Әдебиет • 29 Мамыр, 2025

Алаш мұрасына адал ару

90 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Шағангүл Алдамжарқызы! Осынау есім-сойы ерекше қыз ескінің есебімен айтсақ, бүгінде екі жастың біріне енді жетті. Аз ба, көп пе осынау саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Әсіресе, білім саласының білікті маман екені баршаға мәлім.

Алаш мұрасына адал ару

 

Колледжді көтерген басшы

Абай елі айырықша ардақтайтын, халқы сүйіп құрметтейтін Шаған Жанаева бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің біліктілігі бірінші санатты басшысы, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің жоғары білікті оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚПҒА-ның корреспондент мүшесі. 1992 жылдан қазірге дейін 33 жыл табан аудармай, Алаштың алғашқы білім ордасы – Патша заманында мұғалімдер семинариясы болған ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында еңбек етіп келе жатқан зияткер һәм қайраткер тұлға. Еңбек адамының ең бір ерекше мысалы да осы Шаған апай. Ол колледжде әуелі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін 18 жыл атқарып, 2010 жылы директор лауазымына тағайындалғаннан кейін оқу ордасы заманауи талапқа сай жабдықталып, жаңа типті білім беру мекемесіне айналуына зор үлес қосқанын Семей жұрты жақсы біледі.

Ол әуелі Әуезов колледжінің қазақ тарихындағы орны ерекше екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп қана қоймай, тарихи ғимараттың әр кірпішіне дейін көзінің қарашығындай қорғап, Алаш аманатын ұрпаққа саф күйінде жеткізді. Шаған Алдамжарқызы колледжді көркейтуде «жоғары жақ не береді» деп жалтақтап отырмай, кәсіпкер-меценат азаматтарды менеджерлікпен тарта білді. Соның нәтижесінде, оқу орнының материалдық базасы жақсарды. Колледжге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың есімі берілген 34 атаулы кабинет, оның 20-ы демеушілікпен ашылған. Білім ордасында әйгілі жазушы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған зал және колледждің семинария кезеңінде оқыған, еңбек еткен Алаш ардақтыларының тарихынан сыр шертетін музей жұмыс істеп тұр. Бұған қоса былтыр «Қаражыра» АҚ компаниясының демеушілігімен екі қабатты зәулім сарай – рухани орталық ғимараты бой көтерді. Бұл «Ес-Аймақ» деп аталады. Олай аталуы да тегін емес, тарихтан тамыр тарып жатыр. Міне, мұның бәрі Шаған апайдың іскер басшы ғана емес, қазақтың білім-ғылымын қызғыштай қорыған жанашыр жан екенін көрсетеді. Қазір барып көрсеңіз, көнеден жеткен колледждің айналасы құдды бір кинодағы Гарвард қалашығы іспетті. Бұрынғы мен бүгінгінің әсем үйлесімділігін байқаймыз.

2022 жыл Алаш шаһары үшін ерекше қуанышқа толы жыл болды. Бұрынғы тайған бақ қайта келіп қонғандай, облыс мәртебесі беріліп, Абай елі бөркін аспанға атты. Сол жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында болып, Алаштың тұңғыш білім ордасы болған оқу орнына арнайы барды. Колледжді көріп, ұжымының еңбегіне жоғары баға бергені бар.1

«Семей – Ұлы Даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қасиетті өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің, тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханиятының қайнар жері деп ерекше қадірлейді», деген еді Президент.

Колледждегі Шаған апайдың педагог ретінде, білікті басшы ретіндегі еңбегін Президенттің сөзімен түйіндейін.

Ұлы кітаптарға бөленген бөпе

Шаған өзенінің бойында туып, Құндызды жерінде  тәй-тәй басқан Шаған Алдамжарқызының ғұмырнамасына аз-кем шегініс жасайық. Ол қой шаруашылығының жоғары білікті бонитері, зоотехник-селекционер, экономист Алдамжар Жанаев пен кітапханашы Жұмаш Кенжалықызының отбасында бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Қызыл Ту аулында 1965 жылы 2 маусымда дүниеге келген. Әкесі Алдекең де Абай еліне сыйлы, мал шаруашылығының білікті маманы, экономист, үлгілі әке болғаны туралы басылым беттерінде бәдізделіпті. Ақын Төлеужан Ысмайловпен дос-жарлығы – балаларының әдебиетке жақын болуына әсер етті ме екен, Гүлжамал, Нұржамал, Шағангүл үшеуі де филолог болып шығады. Кішкентай Шаған бесігінде жатып-ақ, қалың кітаптың арасында құндақталыпты. Ол заманда бала тудым екен деп қазіргідей жылдап декреттік демалыста болатын заман емес, анасы марқұм Жұмаш апамыз екі айлық Шағанды алып, жұмысқа шығып кетеді екен. Әйгілі Борхес жұмаққа балайтын, Әбіш Кекілбайұлы адамды адамзат еткен дейтін, ақын Талғат Ешенұлы «Жүрегі бар жалғыз үй» дейтін киелі орын – кітапханада қарақұлақтанған Шағанға кітап иісі ерте сіңеді.

