Зерде • 20 Мамыр, 2025

Айнымас адам

40 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Газетте жұмыс істеп жүргенде, редакция басшылығының берген тапсырмалары болмаса, өзіміз көріп-біліп, араласып жүрген аға ұрпақ өкілдері туралы көп қалам тартпадық. Сөйтіп, бізге тәлім-тәрбие беріп, ақыл-кеңесін аямаған бұл ғазиз жандарды өмір бойы жанымызда жүре беретіндей көрдік. Және қашан, қай уақытта да көңілдері ақ тілек пен ізгі ниеттен тұратын ол кісілердің өздері де мерейтойларына орай лебіз немесе жаңа кітаптарына байланысты пікір айту жөнінде ешқандай емеурін білдіріп көрмеді. Содан не керек, арада жылдар өткенде, бір кездегі бітпес, таусылмас болып көрінген редакциядағы жұмыстан босап, өмір жолымызда ерекше із қалдырған үлкенді-кішілі әріптестер жөнінде «Ағалар мен інілер» атты мөлтек портреттік фрагменттерді қағаз бетіне түсіруге отырмаймыз ба?! Өкінішке қарай, бұл кезде сол сыйлас жандардың көбі өмірден өтіп кеткен еді. Бірақ... Иә, бірақ... «Қалауын тапса қар жанады», деген сөз бар ғой. Ойлансаң не нәрсенің де қиюын келтіруге болатын сияқты. Мәселен, өзімізге кейіпкер болатын арамызда жоқ шығармашылық иелерінің біреуін есімізде қалған естеліктермен, екіншісін олардың өмірлік қосағы болған жан жарының көзімен, үшіншісін ең жақын деген достарының терең толғаныстарымен, ал төртіншісін тағдырлы таланттар тіршілігінің ыстығына күйіп, суығына тоңған жанашыр басшы әңгімелерімен көрсету. Сонымен, құрметті оқырман... Жоғарыдағы қолға алған тақырып, идея­ны жүзеге асыру үшін осы шығармашылық әдісті қолға алған жайымыз бар. Оқып көріңіздер... Төмендегі сұхбат белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ахат Жақсыбаевтың жан жары, ұзақ жылдар ҚазПИ-де сабақ берген профессор, қаламгердің өмірден өткенге дейінгі жартығасырлық шығармашылығына тікелей куәгер Клара Теміртасқызы ӘУБӘКІРОВАМЕН өрбіді.

Айнымас адам

– ҚазМУ-дың студенті, болашақ журналист-жазушы Ахат Жақсыбаевпен алғашқы таныстығыңыз. Бұл кісінің курстастары. Алматыдағы сол кездегі әдеби орта. Оны ағамыздың танып-білуге деген талпынысы. Алдымен осы жайттарды өз түсінік-түйсігіңізбен айтып берсеңіз.

– 1965 жылғы қаңтар еді. ҚазМУ-дың бірінші курс студентімін. Филология факультетінің орыс бөліміндегі қысқы сессия басталған. Ондағы сынақ, емтихандардың бәрін жақсы бағаға тапсырдым. Көңілімнің көтеріңкі болғаны соншалық, жалғыздан-жалғыз киноға барғым келгені. Бардым да. Жатақханаға кештетіп оралсам, бөлмедегі қыздардың бәрі ұйықтап қалыпты. Шам жақсам, оянып кетеді. Ренжиді. Осыны сездім де сырт киімімді төсек үстіне қалдырып, портфельмді көтерген күйі үшінші қабаттағы жатақхана кітапханасына беттедім. Ойым – сонда барып, Ақмоладағы әке-шешеме бірінші семестрді аяқтағаным туралы хат жазу. Түнгі сағат 10-11-дің кезі ғой. Оқу залында көп ешкім жоқ екен. Қуанып кетіп шет жақтағы оңашалау орынға жайғастым. Сөйттім де хатымды жазуға кірістім. Міне, сол кезде бүйір жағымдағы алыс үстелде отырған бір жігіттің мен жаққа жалтақтап қарай бергенін көзім шалып қалды. «Бұл кім?» деймін таңданып. Жазуымды жазып болғанда барып есіме түсті. «Күзде, бас корпуста студенттердің атақты жазушылар Шыңғыс Айтматов пен Юрий Казаковпен кездесуіндегі аталған қаламгерлерден қолтаңба алу үшін кезекте көрген жігіт... Иә.., иә, сол!». Ішімнен осылай деп есікке беттей бергенімде: «Тоқтай тұрыңыз, қарындас! Сізбен бірге мен де біраз жерге жетіп қалайын», деген жаңағы бейтаныс жанның әзіл аралас үнін естідім.

