Ауыл • 24 Мамыр, 2025

Ауыл дамыса, ел тірегі

140 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихқа жүгінсек, «Ауыл» партиясын құру идеясын академик Ғани Қалиевке мен айтқан едім. «Екеуміз де «Отан» партиясынан шығайық. Альтернатива, демократия, бәсекелестік керек. Біз ғалымбыз, ал ғылым келешекті болжай біледі. Халқымыздың жартысы ауылда, тегіміз де ауыл», деген оймен бөлістім. Сонымен құратын болдық, жұмыс жүріп жатыр. Ғ.Қалиев ғылыми зерттеу институттарын, ғалымдарды тартуды мойнына алды. Мен құжаттарды, партияның бағдарламасын дайындап, зиялы қауымды ұйымдастыратын болдым.

Ауыл дамыса, ел тірегі

«Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Сергей Терещенкоға бардық. Ол жылағандай болды: «Мұны естіген партия басшысы қатты ренжиді. Сіздер жай адам емессіздер, Оразалы, сен менің Ванновкадан бірге келе жатқан жерлесім емессің бе? Тым болмаса «Отан» партиясында сен қалсаңшы», деді. Біз өз ұстанымымызда тұрдық. Сонымен, құрылтай сьезд өткіздік Алматыда. Мен зиялыларды қостым – Дулат Исабеков, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, т.б. осылайша бірігіп, «Ауыл» партиясын құрдық.

Тұңғыш рет Парламентте фракция құратын болдық. Ғанекең айтты, сені көбісі біледі, Парламентте талай рет депутат болдың, фракция құру ісімен айналыс деп. Сонымен, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртазаны көндірдім, Амалбек Тшанов: «Егер Ғани Қалиев болса бармаймын, ол аспанға қарап жөндеп амандаспайды», деді. «Жоқ, мен болам фракция басшысы», деп Амалбекті де әрең көн­дірдім. Сонымен, жаңағы айтқан не­бір тұлғалармен тарихта бірінші рет Парламентте «Ауыл» фрак­ция­­сы құ­рыл­ды. Бұл, әрине, тарихи оқиға болды.

Фракция жақсы қарқынмен Парла­мент­те талай бастама көтерді. Мыса­лы, бірінші рет 2000 жылы «Ауыл­­шар­уа­шылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақ­тары)» деген заңға бастамашы болып, қабылдадық. Жалпы, «Ауыл» партия­сының құрылуына, оның қалыптасуына, беделінің өсуіне академик Ғани Қа­лиевтің сіңірген еңбегі өте зор болды. Өтпелі кезеңде Қазақстанда талай партиялар құрылды, жойылды. Ал «Ауыл» партиясы сақталып қалды.

Бұрынғы билік уақытында партия­лық монополия қалыптасқан еді. Кейін сайлауда талай рет «Ауыл» партиясы атынан өтіп тұрсақ та, билік өткізбей тастады.

Ашығын айту керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келген соң, «Ауыл» партиясына шынайы түрде жол ашылды. Міне, енді Парламентте Серік Егізбаев бастаған «Ауыл» партиясы өте белсенді. Ерболат Саурықов, Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев, т.б. депутаттар жақсы жұмыс істеп жатыр.

1990 жылы ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) ауыл шаруашылығының үлесі 27–29% болды. Қазір 5-ақ пайыз. Ашығын айту керек, ауыл құлдырап кетті, кейінгі жылдары ғана бас көтере бас­тады. Ауыл шаруашылығы өнімін ІЖӨ-нің 20%-ына дейін көтерген жағ­дайда Қазақстан экономикасы тұрақ­ты болады. Әлі де болса әлемде ауыл­шаруашылық өнімдері арқылы бәсекеге түсе аламыз. Себебі әлемде алдағы 30 жылда ауылшаруашылық өніміне екі еседен көп сұраныс туады, ал су тапшылығы 50–60%-ға дейін өседі. «Ауыл шаруашылығын кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы болуы керек. Келешекте азық-түлік державасына айналуымыз қажет. Бар мүмкіндігімізді пайдаланған дұрыс.

1994 жылы Жоғарғы Кеңесте эко­номикалық реформа комитетінің төрағасы, жұмысшы топтың басшысы ретінде «Жаңа экономикалық саясат» тұжы­рымдамасын жасап, қабыл­да­дық. Оның негізгі идеясы тауар өндіру­шілерімізді қолдау, ауыл­ды қолдау болатын. Мысалы, әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқан Үкіметтің үшжылдық Индикативті даму бағдар­ламасының авторы – біз.

