Ауыл • Кеше

Торғай төріндегі ерекше ауыл

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аманкелді ауданында «Қазақ ауылы» деп аталатын мәде-ни-танымдық жоба басталды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа жоба қазақтың көнеден үзілмей жет­кен салт-дәстүрін, ұлт­тық дүниетанымын дәріп­теуді көздейді.

Торғай төріндегі ерекше ауыл

«Қазақ ауылының» ашылу рәсімі Аманкелді кентінің іргесіндегі «Тәж-Торғай» туристік кешенінде өтті. Салтанатты іс-шараға жергі­лікті тұрғындар, мұғалімдер, оқу­шылар, алыс-жақыннан келген меймандар қатысты.

Көпшілік 50 қобызшы мен 50 домбырашы қосылып орындаған күй шеруін тамсана тыңдап, өнер­паздарға қошемет көрсетті.

аа

Жоба авторларының айтуынша, мұнда балалар мен жасөспірімдер асық атып, атқа мініп, тай үйретуге жаттығады. Ұсталыққа, қолөнерге үйренеді. Қыз балалар жүн түтіп, жіп иіріп, құрақ құрап, күбі пісіп, май шайқап, құрт сығып неше түрлі ұлт­тық тағамдарды әзірлеуге ма­шық­танады.

Жергілікті тұрғындардың үл­кен мерекесіне айналған іс-шара барысында ақ шаңқан киіз үйлер бой түзеп, этнографиялық жәдігер­лердің көрмесі ашылды. Үлкен-кіші қосылып асық атып ойнады.

Ауыл іргесіндегі мерекеге талай жылдан бері осы «Тәж-Торғай» туристік кешенін бастан-аяқ салып бітіремін деп шапқылап жүрген белгілі меценат Сапар Ысқақов ағамыз да арнайы келіпті.

«Қазақтың бай рухани мұрасын ұрпақ жадында сақтап қалудың бір жолы – осындай жобалар. Ауылдың болмысын, салттың сәнін көзімен көрген бала – ел мен жердің қадірін білетін азамат болып өседі», дейді Сапар Ысқақұлы.

 

Қостанай облысы