1986 жылы Семейдің Н.К. Крупская атындағы пединститутын (қазіргі Шәкәрім университеті) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша қызыл дипломмен үздік бітіріп, 1986 жылы Абай ауданы Құндызды орта мектебінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.

Аманат арқалаған тұлға

1988 жылы Семей қаласына келіп Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында үлкен еңбекке араласады.

– Тоқсаныншы тоқырау жылдар. Бір күні келе жатсам, сәкіде отырған әйгілі академик, ұстазым Қайым Мұхаметханов ағайға жолығып қалдым, – деп еске алады Шаған апай. – Бірден тани кетті. «Сен Жанаевасың ғой?» дейді. Содан мені жетелеп Абай мұражайын басқарған Төкен Ибрагимов ағайға алып барды. «Мына қызға қалай да бір орын тауып бер» деді. Әуелі хатшылық жұмыстан бастап, бөлім меңгерушісіне дейін көтерілдім.

Осылайша Шағангүлге Абайдың нұры сіңіп, білікті маман болып қалыптасады.

– Кешегі Алаштың жұрнағындай, қазақтың ұстазы, зиялысы, өзінің жүріс-тұрысымен де, адамдармен қарым-қатынасымен де үлкен құрметке лайық Нәубат Қалиев, отыз жылдан астам уақыт бойы Абай мұражайын басқарған Төкен Ибрагимов, сондай-ақ, ғылым жолына жетелеген, ғылыми кандидаттық жұмысыма жетекшілік еткен – Арап Сіләмұлы, ұстазым Қинаят Шаяхметұлы сияқты ағаларымыздың үлгі-өнегесін көргенімді мақтан тұтамын. 1992 жылы Абай мұражайында еңбек етіп жүргенімде, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов білім алған қара шаңыраққа қызметке келуіме ең алғаш Нәубат аға себеп болған еді, – дейді ол.

2Осы аралықта педагогика мен мәдениет саласына қатысты талай тағылымды мақалалары облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда («Егемен Қазақстан», «Қазақстан мектебі», «Қазақ әдебиеті», «Ертіс өңірі», «Дидар», «Семей таңы») ұдайы жарияланып тұрады. Қаламгерлігімен қабат, Шаған Алдамжарқызының ғылыми еңбектері де жетерлік. Өзінің басшылығымен 2013 жылы оқу орнының тарихына арналған «Алаштың білім ордасы» атты тарихи-танымдық кітаптың І томдығы, 2018 жылы ІІ томдығы, 2024 жылы ІІІ томдығы «Атамұра» баспасынан жарық көрді.  Бұған қоса 2007 жылы «Құбалаң замандағы құпия өлеңдер» монографиясы, 2015 жылы «Қоңыраулы жылдар күмбірі» («Фолиант» баспасы) атты кітабы шықты.

Республика көлемінде тың тәжірибе ретінде таратылған «Ұлағат» ұлттық тәрбие жүйесінің  және Алаш идеясы негізінде рухани білім беруді, студенттердің ғылыми-іздену дағдысын дамытуды қамтамасыз ететін зияткерлік әлеует қалыптастыру мақсатындағы «Зерде» ғылыми – интеллектуалдық жобасының авторы.

Колледжде Шаған Алдамжарқызының бастамасымен «Жетім» статусымен білім алып жатқан студентке қайырымдылық қоры ұйымдастырылып, жиналған қаражатқа баспана алып беру дәстүрі қалыптасқан. Нәтижесінде колледждің бірнеше түлегі баспаналы болды. Осылайша М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымы ШҚО әкімінің «Мейірім – 2016» сертификатымен, «Шығыс Қазақстан облысы балаларының досы» белгісімен марапатталды. Осынау жылы жүректен шыққан үлкен қамқорлық пен іскерлікке қарап, еріксіз «Жүзіңді көрген сайын, жүректі алақан ғып, қол соғамын...», демеске амал жоқ.

