Ән • Бүгін, 08:27

Сағыныш сазы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жылыстаған жылдар тізбегіне көз салғанда, көңіл түкпіріндегі сағымға айналған сағыныш оты лаулайтыны бар. Әуені жан тербейтін әдемі әндер өткен күндер елесін көз алдыңа әкеледі. Жұрт жадында көше әні ретінде сақталған туындылар естен кетпес елеулі шақтың тұңғиығына тарта түседі. Сол бір мөлдір кезеңді оңашада еске алғанда жүрек атқақтап, өн бойыңды әлдебір сарқылмас сезім әуені билейтіні белгілі. Мұны біз сиқырлы саз құдіретімен байланыстырып жатамыз...

Сағыныш сазы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ширек ғасыр уақыт бұрын халықтың сүйікті әніне айналған шығармалар әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпағаны анық. Саз бен сөздің өзара үйлесімі жұртты бейжай қалдырмауының да өз сыры бар шығар. Сол кезеңнің өзіне тән романтикасы кейінгі буынның да жүрегін жаулағанына ешкім таласа алмаса керек. Өйткені уақытында хит болған таңдаулы туындылар қазіргі кезде жас әншілердің орындауында жаңаша бағытта жаңғырып жатыр. Мұның сыры әннің табиғатындағы шынайылықпен астасып тұр демеске лаж жоқ.

«Сағыныш сазы сен едің,

Ғашықтың бірі мен едім.

Армандай асыл ақ гүлім,

Өзіңді аңсап келемін»,

деп басталатын «Сағыныш сазы» әні біздің буынның әншісіне айналған Талғат Жорабаевтың орындауында ел есінде сақталғаны белгілі. Жылдар бойы өнерсүйер ел «Сағыныш сазы» шығармасы көше әні екеніне сеніп келді. Өйткені бұл туынды үлкен сахналарда солай хабарланды. Әйтсе де кейбір деректер ретро әнге айналып кеткен шығарманы жазған композитор ортамызда жүргенін айғақтайды. Оның бұдан өзге әндері де халықтың жүрегінен орын алып үлгеріпті. Патша көңілді тыңдарман көше әні деп білген әнді енді өз иесіне қайтаруға ниетті ме? Әзірге ол жағы белгісіз.

Шынтуайтында уақыттан асқан жүй­рік жоқ. Зымырандай зулаған жыл­дар көшін кері бұра алмайтынымыз даусыз. Әйтсе де сағыныш сазына айналған таңдаулы шығармалар әлі күнге дейін жүрегімізді, жанымызды жылытып тұрғанына еш күмән жоқ. «Сағыныш сазы» әні де сол санатта екені ақиқат.

«Қысылып жаным, жүрегім күйіп,

Жүре алмаспын, жаным, сені өзгеге қиып.

Қарашы маған күлімдеп көзің,

Жасыңды тиып, жасыңды тиып»,

деп келетін әннің қайырмасында сарқылмас сағыныш пен қимастық сезім­нің табы сайрап жатыр десек, қателесе қоймаспыз. Содан да болса керек, әннің ностальгияға толы тармақтары әлі күнге дейін санамызда жаңғырып тұр.

Бірер жыл бұрын жамбылдық ақын Нұржан Әліш ел көше әні деп таны­ған «Сағыныш сазының» авторы бар екенін, онымен тілдесіп мән-жайды анықтағанын тілге тиек етті. Композитор Біржан Асқаров ортамызда жүргенін жеткізді.

Бұрын-соңды есім-сойын естімеген­діктен, композитор Біржан Асқаров туралы деректі іздемек ниетпен ғалам­торды ақтардық. Расында, ол Мейрамбек Беспаев орындайтын «Түнгі сыр», «Сен үшін жаралғандаймын» секілді ғажап әндердің әуенін жазған екен. Ал «Са­ғыныш сазының» тарихы – бөлек әңгіме.

Автор келтірген дерекке сенсек, шығарманың екінші шумағын Хабиби Жиенов деген жігіт жазған көрінеді. Екеуі шығармашылық тандем ретінде осы әнді жарыққа шығаруға ден қойған екен. Ал «Сағыныш сазы» – оның алғашқы шығармасы. Нұржан Әліштің айтуынша, композитор бұл әнді Гүлжазира деген қызға деген сезімін білдірмек ниетте жазған. Композитордың тұла бойындағы сезім шоғын үрлеген шығарма жұрттың да жүрегіне жетті.

«Бұл әнді «Қимаймын» деген кітаптан оқыдым, Авторы жоқ, көше әні ретінде жазылыпты. 2007 жылы Қазақстан авторлар қоғамы арқылы авторлық құқық қорғадым. Шығарма негізінде әнші Талғат Жорабаевтың орындауында көше әні ретінде тарағаны баршаға мәлім. Үлкен сахналар мен телеарналарда көше әні ретінде хабарланған соң, ел арасында солай танылып кетті», депті Біржан Асқаров «Арай» жастар газетіне берген сұхбатында.

«Көзіңнен ыстық жас тамар,

Көрмейді оны басқалар.

Таусылса жасың егер де,

Су алар мәңгі жас жаным.

 

Қыз көп болса да өмірде сұлу,

Бермейді бірақ жүрекке жылу.

Ал менің болса бар арманым,

Тек сені, жаным, бақытты қылу»,

деген ән шумақтарынан композитордың, расында да, ән кейіпкеріне ессіз ғашық болғанын аңғару қиын емес. Жүректе лаулаған сезім оты «Сағыныш сазы» әнінің жарыққа шығуына себепші болды. Ел арасында көше әні ретінде танылған шығарма авторы уақытында авторлық құқық қорғағаны көңіл қуантады. Қалай десек те, бірнеше буынның жүрегін тербеткен әннің өміршең екеніне еш күмән жоқ.