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, «Ауылыңыздың бүгінгі халі нешік?» деген сұрақты әр қазаққа қоя­тын уақыт келді. Қазір ауылға аз бара­тын болдық. Бара қалсаң, жетімнің күйін­дей ауылымызды көріп жүрек ауы­рады. Сонда туған жеріміз үшін жерге қарамайтындай болу үшін не істеуіміз керек?

Айналамызда ауылдан шығып, өсіп-өніп, бай-бағланға айналған азаматтар көп. Егер солар ертеңгі ұрпағымыз жақсы өмір сүрсін десе, ауылға көмек беруі керек, тіпті немерелеріне ауылдан бір-бір үй жасап берсін. Себебі ке­лешекті болжасақ, 20–30 жылдан кейін жасанды интеллект заманында саф ауа да, жеміс-жидек те, экологиялық таза азық-түлік те ауылда болады. Ауылға көшу уақыты келеді. Сол шақ­тарда қол үзіп кеткен ауылыңыз сізді қабылдай ма? Ұлттың саулығын бүгіннен ойлау деген сол болмақ.

Менің ұсынысым – Наурыз мерекесі қарсаңында әр үш-бес жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдардан шыққан азаматтардың басын қосып, «Наурызда туған жерде қауышу» атты игі іс-шара өткізу. Бұл бастама туған жерге тағзым етіп, ауыл­ды көркейтуге бағытталған нақты қадамға айналмақ. Осындай жиындар арқылы заманауи талаптарға сай жаңа ауылдар қалыптасып, елді мекендердің әлеу­меттік әрі мәдени әлеуеті арта түсер еді.

Бүгінде әр ауданнан, әр ауылдан елге танылған кәсіпкерлер мен түрлі сала ма­мандары шықты. Ендігі кезекте аудан әкімдіктері осындай азаматтармен жүйе­лі байланыс орнатып, оларды туған жерге шақырып, кіші құрылтай өткізіп, «Ауылға көмек көрсету» бағдарламасын қабылдаса, өте өзекті әрі өміршең бастама болар еді. Бұл арқылы туған жерге құрмет көрсету мәдениеті орнығып, ауыл экономикасын көтеруге тың серпін берілмек. Ауылдан түлеп ұшқан азаматтар білім, өнер, мәдениет пен спорт салаларын қолдауға, әлеуметтік түйткілдерді шешуге, бизнес-жоспарлар жасап, шағын кәсіп ашуға, инвестиция тартуға, халыққа құқықтық кеңес беруге және басқа да игі істерге демеу­шілік көрсетері сөзсіз. Мұндай елдік мәні бар бастаманы «Ауыл» партиясы мен мемлекеттік биліктің үш тармағы, қоғамдық ұйымдар бірле­сіп қолға алса, «Ауылға асар» атты жалпы­халықтық қозғалысқа айналуы әбден мүмкін. Нәтижесінде, әр ауылдың өз азамат­тары туған жерінің көркеюіне үлес қосып, ауыл экономикасы мен әлеуеті артып, берекелі тіршілікке жол ашылады.

Аймақтық дамуға ерекше мән беруіміз қажет. Осы тұрғыда еліміз­дің экономикасын ілгерілетіп, өңір­лерді өркендетуге бағытталған жоба ұсынамын. Әр аймақты кешенді дамы­туға арналған жобаның атауы – «Біртұтас халықтық шағын және орта кәсіптің 100 жобасы». Әр өңірдің өзін­дік ерекшеліктеріне сай мамандандыру жүргізіліп, басым бағыттары айқын­далуға тиіс. Сол негізде әр облыста 100 нақты жоба құрылса, республикада 2 мыңнан аса кәсіпкерлік бастама жүзеге асады. Бұл жобаларды қаржыландыру көзі ретінде «Елге қайтару қорын» пайдалану ұсынылады. Осылайша, мемлекеттік бюджетке салмақ салмай, Ұлттық қорға да қол сұқ­пай, елден заңсыз шығарылған қара­жатты ел игілігіне жаратуға болады. Бұл іске кезінде халықтың арқасында байыған 162 кәсіпкер де үлес қосуға тиіс. Егер осы жобаның кемінде 60-70%  жүзеге асса, ел экономикасы екпін алып, халықтың әл-ауқаты едәуір жақсарады. Қазіргі таңда экономиканы шапшаң өсірудің ең тиімді жолы шағын кәсіпкерлік екенін айқын аңғарамыз.

 

Оразалы СӘБДЕН,

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі