
Сурет: janalyq.kz
Мүмкіндік
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсыным бар. Сондай-ақ республикалық және өңірлік штабтар құрылып, отырыстарында барлық демалыс орталығының тізімі әзірленіп, олардың дайындығы пысықталған. Осы жұмыстың бәрі 9 бірдей мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында іске асып отыр.
Енді сол жоспарға зер салсақ, еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында 3,2 млн бала жазғы каникулын өткізеді екен. Оның 15 мыңнан көбі жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала мектеп жанындағы, 160 мың бала шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады.
Осы аптаның басында өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Жалпы, балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында қамтылатын жазғы еңбек, туристік, шығармашылық, зияткерлік, білім беру бағытындағы іс-шаралармен 3,4 млн баланы қамту жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын жоғары әрі сапалы деңгейде ұйымдастыруға тиіс. Министрлік жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың ұйымдастырушы-педагогті арнайы дайындықтан өткізді. Осыған қоса 12 мыңнан аса студент пен еріктілерді тарту жоспарда бар», деді.
Тағы бір қоса кететін жаңалық, «Қазақстан халқына» қоры халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасылардан шыққан 10 мың балаға тегін демалуға жолдама берді. Бұл «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде іске асырылды.
Әр өңірдің өз жобасы бар
Сала министрлігінің дерегіне қарағанда, бүгінде балаларды жазғы сауықтырумен қамту жағынан Шығыс Қазақстан (99,9%), Абай (99,3%), Павлодар (98,5 %), Қостанай (98,5%), Ақтөбе (98,2%) облыстарының көрсеткіштері жоғары болып отыр. Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыруда инфрақұрылымдық және мазмұндық тұрғыдан оң ізденістер бар.
Атап айтқанда, Түркістан облысында балаларды жазғы сауықтыру және демалыспен қамту мақсатында 10 лагерьдің жанынан модульдік корпустар салынып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Биыл жобаның ауқымы кеңейіп, 140 баланы қамтуға 6 елді мекеннен 62 отбасы тартылады.
Ақтөбе облысында білім алушылардың кәсіптік бағдарлануына ерекше мән беріледі. Жазғы лагерьге қатысушы оқушылар облыстағы колледждер базасында түрлі мамандықтар бойынша тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сағаттарына қатысады.
Сонымен қатар «Ұлы дала кереметі», «Жас ғалым», «Гастротуризм», «Киелі шығыс», «Қонақжай отбасы», «Бір күн ауылда» жобалары қолға алынбақ.
Кеңес көптік етпейді
Әр адам өз отбасына ең бірінші амандық тілейді. Жаз – оқушылар асыға күтетін мерейлі мезет қана емес, балалар арасында оқыс оқиғалар жиі кездесетін, сол себепті сақтықты күшейтетін кезең. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі қарапайым қауіпсіздік ережелері жазылған, күтпеген жағдайда не істеу керегі туралы пайдалы кеңестер көрсетілген кітапшалар дайындады. Бұл кітапшаларды ата-аналар өзінің демалысқа аттанып бара жатқан баласымен бірге отырып мұқият оқып алуына да, кішкентай саяхатшының қалтасына «қауіпсіздік картасы» ретінде салып беруіне де болатындай.
Оқушыларға арналған кітапша (guidebook) «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» деп аталады екен. Онда балаға мынадай ақпарат берілген:
1) Егер сен жаяу жүрсең, тротуармен немесе жаяу жүруге арналған жолдармен жүр; 2) Егер велосипедпен жүрсең, көлікке жақын жүруге және кетіп бара жатқан көлікке жабысуға болмайтынын ұмытпа; 3) Егер орманда болсаң, тым алысқа барма және қараңғы түскенше ұзақ жүрме. Орманға ашық түсті киім ки.
Қиындыққа тап болсаң, мына қызметтер көмектеседі: 102 – полиция, 101 – өрт сөндіру, 103 – жедел жәрдем, 104 – апаттық газ қызметі, 111 – бірыңғай байланыс орталығы, 112 – төтенше жағдайлар департаменті.
Сонымен қатар кітапшада: «Қымбатты дос, өз қауіпсіздігің үшін біліп жүр. Бұл кеңестер саған пайдалы болады», делінген.