Қоғам • Бүгін, 16:27

Депутат Назарбаев Университетінде қазақстандық мамандар үлесін арттыруды ұсынды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Назарбаев Университетінде қазақстандық мамандардың үлесін арттыруды және ауыл түлектеріне арналған дайындық бағдарламасын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Депутат Назарбаев Университетінде қазақстандық мамандар үлесін арттыруды ұсынды

Оның айтуынша, Назарбаев Университеті – еліміздің зияткерлік әлеуетінің тірегі әрі ғылыми-технологиялық прогрестің флагманы.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында білім мен ғылым ел дамуының стратегиялық негізі екенін бірнеше рет атап өтті. Президент «Біз әлемдік стандарттарға сай келетін ұлттық жоғары білім беру жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деп нақты міндет жүктеді», дейді депутат.

Осыған байланысты AMANAT партиясы фракциясы бірнеше нақты ұсыныс енгізіп отыр.

Біріншіден, депутаттың айтуынша, университеттің басшылық құрамын қазақстандық мамандармен толықтыру маңызды. «Вице-президенттер, мектеп декандары мен өзге де басқарушы лауазымдарға кемінде 70 пайыз деңгейінде қазақстандық азаматтарды тағайындау мәселесін қарастыру қажет. Бұл – стратегиялық басымдықтарды терең түсінетін әрі заманауи басқару тәжірибесін игерген ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға жол ашады», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған, ғылыми дәрежелері бар жас мамандар елімізде бар.

«Оларға жоғары жауапкершілік жүктелетін лауазымдар ұсыну – олардың шетелге кетуінің алдын алып, еліміздің ғылымы мен білім беру саласына қызмет етуіне мүмкіндік береді», дейді депутат.

Екіншіден, Сүлейменованың айтуынша, Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі аясында педагогикалық менеджмент бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қажет.

«Мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен тәрбие ісіне жауапты мамандарға арналған арнайы бакалавриат бағдарламасы әзірленіп, оған мемлекеттік білім гранттары бөлінсе, бұл білім беру саласын басқаруға қабілетті мамандар даярлауға ықпал етер еді», дейді ол.

Үшіншіден, депутат ауыл мектептерінің түлектеріне арналған арнайы дайындық бағдарламасын енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Назарбаев Университетінің Foundation бағдарламасына негізінен қалалық және инновациялық мектеп түлектері ғана түсіп жүр.

«Ауыл түлектері үшін бұл бағдарлама білім деңгейі мен ортадағы айырмашылықтар салдарынан қолжетімсіз. Сондықтан 1,5 жылдық арнайы дайындық бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл — өңірлік теңсіздікті азайтып, дарынды жастардың әлеуетін ашатын, Мемлекет басшысы атап өткен әлеуметтік әділеттілік қағидатын іске асыратын маңызды қадам», дейді Жұлдыз Сүлейменова.