Туризм • 29 Мамыр, 2025

Жамбыл облысында 25 туристік жоба жүзеге асады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын өркендету туралы тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар қолға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбыл облысында 25 туристік жоба жүзеге асады

Өңірдің туризм саласын ілгерілету мақсатында жалпы құны 17,6 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны іске асырудың нәтижесінде,  350 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Осы жылы туристердің сұранысын қанағаттандыратын 3 демалыс аймағын іске қосу бойынша нақты жұмыстар жасалды.

Жоғарыда айтылған жобалардың алғашқысы іске қосылды. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде орналасқан «Көне Қамал» қорғаны салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан этно-тарихи кешеннің жалғасы. Жаңа нысанның оң жақ қабырғасы жасанды тастармен әдіптелген. Ұзындығы 220 метрді құрайтын қорғанмен қоршалған. Мұнда ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көріністері уақыт сұранысына сай көркем бейнелермен толықтырылған.

Қазіргі кезде өңірде 18 туристік бизнес субъектісіне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Жалпы, облыс аумағында 40 туристік нысан бар. Оларға келетін туристерді қолдау үшін 10 жаңа туристік маршрут әзірленген. Қазір осы маршруттағы нысандардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы ұзындығы 34,8 шақырымды құрайтын 3 туристік нысанға апаратын жол құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жол салу жұмыстары қарқын алды.

Мәселен, Жуалы ауданындағы «Көксай Resort» демалыс орталығына баратын автожолдың құрылысы (19,5 шақырым) осы жылдың маусым айының басында толық аяқталады деп жоспарланған.

Жамбыл ауданындағы «Таскөл» туристік нысанына дейінгі 2,8 шақырым жерге жол төселді. Қазіргі таңда жол жиегі абаттандырылып жатыр.

Сондай-ақ «Алмалы» демалыс орнына апаратын 12,5 шақырым жолдың 7,5 шақырымы төселіп, айналасы абаттандырылды. Қалған 5 шақырым жол құрылысын маусым айына дейін аяқтау көзделіп отыр.

 Жамбыл облысы