Бүгінде Шаған Алдамжарқызы колледждегі директорлық қызметін абыроймен атқара жүріп, өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген іскер азаматтардың бірі. Аймақтағы  қазақ мәдени-әлеуметтік орталығының төрайымы, Абай облысы әкімі жанындағы  Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі, Абай облыстық мәслихатының 8-ші шақырылымының депутаты, облыстық мәслихаттағы «Аманат» партиясы депутаттық Фракциясының төрағасы.

Ақынның  жары

Әлем әдебиетіндегі Пушкина, Толстаяларды айтпағанда, қайраткер Нәзипа Құлжанова, кешегі Әбіштің жары – Клара, М.Мағауиннің жары – Бақытжамал апаларымыз, ақын Сұраған Рақметұлының жары – Раушан жеңгеміз т.б әйгілі ақын-жазушылардың қосағы туралы небір жылы естеліктер айтылып жатады. Осы қатарда – Шаған апайымыз да бар.

Тыңнан түрен салып, аймақта жатып-ақ  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған, өзіндік мектебі қалыптасқан  белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы  –  қазақ әдебиетінде орны ерекше, мәнері бөлекше тұлға. Үлкен қалалардан жырақ, әдеби орта дейтін шу-шұрқаннан саяқ жүретін,  Әбішше айтсақ «біртүрлі ақынның» адал  жары, адал досы, мәңгілік музасы, бірінші оқырманы да осы – Шаған апайымыз. Кезінде «Ақшам хаттары» деген пышақтың қырындай жыр жинақ пышақ үстінде таралып, әдебиет сүйер қауым жата-жастана оқығаны есімізде. Сол бір «дүрбелең» тудырған дүние Шаған апайымызға арналғанын айта кету әбестік болмас.

Ақынның жары болу қиын дейтіндерге адал жар былай жауап қайтарады: «Тыныштықбек – ойдың ақыны. Мінез-бітімі ерекше адам. Өлең жазғаннан кейін, кейде маған оқытады. Қандай жағдайда болсам да, мейлі, шаршап отырсам да оқимын. Оқып отырғанымда қабағыма қарап, пікір айтуымды күтіп отырады. Кейде өлең жолдары түсінікті болса да, түйсікпен талдап айта алмайтын жайттар кездеседі. Ондай жағдайда өзімнің жеке пікірімді айтуды жөн көремін, сонда «осыны өзім де күтіп отырған едім» деп қуанып қалады», – дейді Шаған Алдамжарқызы.

Ал, Тыныш ағамыз: «Білемін, жұрт әуресі – пендешілік... Өтінем, осалдыққа бермеші ырық. Мен сенсіз: буынсыз тіл болсам да, қаламын демде сынып...» деп жырлайды.

Мұны қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақов ағамыздың сөзімен түйіндейін. «Жұлдыз» журналында жарияланған (2011 жыл, №9) «Келмес күндер елесі» роман-эссесінде жазушы былай дейді: «...әулие Абайдың 165 жылдық мерейтойы Өскеменде дүрілдеп өтті. Салтанат Өскеменде өтсе, теориялық конференция Семейде жалғасты. Ертеңіне зиярат етіп қайтуға Жидебайға тарттық. Жолбасшымыз да, жолдасымыз да М. Әуезов атындағы колледждің директоры Шағангүл Жанаева, ақын Тыныштықбектің жары, филология ғылымының кандидаты, мен білетін ақындардың қосағына ұқсамайтын ер мінезді жан екен: парасаты бір азаматқа жүк болар, арзан әзілден, орынсыз қалжыңнан бойын аулақ ұстайтын, әңгіме-дүкенге әзір, кез келген ситуацияда өзін еркін сезінетін салиқалы бәйбішені таныдық».

P.S. Оның туған жері – Абай туған топырақ.  Ұстазы – абайтанушы, академик Қайым Мұхамедханов. Қызметі – Алаштың тұңғыш білім ордасы –  Әуезов колледжі. Жолдасы – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Арасы үзілмеген алтын шынжыр. Бұл – Тәңірдің түсірген нұры, артқан жүгі. «Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..» Жасай бер, Алаштың қызы, «қара өлеңнің келіні»!

 

Абай облысы