
«Жирен тұлпар – іштен туа қасқа бас,
Молда мінсе, дұғасынан тастамас.
Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,
Бес моторлы самолетке баспа-бас.
Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,
Шыбынға да тигізбейтін кесірін.
Жабағыдай жатағандау болғасын,
Кенежирен қойып едім есімін»
дейді Жұматай ақын. Бес моторлы ұшақта жүрек жоқ қой, кімге сатсаң да, қайда жібердің мені демейді. Ал баптап мінген тұлпарың – екі дүниедегі пырағың, сырласың. «Құлагермен болады сөйлесуге» деген Ақан. Расында, Жұмекең Кенежиренін ұшаққа айырбастамас еді.
Өткен айларда ақын Байбота Қошым-Ноғай Есенқұл Жақыпбектің Жұматай Жақыпбаевты жоқтап жазған жырларын әлеуметтік желіге салыпты. Есенқұл ақынның «Өмір бойы өлең деп қана өмір сүріп өліп кеткен жалғыз-ақ ақын көрдім, ол – Жұматай ағам» деген жазбасы есімізде. Есенқұл әлгі жырларының басында:
«Сана саяз. Құрсақ тар.
Айтқаныңды ел қақпайды.
Кекек деген бір шөп бар,
Жылқы жесе, шаппайды.
Жанқожадай намазын
Өлімімен өткеріп,
Кенежирен сабазым
Кекек жемей кетті өліп...»,
деп жазыпты. Байбота Қошым-Ноғай жариялаған бұл өлеңді оқыған Мұрат Рақымжан Facebook парақшасына былай деп пост салғанын көрдік: «Кекек – бұрын-соңды түрін көрмек түгілі, атын естімеген шөбім екен. Мені, әсіресе, «оны жеген жылқының шаппайдысы» қызықтырды. Содан уикипедия деген «білгішке» жүгіндім. Бақсам, «кекек» құмды жерде өсетін, түрі жоңышқа пішіндес, бірақ жапырақтары мен шашақ гүлдері аздап ірілеу келетін шөп екен. Кекек жеген жылқының мінезі бұзылып, ауруға шалдығады дейді. Оны жеген малдың көзі көрмей, жүйкесі сыр береді. Былайша айтқанда, кекек – «анашаның» бір түрі. Мал бір рет дәмін татса болғаны, қуалап жүріп жеп, есінен адасып, нашақор секілді кекек жемесе тұра алмай, соңына түседі. Сосын бойына уыты дарыған соң, теңселіп, бір орнында шыр айналып, одан қалса көзіне қос көрінгендей алдындағы қылдай шыбықтан бөренеден қарғығандай қарғып, жынданып, басқа шөпке қарамай арып-ашып, ақыры өліп тынады-мыс...
«Кенежирен сабазым, Кекек жемей кетті өліп», деп түйіндепті Ес-ағам өлеңін».
Бұл сөз мен үшін үлкен жаңалыққа айналды. Себебі осы сөзден Абайдың «Заманақыр жастары» өлеңінің түйіні тарқатылып кеткендей. «Заманақыр жастары, қосылмас ешбір бастары» деп басталатын өлеңін хакім:
«Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері»,
деп аяқтайды. Яғни мұндағы кекек – жоғарыда түсініктемесі берілген шөп. Оны жеген жануарға ұқсап қалған мастың ісі белгілі. Қазақтың ащылап, тұщылап жатыр дегеніндей, кекектеп алған жылқыны көр де, сондай жағдайға тап болған кісіні елестетсеңіз, образ бірден ашылады.