Зерде • 04 Маусым, 2025

Абай ұнатқан бүркіт

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына бір әңгіме М.Әуезов атындағы Әдебиет өнер инсти­тутының қорында сақталыпты. Сілтемесі – Қ.866, 2-3 дәп­тер. Жазбаны қорға 1976 жылы айтыскер ақын, әнші, өнертанушы һәм Қазақстаның еңбек сіңірген әртісі Ғали Дүйсеков (1900–1978) деген адам тапсырыпты.

Абай ұнатқан бүркіт

Бұл әңгімені айтып берген адам – Әбдірахман Құрманғалиев Ғали­дың жездесі екен. – Кеңес өкіметі орнап жатқан 1920 жылдар еді, – дейді Ғ.Дүйсеков. – Қысқа­мер­зімді мұғалімдер даярлайтын курста оқу үшін Өскеменге ке­ліп, жездемнің үйіне түстім. Тұрмы­сы жұпыны екен. Десе де ол кісі ғылым-білімнен хабары бар әрі құсбегі, мерген, дойбышы, тоғызқұмалақшы, домбыра­шы жан еді. Менің таңғалға­ным, үйінде қолжазба күйінде сақталған Абайдың қарасөздері бар екен. Оны маған көрсетіп, кейбір тұстарын сүйсіне оқып берді.

Қысқасы, Ғали Дүйсеков қазақта Абай деген дана адам бар екенін осылай біліпті. Содан бір күні жездесі: «Мен саған Абайдың бір данышпандығын айтып берсем қалай», дейді. «Айтыңыз!». – Көзіне түскен аңды құтқармайтын қыран бүркітім болды, – деп әңгімесін бастайды Әбекең. Жарықтық қиядан ілген түлкіні көтеріп барып, жазыққа басады екен. Үйренгені сондай, аңның терісін жыртып бүлдірмейді. Аса ақылды.

Осы бүркіттің даңқы Абайға жетеді. Өйткені құс иесінің ­ауылы Жарма өңірі Абай елінен алыс емес. Әкесі айтыпты: «Абай ел ардағы, бер бүркітіңді». Бірақ Әбдірахман құсын қимайды. Қайтпек керек?

Ертеңінде Абай сәлемінен хабардар ауыл ақсақалдары бүр­кітшінің үйіне жиналады. Төрде қариялар, босаға жақта жастар. Оң жақ тұғырда Абай сұратқан бүркіт. Әредікте қымыз ішіп отырған Қаумен қария бүркітке қарап:

– Әбдірахман қарағым, әлгі түлкіні аспанға алып ұшып жүре­тін, атақты тастүлек қыраның осы ма?

 – Иә, ақсақал, осы.

Осы кезде әңгімеге әкесі араласып, «Абай сұратқан бүркіт осы. Қалап келген екі қонақ біздің үйде жатыр. Мына балам құсын қимайды, бірақ Абай ә деп сұратқан соң, бермеске бола ма?», дейді.

Сол кезде бүркіт тұғырынан секіріп жерге түсіп, аяқ жақта отырған жігіттің алдына барды. Жігіт арқасынан сипайды, екінші кісінің алдына барды, ол да сипайды. Сол ретпен жағалай отырған адамдардың алдынан өтіп арқасынан бір-бір сипатып, амандасқан тәрізді ең соңында иесінің тізесіне келіп қонады.

 – Мен болсам құсымды сылап-сипап едім, еркелеген тәріз­ді басын қойныма тығып, наз көр­сет­кендей болды, – депті құсбегі. Бұны көрген үй ішіндегі адамдар аң-таң. Төрде отырған Дүрмек қажы:

 – Әй, Құрманғалы-ай! Осы сияқты қолға түспес асылды да қиып, біреудің сәлемдемесіне бердірмексің бе, кейде асылдың түсіне қарамайтыныңыз да бар-ау! – депті.

Қажының мына сөзінен кейін ақылды қыран құсын сұрат­қан адамға бермеймін деп шешкен Әбдірахман Абайдың қонақ­тарына «қозғалмай жата беріңдер» дейді де өзі қасына екі жолдасын ертіп, бүркіт көп ұстайтын қарағай ішіндегі Өтеміс еліне тартады. Мақсаты – Абайға татитын құс алып келу.

Содан бір ай шабылып екі сұңқар, 10 бүркіт әкеледі. Бірін ұстап алады, бірін сатып алады дегендей... Қонақтарды 10 бүркітті бірақ беріп аттандырады. «Абай аға осыған разы болсын». Қонақтар кеткен соң әкесі келеді: «Балам бүркітіңді бермей алып қалдың ба?». «Иә әке, оның орына 10 бүркіт бердім». Сонда әкесі:

 – Әй, балам, «Құс аяған көк­ке қарайды, ат аяған жерге қарайды» демеді ме аталарың. Сенің бүркітің құстың асылы болса, Абай адамның асылы емес пе? Асылдан асылды несін аядың? – деп басын шайқап, үйге кіріп кетіпті.

Қысқасы, Абай 10 бүркітке ра­зы болмапты. Онымен қоймай, Абай менің бүркітімді көрмей-ақ «шіркін-ай желді күні басқан түлкісін аспанға алып ұшатын құсын бермегені-ай», депті.

«Расында, солай еді. Бүркітім дәл желді күні түлкі көтеріп ұша­тын, оны үйде отырып Абай қа­лай білген. Данышпандық емес пе?», деп әңгімесін аяқтапты Әбдірахман құсбегі.