
Фото: Қырмызы Жұмағалиқызы
Бұл тағылымды шараны ұйымдастырушы, «BaiQymyz» жобасының авторы - Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, ата-бабамыздың адал асына айналған қымызды күнделікті дастарханға қайта енгізіп, оның адам ағзасына пайдасын кеңінен насихаттау қажет.
«Біз соңғы жиырма жыл бойы қазақтың төл мәдениетін жаңғыртатын түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Бірақ дәл осындай халық өзі белсенді қатысатын, жүректен шыққан шынайы мерекені қашан өткіземіз деген ой көкейімізде үнемі жүретін. Былтыр Мюнхендегі атақты Октоберфестке қатысқанда, сол ойдың жауабы анық көрінді. Бүгінде түрлі ауруларға шалдыққан жастар көбейіп отырғанда, табиғи ем – қымызды ұмытып бара жатқанымыз өкінішті. Қымыз ішудің де мәдениетін ұмыттық. Осы мерекенің аясында біз тек ұлттық сусынды емес, ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытқымыз келеді. Болашақта жылқы мен қымыз өндірісін дамытып, экспортқа шығаратын деңгейге жетуіміз керек», дейді Жұмажан Қалтаев.
Мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер және этноөнімдер көрмесі, қазақ тағамдарының гастрономиялық фестивалі, сондай-ақ мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Қымызмұрындықта еліміздің 10 өңірінен келген қымыз өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Әр келуші арнайы QR-код арқылы қымыздардың сапасын бағалады.
Қазақ қымызды «тек сүт емес – тірі ағза» деп таныған. Оны дайындаудың да өзіндік философиясы бар: күбі міндетті түрде тобылғымен ысталады. Себебі тобылғы – табиғи иод пен антисептик, ол қымызға ерекше иіс пен дәрумен береді. Ал сапыру – қарапайым қозғалыс емес, ол – қымызға жан бітіру. «Қымызды неғұрлым көп сапырсаң, соғұрлым дәмі жұмсарып, шипасы артады» дейтін көне қағида бекер емес.
Шараға қатысқан қымыз өндіруші, Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданының «Саяжан» жеке кәсіпкерлігі атынан келген Анар Құрманова ұлттық сусынды өндірудің қыр-сырын бөлісті.
«Сәуір туа сала біз бие байлап, қымыз сапасына мән беретін ерекше кезеңге аяқ басамыз. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген қазақ тегін айтпаған. Қымыздың шипасы – малдың жеген шөбінен, күбінің тобылғымен ысталуынан, дұрыс пісіп, уақытында сапырылуынан қалыптасады. Қымыздың әр түрінің өз атауы бар: саумал, уыз қымыз, дөнен қымыз, бал қымыз… Әрқайсысы – бір дәру. Қымызды сапырып берген сайын ашу тарқаған, көңіл көтерілген. Тостағанмен қымыз ұсыну — үлкенге деген құрмет. Бұл дәстүр әр қазақтың үйінде қайта жаңғыруы керек», дейді кәсіпкер.
Мерекеге арнайы шақырылған этнограф, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Саттарқызы Қымызмұрындық сынды мерекелер арқылы жас ұрпаққа ұлттық тағамның қадір-қасиетін ұғындырып, ұлттың саулығын сақтай алатынымызды ерекше атап өтті.
«Қазақ үшін жылқы — тек төрт түліктің бірі емес, ол — жан, рух, өмір. Сол рухты серпілтетін, жанды шипамен қуаттандыратын – қымыз. Бұл – бес мың жылдық тарихы бар қасиетті тағам, әрі ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұралар тізіміне енген құндылық. Кеңес дәуірінде қымызбен емдейтін санаторийлер болғаны – соның бір дәлелі. Қазір жастарымыз ұлттық тағамнан алыстап, түрлі зиянды сусындарға әуестеніп барады. Халқымыз ешқашан адал асты аяқасты етпеген. Өйткені ұлттың болашағы — оның тұтынатын асында», дейді Тұрар Саттарқызы.
Айта кетейік, Қымызмұрындық мерекесі шілде айында өтетін «BaiQymyz» гастрофестивалінің кіріспесі ғана. Келесі кезеңде еліміздің ең үздік қымыз өндірушілері бас қосып, «Ең үздік қымыз» байқауына қатысады. Онда жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. Бұл ұлттық өндірушілер мен жылқы шаруашылығы мамандары үшін тың серпіліс, жаңа мүмкіндік болмақ.