
Б.Ержановтың мектепте мұғалім болып жүрген кезінен бір естелік
«Байғұс-ау, он сегізге жасың келді,
Әр түр муһим істен пайда алатын.
Миләтке күн-түн демей пікірін шаш,
Өткізбей қараңғылықта жастық шақты.
Өзгеден қазақ сорлы артта қалып,
Кезі екен дін, дүниесі қалған кеміп,
Тарылған бұл қазақтың дін, дүниесін,
Жігіттер, келіңіздер кеңітелік»,
депті ол 1914 жылы жылы Қазанда шыққан «Тұр, қазақ!» жинағында. Өлеңнің көркемдігі жоғары болмағанымен, мазмұны ғажап, ұлтына жаны ашып, шырылдаған ұланның сөзі.
«Тұр, қазақтан» басқа оның «Оқуға махаббат» деген негізгі өлеңдері жастарды білім алуға, өнер білуге шақырған, білімнің артықшылығын дәріптеген өлеңдер жинағы да шыққан. Ол тек өлеңдер емес, «Есентай» атты пьеса да жазған. Өлеңдері мен мақалалары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттеріне, кейін Қызылжарда шығып тұрған «Жас азамат» газетіне жиі басылып тұрған. Мысалы, «Жас азаматтың» бір санында оның «Земствоның қысқаша жәйі» деген танымдық мақаласы жарияланыпты. Жазушы С.Мұқановтың жазуына қарағанда, ол әдебиет үйірмелеріне пьесалар жазумен айналысқан.
Филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше Байбатырдың «Айқап» журналына ұсынған бір жұмбағы туралы былай жазады: «Айқап» журналының мазмұнды, оқырман үшін қызықты жарияланымдары аз емес. Мысалы, 1914 жылғы оныншы санында оқырманға бірнеше жұмбақ ұсынғаны бар. Байбатыр Ержанов жолдаған сол жұмбақтың бірі мынадай еді:
«Бала көтеріп тұрған қатынға бipey:
– Бұл көтеріп тұрған бала өзіңізге қай жағынан жақын болады? – деп сұрағанда, қатын:
– Баламның баласы, байымның інісі деп жауап береді, бұл қалай?»
Осы жұмбақты Бимұхамет (Бейімбет) Майлин шешіпті. Жауабы мынадай екен: «Мысалы, бip баласы бар тұл қатын бip күңді ер жеткен баласымен сатып алады. Содан соң күңнің баласын азат қылып, өзі соған тиеді. Қожа қатынның баласы күңіне жақындық қылса, содан туған бала – баласының баласы, байының ініci болады». («Қазақ», 1998, 228-бет).
Байбатыр Ержановтың туған жылы туралы деректер әртүрлі. Бір жазбаларда оны 1892 жыл, тағы біреулерінде 1897 жыл деп көрсетеді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова тапқан анкеталық құжатта ол 1897 жылы туған деп көрсетілген екен. Бұл құжат Шығыс Қазақстан облыстық НКВД-сының 1935 жылы Семей қаласындағы Совет көшесі, 99 үйде тұрған Байбатырды алғаш рет тұтқындағанда толтырылған. Алайда бұл құжатта Байбатыр туған жерін Қарағанды облысы Тұңғиық ауылы деп көрсетіпті. Есіл ер туған-туыстарына зияны тиіп кетпес үшін туған жерім деп мүлде басқа мекенді айтқан екен.
Байбатыр Ержановтың шын туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Тауағаш ауылы, бұрын ол Қарағанды облысы Преснов ауданына қарайтын. 1932 жылы Қарағанды облысы құрылғанда оның құрамына қазіргі Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары еніп, орталығы Петропавл қаласы болған.
