
Әкесімен бірге тұтқындалған
Мемлекет қайраткері Ж.Сәдуақасұлы 1898 жылы Ақмола уезінің Сарысу болысында, қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан қоғам өміріне белсене араласып, еліне қызмет қылуды мақсат тұтқан ол өз заманындағы қазақтың марғасқалары Сәкен Сейфоллаұлы, Абдолла Асылбеков, Дінмұхамед Әділұлы секілді азаматтармен бірге қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолында аянбай еңбек етеді. 1919 жылы Омбы большевиктерінің басшылығымен жұмыс істеген «Қазақ жастарының демократиялық кеңесі» атты астыртын ұйымды басқарады. Жан досы С.Сейфоллаұлының Колчак түрмесінен қашып шығуына жәрдемдесіп, оған жалған құжат жасап берген де сол Жанайдар еді. Бұл оқиға жазушының «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелген.
Ж.Сәдуақасұлы өзінің қысқа ғұмырында Ақмола уезінің халық сотынан бастап, 1937 жылы ұсталғанға дейін республика прокуроры және әділет халық комиссары, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісіне дейінгі түрлі жоғары лауазымды қызметтерді атқарады. 1932 жылы Ораз Жандосовпен бірге халықты аштықтан құтқару жөніндегі арнайы комиссияға жетекшілік етеді.
Осы орайда Ж.Сәдуақасұлының 1936 жылы «Социалды Қазақстан» деген атпен шыққан біздің газетіміздің жауапты редакторы болғанын да айта кету керек. Бүгінде оның портреті басылымды басқарған тұлғалар қатарында редакция төрінде ілулі тұр.
Иә, 30-жылдардың аяғы «қараңғы қазақ көгіне күн болам» деп талпынған, елі мен жеріне аянбай қызмет қылған көзі ашық жандар үшін қырын келгені тарихтан мәлім. Солардың қатарында Ж.Сәдуақасұлы да 1937 жылдың 17 қыркүйегінде «халық жауы» деген жалған айыппен қамауға алынып, 1938 жылдың 25 ақпанында жазықсыз атылған. Оның әкесі Сәдуақас Жалмақанұлы да қызыл террордың тырнағына ілігіп, әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбаны болды.
Кеудеше тарихы
Жанайдар Сәдуақасұлы 1922 жылы Елизавета Александрқызымен отау құрып, Орынбор қаласында тойын өткізеді. Сол кездегі республика басшыларының бәрі қатысқан салтанатты кешті досы Сәкен Сейфоллаұлы жүргізеді. Арада біраз жыл өткен соң тұңғыш әрі жалғыз ұлы 1935 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Оның атын да Рүстем деп С.Сейфоллаұлы қойған деседі.
Көптен күткен қуанышты естіген әкесі Сәдуақас Арқадан Алматыға арнайы барған. Тұңғыш немересін көріп, мауқын басқан ол бірнеше күннен соң қайтуға оқталғанда, баласы Жанайдар үстіне киіп отырған құрым кеудешесін сыйға тартып: «Әке, мынаны енді сіз киіңіз. Суық өткізбейтін жақсы киім. Кішкентай немереңіздің қуанышына келген құрметіңізге сыйлаймын», деп иығына жапқан екен.
Ауылға келген соң Сәдуақас Алматыдан әкелген киімді көпшілікке көрсетіп, артынша Түсей деген құдасына: «Баламның берген сайын сізге сыйлаймын», деп тарту етіпті. Кеудешені қуана қабыл алған Түсей оны аз уақыт киген. Алайда көп ұзамай қазақ зиялыларын қамауға алу басталып, «халық жауы» деген жаламен Жанайдар мен оның әкесі ұсталғанда Түсей ақсақал зияны тиіп кетер деп қауіптеніп кедеушені Сәдуақастың отбасына қайта әкеліп берген. Содан Сәдуақастың жұбайы Сара Матайқызы: «Шырақтарым, әкелеріңнің көзіндей болған киімге ие болып, өздерің киіңдер» деп оны есейген ұлдары Сағынай мен Ырзыханға табыстаса керек.
Сәдуақас Жалмақанұлының тоғыз баласы болған. Оның үлкені – Жанайдар да, кенжесінің есімі – Құрман. Осы Құрманның кенже қызы, бүгінде Жоғарғы соттың Коммуникация бөлімінің меңгерушісі болып еңбек ететін Перизат Сәдуақастың айтуынша, әкесі Құрман есейген кезде оны ағасы Ырзыхан шақырып алып: «Бұл әкеміз Сәдуақастың ағамыз Жанайдардан алған сый-құрметі еді. Екеуінен де айырылдық. Қазір мен мұны жұмысқа киіп жүрмін. Енді бұл киім өмірімнің соңына дейін менде болады. Егер мен өмірден озып кетсем, осы киімге өзің ие бол! Оны сақта, тарихын бала-шағаңа айтып отыр, бұл әкеміз бен ағамыздың көзіндей болған ең қымбат ескерткіш», деп аманаттаған екен.
1994 жылы Ырзыхан 84 жасында қайтыс болған соң, Құрман Сәдуақасұлы ағасының өсиетіне сәйкес кеудешені алып, бүгінге дейін үйінде сақтайды. 2023 жылы 21 ақпанда Ж.Сәдуақасұлының 125 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты мерейтойлық іс-шарада кеудеше тұңғыш рет көрмеге қойылып, оны «АЛЖИР» музей-мемориал кешеніне табыс еткен.