Таяуда Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Қордай ауданы Үлкен Сұлутөр ауылында бой көтерген жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысып, активтерді қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі туралы хабарлады.
«Прокуратура органдары тарапынан заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар аясында біздің өңірде әлеуметтік маңызды инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қабылданды. Оның жарқын мысалы – медициналық көмекпен шалғай ауылдарды қамтамасыз ету», - деді ол өз сөзінде.
Бұл амбулатория ел бойынша бағдарлама аясында пайдалануға берілген алғашқы нысандардың бірі. Бұған дейін ауыл тұрғындарына 1959 жылы салынған ескі ғимаратта қызмет көрсетілген.
Аудан орталығы мен Үлкен-Сұлутөр ауылы арасындағы қашықтықты ескере отырып, жаңа амбулатория 1500-ден астам тұрғынға қажетті медициналық қызметтерді ауылдан шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді.
Медициналық мекеме алғашқы дәрігерлік және дәрігерге дейінгі көмек көрсету үшін қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, физиотерапия, оңалту және ЭКГ кабинеттерімен жабдықталған.
Жамбыл облысы