициялық жобалардан өзге де ірі зауыттар бар. Айталық, «Talas Investment Company» ком­паниясының натрий циа­нидін өндіру жобасының екінші кезеңі іске қосылады. Нәтижесінде, зауыттың жылдық қуаты еселеніп, 30 мың тонна натрий цианидін өндіретін болады. Бұдан бөлек, натрий цианидін өндіретін тағы бір жоба қолға алынып жатыр. Жалпы құны 67 млрд теңгені құрайтын «Altynalmas Reagents» компаниясының зауыты іске қосылған кезде жылына 25 мың тонна өнім өндіреді. Сонымен қатар жылына 30 мың тонна сутегі асқын тотығын өндіретін іргелі жобаны «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компания­сы іске асыруға бекініп отыр. Құны 30 млрд теңгені құрайтын кәсіпорынның құрылысы би­ылғы жылдың аяғында аяқ­талады», дейді А.Сейсебаев.

Өңірде іске асырылып жатқан ілкімді жобалар жеткілікті. Мәселен, металлургия саласында «Yonggang Central Asia Iron And Steel» серіктестігі қолға алған инвестициялық жобаның келешегі зор екенін сала мамандары жарыса айтып жүр. Жобаның жалпы құны 637 млрд теңгені құрайды. Ресми дерекке жүгінсек, жылына 3 млн тоннаға дейін құбыр өндіруге арналған катанка, арматура, жолақты болат, профильді болат өндіретін кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде 1000 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.

Агроөнеркәсіп саласында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Қытайдың «Fufeng Group» компаниясы еліміз көлемінде бірқатар жобаны жүзеге асыруға бел буып отыр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу жеріне келген инвесторлар жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысын бастап кетті. Құны 173 млрд теңгені құрайтын жоба іске қосылған кезде жылына 1 млн тонна жүгері өнімдері өндіріледі.

Сондай-ақ «Азия Чем» компаниясы фосфорит кенін қолдана отырып, суперфосфат тыңайтқышын өндіруге кірісіп жатыр. Жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын ілкімді жоба 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Мұнда жылына 100 мың тонна өнім алуға мүмкіндік туады.

Жергілікті атқарушы билік өкіл­дері келтірген ресми мә­ліметке сенсек, «Қаратау Кеми­калс» компаниясы қолға алған жоба да өңірде өндіріс өрісін арттыруға мүмкіндік береді. Жылына 25 мың тонна көлемінде пиросульфит натрийін өндіру жобасы сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Жамбыл өңірі әуелден фосфор өндірумен аты шыққанын ескерсек, облыс­та қолға алынып жатқан бұл жобаның да өміршең болатынына күмән жоқ.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инно­ва­циялық дамыту басқар­масының басшысы А.Сейсебаевтың айтуынша, биыл Жамбыл өңірінде жалпы құны 175,2 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылады.

Жылына 100 мың текше метр бетон өндіретін «KazGazBlock» серіктестігінің газдалған бетон өндірісі, «KazGeoEnergy» кә­сіпорнына тиесілі әк өн­діру зауыты, «Alit Holding» серіктестігінің иелігіндегі құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех салу, жылына 90 мың тонна кен өндіруге қауқарлы «Shagala Mining» кәсіпорнының мыс кендерін үймелі шаймалау зауытын салу, «Аметист-2012 БР» ЖШС-нің құрамында алтыны бар кенді өндіру секілді ірі жобалар өңір экономикасын өркендетуге серпін береді.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында ілкімді инвестициялық жобаларды тартуға барынша басымдық беріліп отыр. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев шетелдік әлеуетті инвесторлармен ұдайы кездесіп, салаға жауапты мамандардың олармен бірлесе жұмыс атқаруына дәнекер болып келеді. Тиісінше, әлеуеті зор инвесторлардың Жамбыл жеріне деген қызығу­шылығы арта түсті.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар