
Облыстық цифрландыру және архив басқармасының басшысы келтірген дерекке сенсек, өңірде 59 ауыл 3 G интернетімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 251 ауыл 4G интернетімен қамтылған. 189 елді мекенде талшықты оптикалық байланыс желісі орнатылған.
«Осы жылы «Кар-Тел» (Beeline) ЖШС 13 базалық станция орнатуды және қолданыстағы 8-ін жаңғыртуды қолға алмақ. «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2) ЖШС 47 базалық станция, «Кселл» (Activ) АҚ – 12 станция орнатуға бел буып отыр. Мобильді байланыс үшін республикалық және негізгі облыстық автомобиль жолдарында 12 антенна-діңгек құрылғыларын орнату көзделген. Қазіргі таңда 6 АДҚ-ның (Т.Рысқұлов, Жуалы, Қордай аудандарында) жобалық-сметалық құжаттамасының мемлекеттік сараптамасы алынды.
«Мобайл Телеком-Сервис» (Теле2) ЖШС Тараз қаласында 5G технологиясын дамыту бойынша 32 базалық станцияны іске қосты. Биыл жоғары жылдамдықты (4G) мобильді байланысымен 28 елді мекенді қамту жоспарланған. Мобильді операторлар жеке қаражаты есебінен 5 елді мекенде (Жамбыл, Қордай, Шу аудандары) мобильді байланыс сапасын жақсартты.
Қалған 23 елді мекен бойынша салалық ведомство мобильді байланыс операторлары өкілдерімен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, антенна-діңгек құрылысы салынуы тиіс жерлерді келісіп, аудан әкімдіктеріне ұсынды», дейді жауапты басқарма басшысы.
Жамбыл облысы