
Жақында елордада қазақ-француз мектебінің капсуласын қалау бойынша салтанатты рәсім өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Францияның Сыртқы сауда және шетелде тұратын француз азаматтары жөніндегі министр-делегаты Лоран Сен-Мартен қатысты.
Интернаты бар мектеп 800 орынға есептелген және еліміздің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестендірілген. Аталған мектепте барлық өңірдің балалары білім алады.
Қатысушыларға арнаған сөзінде министр Ғ.Бейсембаев жобаның білім беру саласындағы басты оқиғалардың біріне айналатынын атап өтті.
«Бұл – Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру саласындағы тереңдетілген ынтымақтастықтың символы. Осы мектеп архитектуралық және білім беру тұрғысынан үлгі болып, біздің елдеріміз арасындағы нағыз көпірге айналады деп сенеміз», деді министр.
Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі негізгі білім беру ұйымдарының біріне айналатын болашақ мектеп 2026 жылдың 1 қыркүйегінде өз есігін ашады деп жоспарланған. Сонымен қатар Алматы қаласында қазақ-француз мектебі ашылады.