
Бекдайыр Нығметұлының көзқарасынша, «әке деген ұлы ұғымға» дақ түсірмеу кез келген ер-азаматтың міндеті болуы керек.
«Біздің бала күнімізде қандай да бір мәселе болса, аналарымыз әкелерің біледі, әкелерің шешеді деп отыратын... Әкенің қадірін аналарымыз бізге солай сіңірді. «Әкелеріңді сыйлаңдар, ол сендер үшін күндіз-түні еңбек етіп жүр» дейтін. Қазір ой таразысына сала келе, бұл сөзде қаншама мән-мағына, тәлім бар екенін ұғындық», деді Бекдайыр Күзембай.
Оның айтуынша, әйел адам мен балалар жауапкершілігі мол әкені құрмет тұтады. «Ер азығы түзде», деп жатады, дегенмен, нағыз әке нан табумен ғана шектелмей, балаға да көңіл бөлуі керек.
«Қазір замана талабы, уақыт өлшемі, адамдардың көзқарасы өзгергенін ешкім теріске шығара алмайды. Әке мейіріміне бөленбеген бала – елін, ұлтын сүйетін азамат бола ала ма? Сол үшін әке түзде жүріп, үйдің де жайын ойлағаны жөн», дейді Б.Күзембай.
Ол кейбір балалардың түзу жолдан таю себептеріне де тоқталды.
«Баланың қалыптасуына ата-анасы, туыстары, достары, ұстаздары, бір сөзбен айтқанда ортасы әсер ететіні бесенеден белгілі. Бала осылардың қайсысымен көбірек уақыт өткізіп, қайсысын үлгі тұтса соған мінез-құлқы ұқсап кетеді екен. «Достары кімдер, қоршаған ортасы қандай» деген оймен әкелер (аналар да) балаларымен қаншалықты ашық сырласады, мәселе осында? Міне бұл ойланатын мәселе. Менің естуім бойынша, ата-ана баласын күніне кемінде он екі рет құшақтап, жақсы көретінін айтуы керек екен. Ал біз қазір қандаймыз? «Абайдың шыққан биігі, Құнанбайдың иығы» дейтін ауызша айтылып жүрген өнегелі сөз бар, баласының ғұлама, ғалым болмаса да, ең бастысы адам болуын ойлаған әке әуелі өзі мықты болуы қажет», деді Бекдайыр Нығметұлы.
«Әкелер одағы» өкілінің айтуынша, мықты әке дегеніміз – жауапкершілікті мойнына алып, әлсізге сес көрсетпейтін, қиындық келсе қорған бола білетін, отбасын сақтау үшін жауға да, дауға да қарсы тұра алатын адам.
«Қазір біз адамға өте қажет құндылықтардың бірі – мейірімнен айырылып бара жатырмыз. Адамнан мейірім кетсе, жүрегі тасқа, көңілі лайға айналады. Әкеге де керегі – мейірім. Мейірімді әке өзгеге де, өзіне де қиянат жасамайды. Әкесі (анасы да) баласына дұрыс тәрбие беру үшін өзі үлгілі болса, ата-анасына қарап, баласы бой түзейтіні анық», дейді «Әкелер одағының» өкілі Бекдайыр Күзембай.