...Міне, екеуміз дәлізге шықтық. Ол сөйлеп келеді. Даусы ашық. Жүзі жарқын. Мінезі қарапайым. Айтқан сөзінен ұққаным: Павлодардан екен. Әкесі 1942 жылы соғысқа аттанып, майданнан оралмапты. Анасы мен ағалары бар. Олар сонда. Керекуде. Өзі 1958 жылы орта мектепті үздік бітіріп, туыстарының ақылымен Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға ке­леді. Байқап қарайды, төңірегіндегі абитуриенттердің дені шаруашылықта жұмыс істеп, әскерден келген жігіттер. Осыны көрген ол конкурстан өтудің қиын екенін сезеді де қабылдау комиссиясына өткізіп қойған құжаттарын қайтадан алады. Сөйтеді де Екібастұзға оралып, ондағы дренажды шахтаға жұмысқа орналасады. Ойы – жалғызілікті анасына жәрдемдесу және оқуға түсердегі бірден-бір жеңілдік – еңбек өтілін жинап, өндірісте жұмыс істеді деген жолдамаға қол жеткізу. Жас жігіттің бұл жоспары дұрыс болып шығады. Күндіз еңбек етіп, түнде жатпай-тұрмай дайындалып, 1960 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне келіп түседі. Ұмытпай айта кетейін, туыстарының Ахаңа о бас­тан зоотехник бол деп айтқан сөзді тыңдамауына күтпеген жайт себеп болады. Ол туған ағасы Серікке жерлес жазушы Рамазан Тоқтаровтың жиі келіп жүруі және Екібастұздағы кеншілермен болған қаламгерлер кездесуінде оның ақын Мұзафар Әлімбаевқа жолығып қалғандағы ақыл-кеңесінің әсері еді.

ы

...Осы әңгімелерді айтқан ол мені бөлмеме дейін жеткізіп тастады да жылы қоштасты. Содан бастап таныс болып, келе-келе ағаң мені курстас жігіттерінің қыздарымен бірге Алматыдағы кино­театр­лар мен концерт залдарындағы мәдени шараларға жиі апаратын болды.

– 1965 жылғы «Жұлдыз» журналы нөмір­лерінің бірінде 5-курс студенті Ахат Жақсыбаевтың жур­фак­тағы өн­дірістік практика ке­зінде жаз­ған «Екі­бастұз күнделіктері» атты ма­қала­сы шықты. Бұл болашақ маман­ның дипломдық еңбегінен үзін­ді еді. Мұн­дағы сұрайық дегеніміз: «Сол жазба кейін қаламгерді өндіріс тақы­ры­бындағы «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдар сериясына бас­таған алғашқы соқпақ жол емес пе?» деген ой ғой. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Менің білетінім мынау. Иә, 1965 жылдың қысында Ахат ағаң: «Бір айлық практикам бар», деп Павлодарға аттанған-ды. Онда барысымен қала іргесіндегі Ермак ГРЭС құрылысына жұмысшы болып орналасады. Бригада мүшелері оның Алматыдағы университетте оқитын студент екенін білмейді. Өздері сияқты жолдамамен келген жастардың бірі екен деп ойлайды. Сіз де мақұлдап, құптайтын шығарсыз, болашақ журналист оның өмірді білсем, өндірісті көзіммен көріп, оның жұмыс үдерістерін көңіліме түйсем деген бұл ойын әбден түсінуге болады емес пе. Ол сол кезден сәл бұрынырақтағы кеңестік баспасөз дүлдүлі Михаил Кольцовтан қалған дәстүр ғой. Өйткені аты одаққа мәлім бұл қалам иесі ел қы­зығып оқитын дүниелер тудыру үшін өз мамандығын уақытша өзгерту арқылы басқа кәсіп, айталық, шофер болып та жұмыс істеді емес пе. Соның нәтижесінде өмірге келген «Таксидегі үш күн» атты ғажап талдамалы-зерттеу мақаланы кім білмейді?! Демек, журналистикадағы жоғарыдағыдай әдіске еліктеген студент-практиканттың Павлодардағы өндіріс орындарына барып, жұмысшы болып жүріп жазған диплом жұмысы оның алдағы үлкен шығармашылық жолының басы болуы әбден мүмкін. Олай дейтінім, оның 70–80-жылдары өмірге келтірген «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдар сериясы. Бұлардағы бүкіл оқиға желісі, шығарма мазмұны – жұмысшылар. Олардың қиын еңбектері мен күрделі тағдыры. Және... Болмыстары бөлек, іс-әрекеттері ерек осы бір ірі мінезді жандар еңбек еткен тіршілік тегершігі – өндіріс алаңы.

