Қоғам • Бүгін, 14:42

Белгілі публицист Мақсот Ізімұлы көз жұмды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі журналист, публицист Мақсот Ізімұлы 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды әріптесі, қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

Белгілі публицист Мақсот Ізімұлы көз жұмды

Фото: adebiportal.kz

Мақсот Ізімұлы ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етті. Ол «Орал өңірі», «Ана тілі», «Теміржолшы – Железнодорожник», «Аруана» сынды басылымдарда, сондай-ақ «Зерде», «Жалын» журналдары мен «Қазақ энциклопедиясы» редакциясында қызмет атқарған. «Арыс» баспасының бас редакторы және «Астана ақшамы» газетінің әдеби редакторы болған.

Мақсот Ізімұлы — «Аяқталмайтын әңгіме» және «Бедеріндей кестенің» атты прозалық жинақтардың авторы. 2004 жылы оның шығармасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен жарық көрген «Нарық нақыштары» антологиясына енген.

Журналистика мен әдебиетке өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгердің жарқын бейнесі ел жадында сақталады.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті