
Жеребе орыс шай ішу дәстүріне сай ұйымдастырылды. Әлемнің 23 елінен келген қатысушылар Царь-самовардан ыстық су құйып, хамелеон-шырақаяқтан өздерінің сахнаға шығу нөмірін білді. Нәтижесінде алғашқы болып Куба әншісі өнер көрсетеді, одан кейін Қырғызстан, Қытай, Мысыр, АҚШ және Кения өкілдері сахнаға шығады.
Әміре байқауда қазақ тілінде «Даланың нұры» атты әнін орындайды. Ол Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Әнші көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Ресейде оны 2018 жылғы «Славян базарының» жеңімпазы және Дима Биланның тәлімгерлігіндегі «Голос» жобасының финалисі ретінде біледі.
Байқауға жеке орындаушылар мен құрамында алты адамға дейінгі топтар қатысады. Басты талап — өз елінде аса танымал болу. Бас жүлде — 30 миллион рубль. Жеңімпазды әр елден келген кәсіби халықаралық қазылар алқасы анықтайды.
Биыл Ресейде қайта жандандырылған беделді «Интервидение» байқауында кезінде Лев Лещенко, Ирина Понаровская және Алла Пугачёва сынды жұлдыздар жеңіске жеткен болатын. Финал 20 қыркүйекте сағат 22:30-да «Первый канал Евразия» арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.