– Ал жазушы мұны неге жазды? Не­лік­тен жоғарыдағы тақырыпқа 15 жыл өмірін арнады?

– Бұл мына мәселеге байланысты ма деп ойлаймын. «Жоқ деп айта алмаймыз, – деген болатын Ахаң 1971 жылы жазушы Оразбек Сәрсенбаевпен үйде отырғандағы бір әңгімесінде. – 30–40-жылдары рес­публика индустриясының Балқаш, Қарағанды, Риддер, Шымкент сияқты алып алаңдарында қазақ жұмысшылары болмады емес, болды. Бірақ аз-тын. Оны біз Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғабиден Мұстафиннің «Өмір не өлім» романдарынан жақсы білеміз. Өкінішке қарай, 1941–1945 жыл­дардағы соғыста және одан кейін сол аздың өзі жоқ болып, майданда қаза тапқан қандастарымыздың орнын эвакуациямен келген өзге ұлт өкілдері басып қалды емес пе? Кейін олар өндірісте іс­тейміз деп келген қазақ жастарынан орындарын тартып алардай сескеніп, қиянатты жасап-ақ бақты. Соның салдарынан республикамыздағы зауыт, шахта, карьерлердегі қазақ инженерлері мен жұмысшыларының саны өспеді. Сол уақыттарда олардың қарасы азайып, саусақпен санарлық жағдайға жеткен еді деуге болады».

«Осындай қиын кезде, – деп тағы бір әңгіме айтқаны бар ағаңның 1982 жылы «Жұлдыз» журналындағы әріптес інісі Тұрсын Жұртбаевқа. – Біреулер әдейі ұйымдастырса да жүзеге асуы екіталай жағдай болды. Ол 1957 жылы Алматыдағы Тау-кен институтын бітірген бір топ қазақ жігіттерінің Екібастұзға келіп жұмыс істей бастауы еді. Бұл жас мамандар өздерін осындағы өмір жолында сынағылары келді ме, жоқ әлде жаңадан ашылған кен орнына қызықты ма, әйтеуір бәрінің де бойында аталған өндіріс алаңына деген керемет бір құлшыныс болды. Құрдас, қатарлас, замандас бұлар сайдың тасындай іріктелген керемет қабілет иелері еді. Бәрі де орысша-қазақшаға бірдей, жанып тұрған от-тын. Ойлары – Екібастұзды көтеру. Арман-мақсаттары – сөз етіліп отырған жаңа кен орнына қандастарымызды көптеп тартып, өңірді өркендету. Осыны алдарына міндет етіп қойған олар уақытпен санаспай еңбек етті. Карьер, шахта, разрездерде күні-түні бел шешпей, асқан төзімділік үлгісін көрсетті.

Осылайша, бұл азаматтар мұнда бір жыл... бес жыл... он жыл жүрді. Бірақ жандарын аямай қанша жұмыс істеп, қанша іскерлік көрсеткенімен, қызмет барысында жоғарыламай-ақ қойды. Әрі кеткенде смена жетекшісі, учаске бригадирі, разрез бастығының орынбасары... Осылайша, көзге көрінбейтін белгісіз бір күш біз сөз етіп отырған жандардың тауын шағып, үнсіз тежеп ұстады да отырды. Өкініштісі, Екібастұзға бұлардан кейін келген басқа қазақ инженерлері де осы лектің күйін кешті. Бұлар да алдыңғы толқын секілді өр мінезді, намысқой жандар еді. Уақыт өте келе жоғарыдағыдай әділетсіздікке шыдамаған олар басшылық қызмет үшін айтысып та, тартысып та көрді. Бірақ қалыптасқан құрсауды бұзу қиын екен. Болмады».

