
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жақында Алматы Орталық Азияның гастрономиялық астанасы ретінде таныстырылып, қаланың алғашқы ресми гастрогиді жарық көрді. Туризм бюросының тұңғыш гастрогиді 140 шақты таңдаулы тамақтанатын орындарын ұсынып отыр. Әлбетте, баруға кеңес берілген асханалардан ұмыт бола бастаған ерекше ұлттық тағамдарымызды, түрлі ұлыстардың асымен қоса, авторлық мәзірлерден ауыз тиюге болады. Дегенмен гастрономиялық туризмнің танымалдылығы артып келе жатқанына қарамастан, Алматыда осы бағытта қызмет көрсететін гидтер жоқтың қасындай еді, енді осы олқылықтың орны да біртіндеп толығып жатыр.
Мысалы, Алматының гастрономиялық гиді «Классикалық тур», «Дәстүрлі гид», «Мультимәдени гид», «Тау мен гастрономия» сынды тақырыптық бағыттарды қамти отырып, «Инстаграмбл-маршрут» көркем локацияларын, «Art&Eat» концептуал әрі өнерге бағытталған орындарды таныстырады. Көше тағамдары мен барларға арналған бағыттардан бөлек, Алматыға ғана тән ерекше тағамдар мен осы сапардың дәмі ретінде алып кетуге болатын азық-түліктік кәдесый тізімі бар.
Жобаны әзірлеушілер тамақтанатын орындарды таңдау барысында мейрамханалардың танымалдылық деңгейі мен рейтингтері ғана емес, атмосферасы, тағам сапасы мен бірегей тұжырымы қаперде болғанын айтады. Қала қонақтарына ұсынылып отырған кейбір орындар «50 Best Discovery», «The World’s 50 Best Bars», «Top-1000 Restaurants 2025» сияқты халықаралық рейтингтерге енген. Бұл да болса Алматының гастрономиялық бағыт ретіндегі мәртебесін бекемдей түседі.
Тағы бір татымды жаңалық – Алматы мен Шанхай (Қытай) туризм саласындағы серіктестікті нығайтуға ұмтылып отыр. Жақында Алматы әкімдігі халықаралық әріптестікті дамыту, қаланың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында Шанхай қаласында серіктестік туристік алаң ашуға мұрындық болды. Ауқымы кең Қытай аудиториясына бағытталған бұл салтанаттың ашылу рәсімі 2025 жылдың маусым айында «Shanghai Plaza» іскерлік орталығында өтеді. Іс-шара аясында Алматы қаласының Туризм басқармасы мен Шанхай туристік компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланған.
Серіктестік алаңның ашылуы Қытайдан келетін туристер легінің тұрақты өсуімен тұспа-тұс келіп отыр. 2024 жылдың өзінде Алматыға 95 мыңнан астам қытайлық турист келген. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 50%-ға артық. Жоба Алматы – Шанхай арасындағы гуманитарлық, іскерлік байланыстарды кеңейту туралы келісім аясында жүзеге асырылады. 2024 жылдың қараша айында екі қала арасында бауырлас қала мәртебесін орнату жөнінде Ниет хатына қол қойылды. Бұл келісімді ресми түрде бекіту 2025 жылға жоспарланған. Оған қоса Алматы мен Шанхай арасындағы тікелей әуе рейсінің ашылуы екіжақты туризмді дамытуға қосымша серпін береді. «China Eastern Airlines» әуе компаниясының тұрақты рейстері жақын арада әуеге көтеріледі.
Әңгіме әлемдік туризмнің көшіне ілесу туралы болып тұрғанда, төмендегідей қызықты мәліметтерге тоқтала кетуге болады. Жуырда «Mastercard» Экономикалық институты (MEI) дәстүрлі «Travel Trends 2025» есебін жариялады. Талдау тұрғысындағы есеп жаһандық тұтынушылық шығындарына, яғни туристер жұмсаған қаражатқа негізделген. Тұтынушылардың әрекетіне валюта бағамдары мен геосаяси жағдайлар әсер етеді әрі туристік саланы қалыптастырып отырған басты факторларды – адамдардың қызығушылықтары мен мақсатты туризмге деген ұмтылысын көрсетеді.
