
Қазақ тіліне Зұлқарнай Сақиұлы көркем тілмен аударған туындыны, режиссер Ұлан Қабыл жаңа көзқараспен түрлендіріп көрді. Шығармашылық ұжымның ізденісін, өзгеше бағыттағы қойылымын көрермен жоғары бағалады.
«Шеңбер» – әділдік пен аналық махаббат жайлы сыр шертетін терең туынды. Жай қойылым емес, ол – адамдық қасиеттерді, жүрек жылуын және ананың аялы алақанын дәріптейтін шынайы сахналық сыр», дейді режиссер.
«Qalleki» театр лабораториясының бұл туындысы театрсүйер қауымның қызығушылығын оятып, ерекше ықыласқа бөленді. Эпикалық драма жанрында қойылған шығарма сан түрлі сезімге бөлеп, уақыт пен кеңістіктің шекарасынан тыс адамзаттық құндылықтарды ой елегінен өткізуге шақырады. Қойылым барысында Брехтің оқшаулану әдісі қолданылған, бұл актерлік ойын мен көрермен арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейде ұғынуға мүмкіндік береді. Адамгершілік пен әділеттілік туралы терең ойға жетелеп, жалпы адамзаттық құндылықтарға үндейді.
«Бізге Брехті түсіндірген – Болат Атабаев. Кезінде өзі қойған кезде спектакль үлкен сынға қалған екен. Енді бүгінгі премьерада біз сол Брехтке жете алдық па, әлде жете алмадық па – көрерменге аян», дейді Ұлан Қабыл.