Мәдениет • 29 Мамыр, 2025

«Пиноккио» қазақша сөйлейді

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атақты италиялық жазушы Карло Коллодидің аңызға айналған «Пиноккио» ертегісі қазақ тіліне аударылады. Кішкентай оқырманға арналған классикалық шығарманы тәржімалауды Алматыдағы Италия мәдениет институты қолға алмақ, деп жазады Egemen.kz.

«Пиноккио» қазақша сөйлейді

Аталған ұжымның бастамасымен жақында ғана Италия мультфильмінің кейіпкері Джеронимо Стилтон есімді тышқанның «Италияға саяхаты» да қазақ тіліне аударылды. Ал «Пиноккио» ертегісі оқырманға келер жылы жол тартпақ. Сондай-ақ бұл шығарма Алматыдағы №199 мектеп-гимназиясында сахналанды. Мұнда институттың қолдауымен италиян тіліндегі балалар театры жұмыс істейді. Оқушылар Дантенің «Құдіретті комедиясынан» бастап Марко Полоның шытырманға тола саяхатына дейін қойды.

«Біз небәрі 18 ай жұмыс істеп келеміз. Бірақ Spazio D атты маңызды жобаны жүзеге асырдық. Бұл – дизайндағы инновацияларға арналған кеңістік. Мұнда италиялық және қазақстандық авторлардың шығармашылығы байланыс тапты. Екіжақты әріптестікке басымдық береміз. Жақын арада Венеция галереясына қатысқан қазақстандық суретшілердің жұмыстарына арналған көрме ұйымдастырамыз», дейді Алматыдағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Крисафулли.

Айта кетейік, аталған институт ашылған сәттен бастап бірқатар мәдени шараны ұйымдастырып келеді. Солардың бірі – Астанадағы Ұлттық музейде Леонардо да Винчидің түпнұсқа туындыларының көрмесі. Мұндай іс-шараны ауқымы жағынан тек Токиода өтетін көрмелермен салыстыруға болады. Бұл Қазақстанның мәдени серіктес ретіндегі маңызын айқындайды.