Сонымен, 2024 жылдың есебіне көз жүгіртсек, саяхатшыларды Намибиядағы сауықтыру ретриттері, Ыстанбұлдың аспаздық алуандығы мен Сауд Арабиясындағы жаңа демалыс орталықтары қызықтырған. Сол сияқты спорттағы жаһандану үдерісі әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерді ірі спорттық оқиғалар айналасында тоғыстырып отыр. Мысалы, 2024 жылы «Реал» мен «Боруссия» арасындағы финалдық матч неміс туристерінің шығындарын өткен жылмен салыстырғанда 61%-ға, испан туристерінің жұмсаған қаражатын 148%-ға арттырған.
Төмендегі статистика төлем карталарын ұстаушылардың агрегатталған, дербестендірілмеген транзакциялық деректеріне, сондай-ақ үшінші тарап көздерінен алынған ақпаратқа негізделген. Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка (EEMEA) аймағы бойынша негізгі тұжырымдар былай безбенделген: табиғат аясындағы шым-шытырық оқиғаларда Оңтүстік Африка (23,3%) мен Замбия (15,5%) көш бастайды. Бұл елдерде 2024 жылы ұлттық парктердің табысы туристердің жалпы шығындарындағы үлесінің арқасында осындай деңгейге көтерілген.
Ыстанбұл гастрономиялық қалалар тізімінің көшін бастап тұр. 2024 жылы қаладағы әрбір мейрамхана орташа есеппен 67 елден қонақ қабылда-ған. Сонымен қатар бұл тізімге мәдени мұрасы бай, асханасы алуан түрлі Доха, Дубай, Марракеш, Кейптаун қалалары да кіреді.
Табиғат аясынан сая тапқысы келген туристер өткен жылы көбінесе Африка елдерін таңдаған. MEI әзірлеген Сауықтыру туризмінің индексіне (WTI) сәйкес, Намибия, Оңтүстік Африка мен Ботсвана – табиғат аясындағы ретриттер, эко-қонақүйлер мен спа-демалысты қалайтындар үшін басты бағыттарға айнала бастаған. Кенияның WTI көрсеткішінің өсуі бұл елдің туристердің сұранысын қанағаттандыру жолындағы белсенді әрекеттерін көрсетеді. Әлемдік рейтингте Таиланд үшінші, Италия алтыншы орында тұр.
Өңірлік хабтарға келсек, кейінгі уақытта жүргізілген реформалар Сауд Арабиясына саяхаттауды жеңілдетіп, Джидда мен Эр-Риядқа келушілер санының артуына ықпал етіп отыр. Инвестицияны көптеп тартып, экономиканы әртараптандыру, ірі жобалардың, іскерлік туризмнің, демалыс инфрақұрылымының дамуы Корольдікті жаңа демалыс бағытына айналдырды. Жаһандық ауқымда жолаушылар ағынының ең жоғары легі Токио мен Осакада (Жапония) байқалады.
Бизнес-саяхатшылар көбінесе ЕЕМЕА өңірінің ішіндегі сапарларды жөн көреді. Бұған аралас жұмыс формалары мен геосаяси тұрақсыздық себепші болып отырған жайы бар. Британдық компаниялар ЕЕМЕА елдеріне іс-сапарларға көбірек қаражат жұмсап, соның есебінен Еуропа ішіндегі сапарлар шығынын азайта бастаған.
Валюта бағамдарының құбылуы саяхатқа әр өңірде әрқилы әсер етеді. 2024 жылы иенаның құнсыздануы Қытай туристерін Жапонияға тартып, JPY юаньға қатысты 1% әлсіреген сайын Қытайдан келетін туристік ағын 1,5%-ға артқан. Қысқасы, туризм саласының соңғы трендтері жоғарыдағы бағыттарға байланып қалды десек, қателесуіміз де ғажап емес. Әлем жиһанкездері қашан да бұрын табаны тимеген көрікті мекендерді, осы күнге дейін ауыз тиіп көрмеген ас мәзірлері мен қайталанбас әсер сыйлайтын сапарларды іздеуді жалғастыра бермек.
АЛМАТЫ