
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс спикері соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасында жоғары деңгейдегі бірқатар өзара сапар өтіп, Одақтастық қатынастар туралы және Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шарттар мен 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестік бағдарламасы сияқты тарихи құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.
«Екі ел президенттерінің саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек байланысы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге жетті. 100-ден астам келісімнен тұратын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Олар біздің қарым-қатынастарымыздың барлық саласын қамтиды. Ынтымақтастықтың жаңа форматының институционалдық негізі қаланды. Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды ілгерілету үшін нақты міндеттер қойды», деді Ерлан Қошанов.
Кездесуде парламентаралық ықпалдастықтың даму қарқынына ерекше мән берілді. Мәжіліс төрағасы екіжақты байланысты нығайтуда көпжақты форматтардың маңызын айтып, Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумы мен әйелдер диалогының оң нәтижелерін атап өтті. Іске асырылған бастамалар қатарында Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы, Орталық Азия елдері әйелдері диалогы аясындағы іс-шаралар және Ташкент қаласында табысты өткен Халықаралық Парламентаралық Одақтың 150-ші Ассамблеясы бар.
Өз кезегінде, Нуриддин Исмоилов парламентаралық диалог елдер арасындағы сенімді нығайтудың маңызды факторы екенін және мемлекет басшыларының стратегиялық келісімдерін жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтты.
«Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің форматы жүйелі әрі практикалық мәні зор. Парламенттік диалог мемлекетаралық ынтымақтастыққа ілесіп қана қоймай, сонымен қатар оны нығайтуға, экономика, әлеуметтік сала, білім беру және гуманитарлық бағыттағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ықпал етуге тиіс деген пікірдеміз», деді Олий Мажлис Заң шығару палатасының спикері.
Кеңестің күн тәртібінде экономикалық, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы серіктестіктің болашағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды. Сауда айналымын 2030 жылға қарай 10 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті қойылып, бұл бағытта заңнамалық қолдаудың қажеттігі айтылды.
Тараптар сауда-экономика мен аграрлық салалардағы серіктестікті кеңейту, мәдениет пен білім бағытындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау, экология, энергетика және су ресурстары мәселелерін бірлесіп шешу бойынша екі ел көшбасшылары арасындағы келісімдерді іске асыруда ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері күн тәртібіндегі басым бағыттарға назар аударды. Олардың қатарында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті де бар. Депутаттар осы межеге тезірек қол жеткізу үшін қажетті заңнамалық шараларды талқылады.
«Бүгінде Қазақстан Өзбекстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын 4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Соңғы жылдары өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші өнеркәсіптік кооперация, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы және логистика болып отыр», деді Ерлан Қошанов.
Атап айтқанда, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі, Қызылорда – Үшқұдық көлік бағыты және Ташкент маңындағы логистика орталығы сияқты инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар қонақтарға Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының тапсырмалары негізінде жүзеге асқан бірлескен зауыттар мен өндірістік кешендер таныстырылды.
Сонымен қатар Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисының Заң шығарушы палатасы делегациясына Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің тапсырмаларын орындау бойынша жүзеге асырылған өнеркәсіптік жобалар таныстырылды. Олардың ішінде бірқатар бірлескен кәсіпорын бар. Атап айтқанда, Қостанай облысындағы автокөлік зауыты, Қарағанды облысындағы тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын мен Шымкент қаласындағы медициналық бұйымдар өндірісімен айналысатын зауыт. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға Алматы маңында орналасқан Alatau City – инновациялық қаласы және «Жаңа Жібек жолы» бойындағы жаһандық туристік орталығы таныстырылды. Жобаның алғашқы кезегін іске қосу 2030 жылға жоспарланған. Alatau City жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етіп, өңірдегі даму орталығына айналуға тиіс.
Жұмыс сапарының бағдарламасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында орналасқан Farabi HUB жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамыту платформасына және Алматы қаласының мәдени нысандарына бару жоспарланған.