
Күні кеше Семейде салынатын облыстық көпсалалы аурухананың іргетасын қалау рәсімі болды. Игілікті іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли және осы саланың ардагерлері, дәрігерлер қатысты.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес бой көтеретін ғимарат Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына енген. 300 төсек-орындық жаңа көпсалалы ауруханада бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңес беру және тексеру бөлімі жұмыс істейтін болады», дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы бұл медициналық нысанның өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін жеткізді.
«Абай облысы – ертеден дәрігерлік дәстүрі қалыптасқан өңір. Аймағымыздан шыққан білікті мамандар қазақ медицинасының негізін қалады. Алайда, соңғы ширек ғасырда бұл сала назардан тыс қалып, білікті мамандардың басқа өңірлерге қоныс аударғанын да жасыра алмаймыз. Сондықтан бұл аурухананың іргетасын қалау – сол үзілген дәстүрді қайта жалғаудың нышаны. Мердігер компания өкілдері атап өткендей, аурухана заманауи медициналық технологиялармен жабдықталатын болады. Біз бұл күнді асыға күттік. Өйткені, облысымызда осы уақытқа дейін осындай аурухана болған емес. Енді, міне сол олқылықтың орны толды. Өңір тұрғындары атынан Мемлекет басшысына алғыс білдіреміз», деді облыс әкімі.
Абай облысында бүгінде 31 стационарлық медициналық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 20-сы мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Аймақ көлемінде әр 10 мың тұрғынға небәрі 59 төсек-орыннан келеді. Бұл – еліміздегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
Облыстық мамандандырылған медициналық қызметтің 70 пайызы Семей қаласында шоғырланған. Қазіргі стационарлардың басым бөлігі ескі, материалдық-техникалық базасы тозған. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 300 төсекке шақталғанымен іс жүзінде 375 науқасты қабылдап отыр. Кардиология, инсульт, гинекология, токсикология, неврология, травматология бөлімдерінде төсек-орын тапшы. Жаңа аурухана осы тапшылықты жойып, заманауи талаптарға сай медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін қашықтан кеңес беретін телемедицина орталығы құрылады. Медициналық нысан 2027 жылы пайдалануға берілмек.
Абай облысы