
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Шынында да, демографиялық жағдайы күрделі Қызылжар өңіріндегі ауылдардың орта мектептерін – әуелі негізгі орта білім ұйымдарына, одан кейін бастауыш мектептерге айналдырып оңтайландырудан аман сақтау үшін Балалар үйлеріндегі «қарадомалақтарды» қабылдаушы отбасыларға беру дұрыс тәсіл сияқты. Өйткені мектеп жабылмаса, алтын бесік – ауыл да жабылмайтыны бүгінде аксиомаға айналған шындық. Алайда ауылдағы отбасылардың бәрі бірдей қабылдаушы отбасына қойылатын жоғары талапқа сай келе бермейді. Себебі бекітілген Ережеге сәйкес баланы қабылдайтын отбасы кемінде төрт және оннан аспайтын жетім немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуге қабылдауға тиіс.
Осы орайда елімізде көңіл сүйсінерлік оң үрдіс те бар: жетімдер саны кейінгі жылдары біршама азайған. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметіне қарағанда, бұдан бес жыл бұрын жетім бала саны 24 239 болған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 20 798 балаға дейін төмендеген. Нәтижесінде, Балалар үйлерінде тұратын жеткіншек саны 2019 жылғы 4,6 мыңнан биыл 3,8 мыңға дейін азайып, оларға арналған 20 білім беру ұйымы жабылған.
Статистикалық деректер елімізде бала асырап алу жайы мәз еместігін көрсетіп отыр. 5 мыңнан астам азамат бала асырап алу кезегінде тұрса да, 2023 жылы – 194, 2024 жылы 153 бала ғана жаңа отбасын тапқан. Бұл бала асырап алу үдерісінде әкімшілік кедергілер барын аңғартады. Жетім балаларды қамқорлығына алғысы келетін азаматтар айлап-жылдап шенеуніктердің кабинеттерінің табалдырығын тоздыруға мәжбүр екендігіне шағымданып жүр. Мұндай созбаққа салудың шын сыры да белгілі. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, бала асырап алуға байланысты заңсыз әрекеттер мен сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 2023 жылы – 4, 2024 жылы тағы да 4 қылмыстық іс қозғалған.
Ел қазынасынан жетім балаларды қолдауға бөлініп отырған қаржы айтарлықтай – әрқайсысына орта есеппен 7,5 млн теңгеден айналады. Биыл көзделген 38,7 млрд теңгенің 7,5 млрд теңгесі отбасыларда тұрып жатқан 17 660 балаға (барлық жетімнің 82,6%-ы), 31,2 млрд теңгесі жетімдерге арналған 115 мекемеде тәрбиеленіп жатқан 3 727 баланы (17,4%) асырауға жұмсалатындығын ескерсек, мемлекетке оларды қабылдаушы отбасылардың тәрбиесіне беру қай тұрғыдан болсын ұтымды да тиімді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында: «Балалардың арнаулы мекемелерін Балаларды қолдау орталығы ретінде қайта құрамыз. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алатын кәсіби отбасыларға балаларды орналастырудың баламалы нысанын енгіземіз», деп мәлімдеген еді. Мемлекеттік Балалар үйлерін Балаларды қолдау орталықтарына айналдыру жұмысы биыл толық аяқталды. Қазір осындай 35 орталық бар. Олардағы жетім бала саны – 1,2 мыңнан астам. Бұрынғы атауын жекеменшік Балалар үйлері ғана сақтап қалды. Олардың саны – 5. Сондай-ақ 20 Сәби үйі, балаларға арналған 18 медициналық-әлеуметтік мекеме, 10 Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 13 Жасөспірімдер үйі, 14 Балалар ауылы өз жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Мемлекет басшысының балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институтын енгізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы құжат арқылы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс «Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы – арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж төртеуден аспайтын баланы алдын ала таңдамай тәрбиелеуге қабылдайтын отбасына уақытша орналастыру нысаны» деген жаңа нормамен толықтырылды.
Баланы қабылдайтын кәсіби отбасына жетім балаларды беру туралы шарт алты ай мерзімге, бір реттен асырмай сол мерзімге ұзарту құқығымен жасалады. Бұл ретте жетім, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың туыстарына оларды өздерінің отбасыларына қабылдап алуына басым құқық берілді. Отыз жасқа толған, бірақ алпыс үш жастан аспаған, тиісті талаптарға сай келетін ел азаматтары баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиешілер бола алады. Олар тәрбиелеуге қабылданған балаларға қатысты қорғаншылар мен қамқоршылармен бірдей құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Жетім балаларды күтіп-бағуға, тәрбиелеуге және білім беруге қолайлы жағдайлар жасау үшін кәсіби тәрбиешілердің меншік немесе пайдалану құқығында әрбір адамға кемінде он бес шаршы метр мөлшерінде тұрғынжайы болуға тиіс. Олар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға өздері қабылдап алған балалардың денсаулық паспортының көшірмесін, тәрбие жұмысы, күтіп-бағуға бөлінген ақшаның жұмсалуы туралы есептерді тоқсан сайын ұсынуға міндетті. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіби тәрбиешілердің жетім балалардың банк шоттарынан ақша алуға құқығы жоқ. Жетімдер өздеріне тиесілі алименттерге, ата-аналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақыларға, басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғынжайға, өзге де мүлікке меншік құқығын сақтайды. Олардың тұрғынжайын иеліктен шығару, соның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту, өтеусіз пайдалануға беру, кепілге салу, бөлу бойынша мәмілелер жасасуға тыйым салынған. Баспанасы жоқ жетімдердің тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғынжай алуға құқығы да сақталады. Бұған қоса, кәсіби тәрбиешілердің жетім балаларды алдын ала таңдауына рұқсат етілмейді. Ағайынды ұл-қыздарды ажыратуға да жол берілмейді. Он жасқа толған балалар кәсіби отбасына өздерінің келісімімен ғана беріледі. Сондықтан да кәсіби тәрбиешілердің адамгершілік, өзге де жеке қасиеттері, мойындарына жүктелетін міндеттерді орындау қабілеті ескеріледі. Кәсіби отбасына берілген әрбір баланы күтіп-бағуға ай сайын 10 АЕК (39320 теңге) мөлшерінде жәрдемақы, кәсіби тәрбиешілердің қызметіне ақы ретінде әрқайсысына 70 АЕК (275 240 теңге) төленеді.
Кәсіби отбасы туралы заңнамалық құжат биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы жаңашылдық жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернаттық ұйымдарға тапсырмай, отбасыларға орналастырудың бұрынғы тәртібін оңайлатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шалғай ауылдардағы оқушыларының саны азайған мектептерді сақтап қалуға да септігі тиюі мүмкін. Бұл – еліміздің ертедегі «жетімін жылатпайтын жұрт» атақ-даңқын қалпына келтіруге бағытталған кезекті қадам.