
Еліміздің бірқатар өңірі, көршілес Қырғызстаннан келген ардагерлердің басын қосқан жарыстың ашылу салтанатында техника ғылымдарының докторлары Ишенбек Жақыпбеков пен Нұрлан Айтымбетов, Құрметті құрылысшы Тоқмағамет Ибрагимов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қаныбек Қалдыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жетісу облысы бильярд федерациясының президенті Тоқтар Есімов Жақсықұл Мырзахметұлына облыс әкімі мен Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Алғысхатын табыс етті.
Жекелеген сайыста Қырғызстаннан келген «Қара балта» командасының мүшесі Олег Кимге тең келер ешкім болмады. Ол бас жүлдемен қатар 150 000 теңгені еншіледі. Күміс медаль, 100 000 теңге Шымкенттің «Тұран» клубының ойыншысы Алик Махановқа бұйырды. Жергілікті «Коронаның» марқасқасы Мұрат Жайлаубаев қола медаль, 50 000 теңгені иеленді.
Командалық бәсекеде 14 ұжым шеберлік байқасты. Солардың арасынан Алматының «Коронасы» озып шықты. 700 000 теңгені олжалаған жеңімпаздардың сапында Қаныбек Қалдыбаев, Артықбай Санақұлов, Панабек Сарғалдақов, Мұратқан Шәйдемов, Мұрат Жайлаубаев, Валерий Мусиенко, Алым Машуров сынды бильярдшылар асқан шеберлік танытты. Оларды жарысқа Ғабиден Қайымсұлтанов баптап әкелді. Финалда «Корона» Талдықорғанның «Жетісу-1» клубын қапы қалдырды. Қырғызстанның «Қара балтасы» үздік үштікті түйіндеді.
АЛМАТЫ