Театр • 27 Мамыр, 2025

Көркем шығарманы сахналады

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы аясында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасының ұйытқы болуымен «Жүрекпен жазылған шығарма» атты алғашқы инклюзивті театр байқауы ұйымдастырылды.

Көркем шығарманы сахналады

Іс-шара барысында көзі нашар кө­ретін оқырмандар қазақ әдебиетінің мұзарт шыңдарына айналған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Әбіш Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» және басқа да қаламгерлердің шы­ғар­­маларынан ықшамдалып алынған сахналық қойылым қойды.

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасына шық­қан кітапхана оқырмандарының бо­йынан өнерге деген адалдық байқа­лып тұрды. Олар өздеріне берілген рөл­дерді барынша жақсы игеруге тырыс­ты. Кәсіби режиссерлермен жұмыс істеу­дің мәнін ұққан оқырмандарға көрер­мен қауым разы болды.

«Болашақ» мектеп интернаты­ның түлектері, «Асыл арман» шығар­ма­шылық орталығының өкілдері, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орта­лықтың «Драма» студиясы және өзге ұжымдар қолдау көрсеткен байқау­да қатысушылар «Үздік актерлік шебер­лік», «Үздік қойылым», «Үздік екінші пландағы рөл», «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды.

«Еліміз бойынша көзі әлсіз кө­ре­тін азаматтар арасында тұң­ғыш рет өткізілген байқауда көркем әде­биет­ті насихаттауға ден қойдық. Оқыр­мандарымыз қазақ әдебиеті алып­тарының көркем туындыларын сахнаға алып шықты. Әрине, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақыт­та жалғасады. Ең бастысы, кітап­хана оқырмандарының театр өнері­н­е деген құрметі бөлек», дейді ұйымдас­тырушылардың бірі Гүлзада Қырықбаева.

 

Тараз