Әдебиет • Кеше

Бебеу қаққан «Бес төре»

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаз мойын, саз омырау қоңыр домбыра сылқылдап жағаны сүйіп жатқан қамысты айдыннан көтеріле барып, сұңқылдап алып жөнелгендей. Дауыс салып бара жатқан домбыра ма, қоңыр қаз ба, белгісіз, әйтеуір жанды елес бейне. Қоңыр қаздың қос қанатын керіп, айдыннан аспанға көтерілгенін көрсеңіз, домбырадан бір айырмасы болсашы, шіркін.

Бебеу қаққан «Бес төре»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көмейінен әуен төгілген сол бейне суы сырылдай емініп, сылқ-сылқ күліп жатқан бейбіт айдынды неге тастап ұшты екен? Әлденеден сезіктенсе керек. Сонда да күн сәулесіне шағылысқан алаңсыз айдынды төңіректеп айнала ұшып біраз жүрді. Бейбіт даладағы құс базарына айналған қамыс-құрақты күміс көл, көк мөлдір аспан, күннің өткір сәулесі мен кеңістікті көмкеріп жатқан керемет бір жайлылық тудырған жұпар лепке тұнған мұндай ғаламатты қиып кететін емес еді ғой. Сондай бір сезімге кілкіп, нұрға қалқыған мекеннен көтерілген қоңыр қаздың көмейінен төгілген алтын әуен бара-бара босаңси мүлгіп, бір кезде тұтас даланы бауырына алып өкситіні қалай? Әлгінде әуен біркелкі сылдырай аға жөнелгенде екпінді еді ғой. Иә, әлгінде, мүмкін бір кезде... Кенесары-Наурызбай заманында сеңдей лықсып, судай тасып аққан арынды армандаған күйші жүрегіндегі аңсарлы күйдің тығыны ақтарылып кеткендей.

Тәттімбет шалған «Бес төре» осылай құйқылжып басталар еді. Біз сөзіміздің ләмінде қоңыр қаздың құйқылжып су бетінде әрі-бері ойнағанын сипаттауды ұмытыппыз ғой, тегі. Бірден күйдің ағысына түскендегі түріміз ғой. Онда өрекпіген екпін мен көтеріңкілік те, сылдырап аққан жайлылық та, беймарал тыныс та, тағысын тағылар бар. Соның бәрін бір аңғартып алады да, күй иесі әлгі ғажайыптың бәрін ұршықша бір иіріп әкеліп, жүрісінен жаңылдырып, домбыраны сәтте өксіткенде тебіреніп кетпеген қазақ қазақ емес қой. Көз жасын бір сығып алған шалқар әуен бір кезде онан әрмен рухтанып, аруақ шақырғандай өршеленеді. Сонан соң қайыра бастапқы көтеріңкі екпінге басады. Бастапқы сарынды екінші қайталағанда ептеген елегізу мен алаң қосылатындай сезіледі. Сосын қайта бір құлаштап секіртіп алады да, қайыра бір өксітіп, рух шақырып, тағы қайрала түседі. Бірақ бастапқыдай бауырын жазып еркін көсілу жоқ, жайдары, тосын лептен ада. Мұң сарынына оралған көтеріңкі екпін немесе өршеленсе де, әлдебір бөгесіндерді үзіп кете алмаған рухтың қауырт тынысын сеземіз. Ал әрі қарайғы бір қағыстарды Таласбек Әсемқұлов қырғыздың әуендерінен алынғанын айтады. Көп мөлшері емес, аз ғана үзіндісін.

Иә, Тәттімбеттің «Бес төресі» о баста «Кенесары-Наурызбай» деп тартылғаны туралы әңгіме бұған дейін де айтылған. Атақты Бегімсал күйші солай атап тартқанын Жанғали Жүзбайдың аузынан естіп едік. Енді осы жолы әлгі сөздің пәтуасына деректі жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романынан ұшырастырдық: «Қазанғап бидің басына үкілі кәмшат бөрік киіп, өне-бойына жас балаша жалтыратып күміс теңгеліктер мен сылдырмақтар тағып, өзі шауып келе жатқан атының бауырынан өтіп домбыра тартатын елде-күнде жоқ өнер шығарып жүрген сайыпқыран ұлы ай жаңасынан бері ауылда жоқ; кейде оның әкесінің алдына түсіп сұңқылдап билікке таласып, «жыны ұстап» кеткенде бойындағы әлем-жәлемін сыпырып тастап ел арасында жиі болып жататын төбелес-сайыстарға да араласып кете беретіні болатын. Бұл жолғы жоғалысының жүректі күпті етіп қойғаны – ел-елдің намысқа шабатын қызбабас жас атаулысын бөріктіріп-желіктіретін Кенесары-Наурызбай атты қос дүр шығып тұр. Бұл күндері Ертістің арғы-бергі қанаты, Ырғыз, Торғай, Бүтін Сарыарқа аймағы соларға қарап кеткен. Ол жақтарға шықсаң шартарапты торуылдап кілең қаракер ат мініп, қарағай сапты найза ұстаған түстері суық жасауыл­дар жүреді. Торқалы той, топы­рақты өлімде әңгіме болатын тағы сол екеуі. Әсіресе Кене­сарының батыр інісі Наурызбай жөнінде көп дабыра бар. Өз қа­рауындағы ­жиырма шақты жі­гіті­мен Тәт­тім­бет те әке ықтия­рын­­сыз ұр­ланып барып, Ұлы­тау­да ақ киізге көтеріп хан сай­лаған бүлікшіл төренің әске­ри қосынан бір-ақ шыққан», деген жолдар бар онда.

Осы жолдан күйшіні әкесі араға кісі сала жүріп, зорға тай­дыр­ып әкетеді. Алайда жас­тық­та серілікпен бұла өскен Тәт­тімбет өмір бойы елдік мұрат­пен өткені белгілі. Әке қалауы­мен азаттық жолындағы Кене жо­рықтарынан сырт қалға­ны­­­мен, өкініш өзегін буғаны ай­ты­­лады. Ол жолдар былай келтіріледі:

«Тәттімбет дүниеге небір жүрекжарды ғажайып күйлер әкелді. Сонда да оның: «Әлі жоқ, әлі жоқ... Шығара алатын, таба алатын емеспін... Әлі күнге менің шерменде сырым, асқақ арма­ным шертілмей жатыр», деп ай­татынын Алшынбай талай орын­дарда ести жүретін» деп бір сырғақтатады Рамазан Тоқтаров.

«Көркем шығарма автордың ертегісі» десек те, «жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайтыны» белгілі ғой. Тәттекең Кенесары жорықтарына қосылмаған күн­нің өзінде тілеулес ретінде ұлт азаттығын көксегені, қазақ­тың соңғы ханы қапыда қаза тапқанда іштей егілгені – оның өмір жолына үңілген адам сезі­нер еді. Заманында би-болыс болса да, күйші өмірін ұлт­тық мұратқа, халық жолына арнағаны байқалады. Демек «Саржайлауы» сынды «Бес төресі» де осындай өзекжарды туынды деп білеміз.