Сөз орайында Ахаңнан аталған та­қырып туралы жоғарыдағы жайттардан басқа естіген тағы бір әңгімемді айтайы­н. Мұны ол 1991 жылғы еңбек демалысымызда менің Ақмоладағы төркініме барып, одан Павлодарға беттегенімізде сөз еткен еді. «Өздерін танытатын кезде, – деген болатын ағаң сонда, – еленбей, күш-қуаты мол шақтарында қасақана кері ығыстырылған сол жандардың рухы неткен мықты десеңші. Олар қанша шетқақпай көрсе де өкпелеп не ренжіп Екібастұзды тастап кеткен жоқ. Не көрсек те бірге көреміз деп отырған жайлары бар. Ал сырттан келген талай келімсектер аз уақытта жоғары қызметті иеленіп, қазаққа билік жүргізгенде, сол өңірдің игілігін қазақтан көп көргенде, әрине, күйініп, назаланасың. Қорланасың. Айта беріп қайтемін, Екібастұз кені ашылған 40 жылда бірде-бір қандасымыз разрез директоры болып көрмеді ғой. Ал сол уақыт ішінде мұндағы бес-алты осындай құрылымда қаншама директор, бас инженер ауысты. Тек таяуда, егемендігіміздің осы елең-алаңында Екібастұз кен орнынан шыққан бір адам – Аманқос Өтегенов қана «Шығыс» разрезінің директоры қызметіне қол жеткізе алды. Соны көргенде қанша талаптанып, алға ұмтылғандарымен маңдайлары тасқа тиіп, ерте қартайған бір кездегі жалын жігер жігіттердің тағдырлары ойға оралмай қоймайды. Бұл – үлкен әңгіме, тұтас бір ұрпақтың тарихы. Ал мұны қалай жазбайсың, қалай үнсіз қалмақсың...».

«Иә, – дегенмін мен сонда. Қазір де солай деймін. – Сол өмір, сол оқиға, ондағы түрлі тағдырлар, міне соның бәрімен сонда туып-өсіп, көзімен көрген ол айналыспағанда кім айналысады? Өйткені қаламгерге олар жақын әрі етене таныс дүние емес пе? Бұл пікірді мен кездейсоқ айтып отырғаным жоқ. Ахаңның 2020 жылғы 5 шілде күні қайтыс боларынан бір жылдай бұрын «Хабар 24» бағдарламасындағы: «Жұмысшы, өндіріс тақырыбын жақсы білемін. Білгеннен соң жазамын», дегеніне сүйене сөз етіп отырмын. Жазушының 60-жылдары баспасөздегі жұмысшы тақырыбы туралы дипломдық еңбек жазып, 70–80-жылдары қазақтың ұлттық жұмысшы табы мен ондағы, инженер кадрлары жөнінде «Бөгет», «Егес», «Қорған» атты кең тыныс­ты, күрделі оқиғалы романдар сериясын өмірге әкелуінің мен білетін жағдайы осы.

– Жоғарыдағы әңгімелер барысында Ахат аға екеуіңіздің өмірлеріңіздегі жақсы кездер мен шуақты сәттер ре­тіне қарай баяндалып, айтылып отырды ғой. Ал қиындықтар ше? Ондай жағдайлар болды ма? Болса нендей жайттарға байланысты еді?

– Иә. Болды. Ол сол кездегі біздің ұрпақтың Алматыдағы пәтер мәселесіне байланысты «Одиссей оқиғалары» ғой. Ахаң 1965–1969 жылдары «Лениншіл жаста» жұмыс істеп, енді баспаналы болайық деп тұрғанда, «Қазақ әдебиеті» газетінің шақырмасы бар ма?.. Ондағы басшылар берген уәдесінде тұрды-ау... Бірақ үш бөлмелі пәтерге екі шаңырақты – біз бен жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың отбасын әкеп тыққанын қайтерсің. Қатты қиналдық. Қайтеміз, ол кездегі жағдай солай-тын. Мәселен, журналис­тер Нұрмахан Оразбеков пен Төлен Қаупынбаевтың отаулары да біз сияқты бір үйде мінгесіп-ұшқасып тұрып жатты. Соған қарамастан бақытты едік. Олай дейтінім, көршіміз Орекең және Шара жеңгеймен бірге тұрғанымызда тату, ынтымақшыл болдық. Сөйтіп, бес жылда бір рет әй-шәй дескен жоқпыз. Осындай сыйластықпен сол үйден әрқайсымыз жеке пәтер алып шығып, қоныстойын қатар тойладық. «Мұндай жағдай өмірдегі өте сирек нәрсе», деп риза болған сонда замандастарымыз.

