Мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлықтың жолын кесу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Ведомство әсіресе алдын алу шараларына баса мән беруде – сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің жоспарлы бағаларын негізсіз көтеруге қатысты мониторинг күшейтілген.
«2025 жылдың алғашқы бес айында жалпы құны 29 млрд теңгеге жуық заңбұзушылық фактілері анықталды. Оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалған соманы (22,6 млрд теңге) тапсырыс берушілер қайта қарап, олар бойынша жоспарлы бағалар төмендеді немесе сатып алынатын тауарлар көлемі ұлғайды (2024 жылы 55 млрд теңгеге артық өсім анықталды, оның ішінде 26 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, 29 млрд теңгеге сатып алу қайта қаралды). Жалпы, жобаны іске асыру басталғаннан бері (2019 ж) 224,7 млрд теңге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол берілмеді», делінген хабарламада.
Алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыс жандандырылды. Агенттіктің мониторингі барысында анықталған барлық құқықбұзушылық белгілері тиісті мемлекеттік аудит органдарына жолданып, әкімшілік хаттама толтыруға негіз болады. Бұл бағытта нақты нәтижелер байқалуда: 2024 жылы бар болғаны 22 заңбұзушылық тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы кезеңінде олардың саны 95-ке жеткен.
Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Агенттіктің бірқатар ұсынымдары «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңда іске асырылды (01.01.2025 ж. бастап күшіне енді). Мәселен, «ҚБП» форматында қағаз түрінде сатып алу алынып тасталды (құқықтық тәртіп пен Ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктерін қоспағанда), зияткерлік меншік объектілерін сатып алу бойынша шектеулер енгізілді (оларды сатып алуға монополияға қарсы органның осындай тауарлар мен қызметтерді өндірушілердің жоқтығы туралы қорытындысы болған кезде ғана жол беріледі), сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың сатып алуға қатысуға тыйым салу белгіленді.
Агенттіктің бастамасы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін баптың ведомстволық бағыныстылығы айқындалды (бұған дейін ӘҚБтК-нің 207-1-бабы бойынша орган айқындалмаған болатын, осыған байланысты норма жұмыс істемеген, қазір уәкілетті орган ретінде Қаржы министрлігін айқындаған).
Мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру жұмыстары жалғасып келеді. Жүргізілген талдаулар шеңберінде, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша осы бағыттағы алдын алу шаралары бойынша жаңа ұсыныстар әзірленіп жатыр. Оларды кезең-кезеңімен іске асыру мақсатында биылғы жылдың 6 наурызында Қаржы министрлігімен 2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі бірлескен Жол картасы бекітілді. Құжатта 26 нақты іс-шара бар.
Агенттіктің мәліметінше, жол картасы шеңберінде мемлекеттік сатып алу порталын мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялау, сондай-ақ оның функционалын жетілдіру (картельдік сөз байласуды анықтау, қосалқы мердігерлерге жалпы жұмыс көлемінің 30%-дан астамын беруді болдырмау, жасанды интеллект енгізу және т.б.) көзделген. Төтенше жағдайлар кезінде бір көзден сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, сатып алуды негізсіз жою мүмкіндігін болдырмау (оның ішінде уәкілетті және сот органдарының актілері болмаған кезде), сондай-ақ жүйелі бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту (оның ішінде оларды сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға жатқызу жолымен) жөніндегі нормативтік сипаттағы іс-шаралар жоспарланған.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы жүйелі мәселелердің бірі — орындалған келісімшарттар бойынша тапсырыс берушілердің төлемді уақытында жүзеге асырмауы. Бұл түйткілді шешу үшін «Мемлекеттік жоспарлау» ақпараттық жүйесін сатып алу порталымен біріктіру және төлем үдерісін толықтай автоматтандыру (адам араласуынсыз) жоспарланып отыр. Сондай-ақ жосықсыз тапсырыс берушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру көзделген.
Сонымен қатар, рейтингтік-балдық жүйемен өткізілетін конкурстарда жұмыс тәжірибесін растау тетігін автоматтандыру бағытында шаралар қабылдануда. Бұл – адам факторын азайту, мемлекеттік органдар дерекқорларымен тәжірибе реестрін біріктіру, мерзімді қайта растау жүйесін енгізу және өнім берушілерге ортақ іріктеу талаптарын бекіту арқылы жүзеге асады.
Тамақтандыру қызметіне қатысты сатып алуларды жетілдіру де күн тәртібінде. Мұнда жұмыскердің нақты кәсіпорында жұмыс істейтінін растау тетіктерін енгізу (оның ішінде ЭЦҚ арқылы), сондай-ақ «HR Enbek» жүйесін сатып алу порталымен біріктіру арқылы бір адамды әртүрлі ұйымдарда бір мезгілде тіркеуге жол бермеу шаралары қарастырылған.
Бұдан бөлек, бұл бағыттағы бірқатар жұмыстар халықаралық ұйымдардың — ЭЫДҰ мен ГРЕКО-ның жария сатып алуларға қатысты ұсынымдарын іске асыруға бағытталған.
Жол картасын толық іске асыру мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Аталған мәселе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жіті бақылауында.