
Журда осындай қатердің алдын алу мақсатында аталмыш медициналық мекеме AYALA қайырымдылық қоры мен Шығыстүстімет компаниясының қолдауымен заманауи офтальмоскоп құрылғысымен жабдықталды. Бұл енді қалада жаңа туған сәбилердің көру қабілетін тесеруге мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде 500-ден астам нәрестенің көздері тексерілген.
Жаңа туған сәбилердің көзін тексеру – көп жерде күн тәртібінен тыс қалып жататын мәселе. Ал Семейдегі перинаталдық орталық бұл бағытты жолға қоюға тырысып келеді. Қазір мұнда көздің ішкі тор қабығын толық зерттеуге мүмкіндік беретін офтальмоскоп құрылғысы жұмыс істеп тұр. Ол перинаталдық орталық жанындағы катамнез кабинетіне қойылған. Яғни бала үйіне шыққаннан кейін де бақылау жалғасады.
– Бұрын бұл құрылғы болмаған кезде ата-аналар сәбилерін облыс орталығынан сыртқа апаруға мәжбүр болатын. Енді тексеру де, ем де осында жасалады. Қазірдің өзінде 500-ден астам бала тексеруден өтті, – дейді катамнез кабинетіндегі дәрігерлер.
Демеушілер шала туған балаларда жиі кездесетін ретинопатияның агрессивті түрін емдеуге қажетті «Луцентис» препаратының 15 ампуласын сатып алуға да қаржы бөліп отыр.
– Абай облысында дүниеге келген нәрестелердің денсаулығын сақтауға және оларды көру мүмкіндігін жақсартуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Балалар денсаулығын қорғауға бағытталған жобалар – еліміздің тұрақты дамуына қолдау көрсететін әлеуметтік бастамаларымыздың маңызды бір бөлігі, – дейді компания өкілі Вячеслав Якупов.
2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Әлемді көремін» жобасы аясында AYALA қоры еліміздегі 23 медициналық мекемеге 12 ретиналды камера, 6 лазерлік құрылғы, 17 офтальмоскоп және 163 ампула «Луцентис» препаратын табыстады. Нәтижесінде Қазақстанда шала туған нәрестелер арасындағы көру қабілетінің жоғалу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді.
Абай облысы