Байбатырдың арғы түбі керейдің танаш деген атасынан тарайды. Оның ішінде тарышыдан тарайтын ұрпақ. Осы тарышыдан біраз ұрпақ тараған соң Самай деген баласынан Дүйсенбі, одан Тәттібай туған. Соңғының екінші ұлы Құлантайдан Сәдірбай, одан Құлақбай туады. Құлақбайдан Байбатырдың әкесі Смайыл, Ербатыр және Ержан туады. Алайда Байбатыр әкесінің інісі Ержанның бауырында өседі. Бұл тұқым орта дәулетті, өз мал-мүлкімен өмір сүрген жандар екен. Сондықтан балаларын оқытуға мүмкіндігі болыпты. Байбатырдың Қызылжардың медресесін бітіріп жүргені де сол. Ал ол кездегі медреселерде діннен басқа он шақты пән оқытылған, соның ішінде араб, парсы, татар тілдерімен қатар орыс тілі де үйретіледі екен. Ал зайырлы пәндерден география, математика, жаратылыстану, тарих оқытылып, тәртібі қатаң болған. Ол кездегі солтүстік қазақтарының негізінен оқитын орындары – Қызылжардағы Бегішев, Троицкідегі «Уазифа», сосын Уфадағы «Ғалия» медреселері. Оқуды өздері іздеп, аңсап барған жастар болғандықтан медреселердің түлектері сол кездің бағамымен ештеңеге алаңдамай терең білім алып шыққан. Байбатыр осылардың ішінен «Уазифа» медресесін бітірген мұғалім болады. Анкеталық сауалнамада ол өзінің мамандығы туралы «религиозный учитель» деп көрсетіпті.
Байбатырдың бірде Ержанов, тағы бірде атасы Құлақбаевтың атын көрсетіп, кейде әкесі Смайылов болып жазылып жүргенінің себебі, жоғарыда айтқанымыздай, әкесінің інісінің бауырында өскендіктен. Байбатырдың өз кіндігінен Едіге, Тельман деген ұлдары, Роза деген қызы болған. Аталған анкетада әйелі Маржан да көрсетіліп, оның 22 жаста екені жазылған. Бұл Байбатырдың екінші әйелі болуы керек, өйткені үлкен ұлы Едігенің өзі сол кезде 12 жаста. Байбатырдың Едіге деген ұлынан Қайыр, одан Ерлан, Нариман деген ұлдар бар. Ал Тельманнан Еркебұлан есімді ұл бар.
Солтүстік Қазақстан облыстық архивінен алынған анықтамаға қарағанда Ақмола губерниялық оқу басқармасының 1925 жылғы 21 ақпандағы бұйрығына қарағанда ол №1 қазақ мектебінің меңгерушісі болып тағайындалған. Бұл мектеп Петропавл қаласының Ямская көшесіндегі №76 үйде орналасқан. 1927 жылғы құжатта да ол осы мектеп мұғалімдерінің тізімінде және бұрынғы меңгерушілік орнында екені көрсетілген. Одан әрі облыс бір болғандықтан Байбатыр Ақмола мұсылмандары педагогикалық курсына мұғалім болуға ауыстырылады.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан большевиктер өкіметті түпкілікті басып алғаннан кейін өзінің жақтастарына енді компартияның қатарына кіріп алып, ұлтқа қызмет етуге шақырғаны белгілі. Байбатыр да осы бастаманы қолдап, партия қатарына өткен екен. 1931–1932 жылдары елді қолдан орнаған аштық жайлағанда ол Қарағанды облысындағы кеншілер қаласы Степнякқа ауысып, осындағы зауыт-фабрика мектебінде сабақ береді. Уикипедияда Байбатырдың осыдан әрі Ақмола облысы Ерейментау ауданында алтын кенінде директордың орынбасары болып қызмет істегенін жазады. Ал одан әрі Байбатырдың Семей қаласындағы Қазақ тау-кен геологиялық барлау техникумында мұғалім қызметін атқарғаны айтылады. Бұл оқу орны геологтерді даярлау үшін 1932 жылы ашылған жалғыз оқу орны болатын. Байбатыр Ержанов осында 1933–1935 жылдары мұғалім, директордың орынбасары, дайындық курсының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы қызметте жүргенде ол 1935 жылдың 14 желтоқсанында атақты 58-баппен тұтқындалған. Тергеу уақыты 2 айға созылып, 1936 жылдың 21 ақпанында 8 жылға сотталыпты. Осы кезеңде ол «Колхоз үшін» деген шығармасын жазады. Кейінгі зерттеушілердің қолына оның «Өлім құшты» деген бөлімі ғана тиген.
Артынан, 1960 жылғы ақтау қағазында Байбатыр Ержановтың 1939 жылы жүрек талмасынан түрмеде қайтыс болғаны айтылады. Қызыл қырғынның бір құрбаны болған, елім деп еңіреген бір азаматтың тағдыры осындай. Құдайға шүкір, оның артында ұрпақтары бар. Алайда есімін еске алып, жаңғырту жолында ешқандай шара жасалынбай келеді. Қызылжарда идеологиялық тұрғыдан ескірген бір көшенің аты берілсе, артық болмас еді.