Десек те содан кейін қолымызға елден Ахаттың анасын алып, екі баламыз есейіп, ескі үлгімен салынған ол үйіміз бізге тарлық ете бастаған. Міне, сол кезде Жазушылар одағы 40 пәтерлік үйдің құрылысын бастап, оған болашақта көшіп кіретін аға қаламгерлердің тағы сондай баспанасы босайтын болды да, 80 үйді бөлу басталды. Естуімізше одақтың басшысы Әнуар Әлімжанов бұған аралас­папты. «Ең басты нәрсе – жаңа тұрғын үй құрылысына қажет қаржыны тауып, ақсақал жазушылардан босаған үйлерді қалалық атқару комитетіне бермей алып қалдым. Қалған мәселені өздерің шешіңдер», деп қоғамдық комиссия құруды ұсыныпты. Оған одақтың екінші хатшысы Шерхан Мұртаза мен әдеби қордың директоры Ғаббас Қабышев, сосын кәсіподақ ұйымының басшысы Ахат ағаң кіреді. Әңгіменің қысқасы, әділдік пен тазалық жөнінен бұл кісілер бір-бірінен асып түссе керек, жарты жыл бойы қайта-қайта қаралып, әбден тексеріліп жасалған тізімге ешкім дау айта алмапты. Соны секретариат­та Ахаң оқып тұрмай ма. Сол кезде оны тоқтатқан Әнуар аға басқарма мүшелеріне қарап: «Жолдастар, мына Ахат өте қарапайым адам, – дейді. – Біз айтпасақ, өзі ештеңе сұрамайды. Сондықтан жаңа үйдегі төрт бөлмелі пәтердің біреуін бұған беру керек». Ешкім үндемейді. Қарсы емес секілді. Сонда ақжүрек ағаң не деген дейсің ғой. «Жоқ, – депті. – Ертең ел комиссия мүшесі болып жүріп өзіне бұрды. Ретін келтірді. Ұятсыз екен дейді. Алмаймын». «Мұның дұрыс емес, – депті төрде отырған Олжас Сүлейменов. – Ойлан». Ахаң үндемейді. Тізімді жалғастырып әрі қарай оқи береді. Кешке үйге келіп: «Берген пәтерден бас тарттым» дегенде, мен не істерімді білмедім. Өзегім өртеніп кеткендей болды. Үндемей теріс айналдым. Сөйттім де терезе алдына барып, көз жасыма ерік бердім. Қиын сәт деп осыны айтуға болар, сірә.

– Ахаңның кейінгі уақыттағы өмір­ге кел­тірген үлкен дүниесі ол ақын Иса Бай­зақов туралы тарихи-көркем ди­логия. Бұл шығарма қалай туды? Енді осы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.

– Иса ақыннан бір ұл, бір қыз қалған ғой. Баласы Ертісті өздерің жақсы білесіңдер. ҚазМУ-да оқытушы болды. Ал қызы Махпуза М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әртіс еді. Әкелері туралы олардың айтқандарын Ахаң көп тыңдайтын. Бертін келе біз Алматының Көктем шағын ауданынан жаңа үй алғанда, Махпуза апайдың ұл-қыздарымен көрші тұрып, көп әңгімеге қаныққанбыз. Оның сыртында ағаң Иса Байзақовтың 2000 жылдары Павлодардағы мерейтойына барғанда біраз мәселеге көз жеткізіп қайтқан. Содан жаңа шығарма жазуды бастады. Мен өз басым Ахаңның бұл туындыны өмірге әкелуін оның туған жерге деген перзенттік парызы деп білемін. Содан кейін ақын жөнінде осы күнге дейін толыққанды еңбектің тумағанына байланысты соған жасалған ұмтылыс деп түсінемін.

...Жазушы Ахат Жақсыбаев. Университетке оқуға түскенде «Бозарал» деген тұңғыш прозалық жинағын оқып, «Лениншіл жас» газетінде жүргенде «Егес» романымен танысқан менің қаламгер ағаны жүзбе-жүз көріп, сәлем беруім 1975 жылы «Дәуір» баспасының ғимаратында болған еді. «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы ол кісі мұнда басылымның терім цехына жиі келіп, жұмыс үдерісін бақылап кететін. Содан бас­тап жүзі ашық, мінезі жарқын, ақкөңіл ағамызбен көңіліміз жарасып кеткен-тін. Бізді таңғалдыратыны бұл кісінің қарапайымдылығы еді. Және айтқан сөзінде тұра білетін өзіндік өмір бағдарына ие жан екендігіне көз жеткізіп жүрдік. Кейін «Ақиқат» журналы редакциясында бірге қызмет істедік. Онда да талай адамгершілік қасиеттерін көріп, риза болғанымыз бар. Ахаң тәртіптің адамы-тын. Жалғандыққа жаны қас жан еді. Істеген ісі де, атқарған қызметі де таза болатын. Кім-кімге де жақсылық жасауға дайын тұратын. Атақ-даңқ үшін алыспаған, ешкіммен айғай-ұйғайға барыспаған ол кісі 2021 жылы «тәж тажалы» деген сойқаннан қайтыс болды. Тірі жүрсе бүгіндері 85-ке келер аға ұрпақ өкілін қазіргі ұрпақ біліп жүрсе екен деп осы сұхбатты даярлаған жайымыз бар.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

АСТАНА