Айбын • 26 Мамыр, 2025

Мәжіліс депутаттары Щучинсктегі әскери колледжде көшпелі отырыс өткізді

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәжіліс депутаттары Щучинсктегі әскери колледжде көшпелі отырыс өткізді

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Іс-шара барысында халық қалаулыларына кіші командалық құрам мамандарын даярлау жүйесі мен кадеттерді іріктеу тәртібі туралы ақпарат берілді. Бұл жөнінде ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев баяндады.

Оқу орнының жағдайы таныстырылды
Депутаттар колледждің материалдық-техникалық жабдықталуына, казарма мен асхананың жай-күйіне, медициналық көмек көрсету деңгейіне ерекше мән берді. Сондай-ақ спорт залы мен медициналық бөлмеге бас сұғып, жауынгерлік дайындыққа жасалған жағдайды бағалады.

Әскери колледж

Депутат Айдос Сырымның айтуынша, колледжге негізінен оңтүстік өңірлерден келген жастар түседі. Ол еліміздің барлық аймағындағы мектептерде әскери білім беру мекемелерінің артықшылықтарын түсіндіретін кәсіптік бағдар жұмысын күшейту керектігін айтты.

Әскери колледж

«Жастар әскери біліммен қатар, болашақта азаматтық салада да кәдеге жарайтын мамандық алып шығуы керек. Бұл – олардың мотивациясын арттырады», – деді ол.

Сапар аясында колледждің кітапханасы, музейі және спорт кешендері де назардан тыс қалған жоқ. Депутаттар кадеттердің рухани және патриоттық тәрбиесіне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Әскери колледж

Соңында халық қалаулылары оқу орнының жеке құрамымен кездесу өткізіп, әскери білім беру жүйесіндегі заңнама талаптарын түсіндіріп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Арайлым Мырзахан,

ЕҰУ студенті