
Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, өңірдегі 1-10 сыныпта оқитын 217 757 оқушының 193 067-сі яғни, 88,6 пайызы жазғы сауықтырумен қамтылады екен. Қала сыртындағы лагерьлерде 7669 бала, мектеп жанындағы лагерьлерде 33 607 оқушы, мектептің демалыс алаңдарында 147 271 білім алушы, киіз үй мен шатырлы лагерьлерде 3 505 жасөспірім, республикалық лагерьлерде 315, ата-аналар мен кәсіподақ ұйымдары есебінен 700 оқушы жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады екен.
«Өңірдегі 12 қала сыртындағы сауықтыру лагерінің 7-еуі биылғы маусымда балаларды қабылдау бойынша дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Оның ішінде «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Қалған алтауы – маусымдық лагерь.
Олардың ішінде «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» лагерьлері мемлекеттік мекемелер санатына жатса, «Болашақ», «Берікқара», «Тау самалы» лагерьлері жекеменшік саналады. Мұнда көпбалалы отбасылардың және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 7669 бала сауықтырылады», дейді Н. Оршыбеков.
Басқарма басшысы келтірген деректен өңірдегі 12 лагерьдің 5-еуі балаларды қабылдамайтынын біліп отырмыз. Өңірде 10 аудан бар екенін ескерсек, 7 лагерь аз секілді көрінеді. Бірер жыл бұрын «Шудың балалары қашанға дейін Жуалыда демалады?» деген мақала жазған едік. Қайта сол 2022 жылы өңірдегі 11 сыртқы лагерьдің 8-і кестеге сәйкес жұмыс істеген болатын. Ал биыл 12 лагерьдің тек жетеуі балаларды қабылдауға дайындық жұмысын жүргізгені көңілге қаяу түсіретін секілді.
Жыл жылыстаған сайын оқушыларды қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерімен қамту жұмысы арта түсе ме десек, лагерьдің саны кемігені ойландырмай қоймайды. Енді тек жұмыс істеуге белсеніп отырған лагерь басшылары балалардың жазғы сауықтыру іс-шараларын ойдағыдай өткізсе деген тілегіміз бар.
Бір қуаныштысы, осы оқу жылында озат оқушылар санатына енген білім алушылар жауапты басқарманың назарынан тыс қалмапты. Олар түрлі лагерьлермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 21 мыңнан астам жасөспірім жергілікті жердегі тарихи-мәдени орындарды аралайды. Бір сөзбен айтқанда, тарихы мыңжылдықтармен астасып жатқан шаһарға экскурсия жасау арқылы балалардың таным көкжиегін кеңейтуге басымдық берілмек.
«Осы оқу жылында үздік үлгерімімен көзге түсіп, түрлі байқауларда топ жарған 793 білім алушы «Қазақстан халқы» қорының қолдауымен қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Сонымен қатар 5-9 сыныпта оқитын, республикалық және өңірлік деңгейдегі байқауларда үздіктер қатарынан көрінген 295 білім алушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, көпбалалы отбасылардан шыққан 20 оқушы Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығына барады», дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы.
Балалардың жазғы сауықтыруын ұйымдастыру жұмысы енді ғана басталып жатқаны белгілі. Бірер жыл бұрын қала сыртындағы кейбір лагерь бұл істі тиісті деңгейде үйлестіре алмаған болатын. Олардың бірі көршілес Қырғыз Республикасынан алатын электр энергиясына қатысты жұмысты жүйелемесе, енді бірі күрделі жөндеу жұмысына байланысты орайы келген жұмысты орындай алмаған еді.
Қалай десек те балалардың жазғы демалысы қызатын шақ енді басталады. Оқушылар жазғы лагерьмен қай деңгейде қамтылғаны, қай лагерьлердің жұмысты қандай деңгейде ұйымдастырып жатқаны назарымыздан тыс қалмақ емес.
Жамбыл облысы