
Бүгін қар үстінде жанған оттай жан-жағына жылуын шашып өткен жалынды азаматтың өмір шырағының сөнгенін көріп, жүрегіміз жылап тұр...
«Қайғыны бөліссең, ауыр жүк жеңілдейді», дейді халқымыз. Бірақ кейбір қасірет бар – қанша бөліскенмен, кеудеден өшпей, өзегіңді өртеп тұрады. Оны сөзбен сипаттау, сезіммен өлшеу, көңілмен жеңілдету мүмкін емес. Әсіресе бұл – өз перзентінен айырылған әке мен ананың жүрегіне түскен сызат болса...
Осындай қабырғаны қайыстырған, жүрекке салмақ салған ауыр хабарды естідік: әріптесіміз белгілі экономист, ғылым кандидаты, адал азамат, абзал әке – Мейрам Есенеев бақилық болды...
Өмірден ерте озған болмысы бөлек, ұстанымы берік замандасымыздың айтар асыл ойлары мен халқына берер пайдасы мол еді. Орны толмас өкініш өзегімізді өртеп, қазаққа Мейрам Әлиакпарұлы секілді тұлға керек кезде асыл азаматтан қапыда айырылып қалдық.
Мейрам Әлиакпарұлы Есенеев 1977 жылы 30 сәуірде Қарағанды облысы Жезқазған қаласында дүниеге келген.
Жастайынан зерек, ілім-білімге деген құштарлығы орасан зор Мейрам Жезқазған қаласының №4 мектебінің физика-математикалық бағыттағы сыныбында оқыды. Қалалық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектебінің, Жезқазған қаласының атын шығарып, көптің мақтанышына айналды.
Орта мектептегі оқуын үздік бітіріп, 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Халықаралық экономикалық карым-қатынастар» факультетіне оқуға түсті.
Қазақ елі егемендігін жариялап, өз алдына дербес мемлекет болуы экономиканың дамуы мен өрлеуіне, халықтың хал-ахуалының жақсаруына бағытталған орасан зор еңбек етуді талап етті. Елімізге білімі жоғары, нағыз кәсіби мамандар қажет болды. Осы тұста университетті экономика саласы бойынша үздік бітірген Мейрам Әлиакпарұлы суырылып алға шығып, өзі сияқты алғыр, білікті, қажырлы да қайратты жастармен бірлесіп, Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалауға атсалысты.
Мейрам Әлиакпарұлының алғырлығы мен ғылымға деген ерекше ынтызарлығы еліміздегі жоғары білім орындарының үздігі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибелі оқытушылары мен профессорлық құрамының назарынан тыс қалмады. Олар оның тынбай ізденуге бейім, үнемі өрлеуге ұмтылатын болмысын танып, ғылым жолын жалғастыру мақсатында магистратура мен аспирантурада оқуына жол ашатын ұсыныс жасады.
Ғылым атты киелі әлемге ерте қадам басқан Мейрам Әлиакпарұлының тағдыр жолы экономика ғылымдарының докторы, академик Сайлау Байзақов сынды даңқты тұлғамен тоғысты. Ел тағдыры таразыға тартылған өтпелі кезеңде Қазақстанның нарықтық экономикаға бет бұруын қолдап, дағдарыстан шығар жолды нақты бағдарламалармен айқындаған Сайлау Байзақұлы өз дәуірінің майталманы болатын. Ғалымның жетекшілігімен Мейрам өзінің терең ізденісін нәтижелі аяқтап, 2010 жылы экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленді. Көпті көрген, көреген ұстаз оның телегей білімін, талантын танып, уақыт оздырмай, докторлық диссертация қорғауына кеңес берді.
Мейрам Әлиакпарұлының еңбек жолының алғашқы баспалдақтары 1999 жылы еліміздің ірі қаржы құрылымдарының бірі – «БанкТұранАлем» ААҚ-да басталып, қаржы, кредит, инвестиция саласындағы сауаты мен сергектігін сол кезден-ақ көрсетті. Араға көп уақыт салмай, мұнай-газ сынды мемлекетіміздің тағдырын айқындайтын сындарлы салаға бет бұрды. Алдымен «ҚазақОйл» ұлттық компаниясы» ЖАҚ-та (2001–2002), кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-да (2002–2006), «ҚазМұнайТеңіз» АҚ (2006–2007) жүйесінде түрлі департаменттің басшысы болып қызмет атқарды: бюджеттеу және дивидендтік саясат, бюджеттеу және индикативті жоспарлау, бюджеттік жоспарлау және экономикалық талдау бөлімдері – осылардың барлығында Мейрам Әлиакпарұлы терең талғам, көреген көзқарас, айқын бағыт көрсете білді. Ол мемлекеттік маңызы бар стратегиялық шешімдерге қатысып қана қойған жоқ, сол шешімдердің өміршеңдігіне тікелей жауап беретін тұлғалардың біріне айналды. Тәуелсіздіктің қаз басқан кезеңінде елдің экономикалық негіздерін нығайтуға атсалысып, стратегиялық маңызы бар жұмыстарды жүйелі түрде іске асыра білді.
Мұнай-газ саласындағы кәсіби білімін нығайту үшін 2008 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне түсіп, оны «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша жоғары нәтижемен аяқтады. Кәсіби жолының келесі кезеңдері – «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Жоспарлау және экономикалық талдау департаментінде (2007–2013), «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның «Батуми Индастриал Холдинг» (Кипр) компаниясында (2013), «ҚазМұнайГаз» ҰҚ Бюджет және салықтық жоспарлау және Стратегия және жиынтық-үйлестіру департаменттерінде (2013–2017), «ҚМГ Глобал Солюшнс Б.В.» (2017–2020), сондай-ақ Болгариядағы «Rompetrol Bulgaria JSC» (2020–2022) компанияларында директорлық лауазымдарда жалғасып, өзіне сенім артылған салада абыройлы қызмет етті.
Ол жұмысын атақ пен дәрежеге жету үшін емес, ел экономикасының дамуына шынайы үлес қосу үшін атқарды.
Соңғы қызмет еткен орны – «ҚазТрансОйл АҚ-ның зерттеулер мен әзірлемелер орталығы» филиалы. 2024–2025 жылдары мұнда да ірі жобалардың өмірге келуіне ұйтқы болды.
Қай қызметті атқарса да жұмысты оң бағытқа жүйелеп, өзі қалыптастырған ішкі тәртіп пен жауапкершілік арқылы айналасына серпін беріп жүрді. Қай істе де ұқыпты, жауапты, әділетті болды. Оның басшылық еткен бөлімдерінде қалыптастырған жұмыс әдістері мен ұйымдастырушылық үлгілері әлі де қолданыста.
Мейрам Әлиакпарұлы – өз өмірінің әр сәтін адал еңбекпен өткеріп, даңғыл жолын қалдырған ардақты жан. Абыроймен атқарған әрбір жауапты қызметінде кәсібилігімен дараланып, ұжым ортасында үлкен құрметке ие болды. Жұмыс барысында жинақтаған мол тәжірибесін ізін басқан жас мамандарға үйретіп, бағыт-бағдар беруге даяр тұратын тамаша тәлімгер еді. Жылдар бойы мұнай саласының дамуына қосқан өзіндік үлесі, жоғары кәсібилігі мен мінсіз еңбегі еленіп, ұлттық компаниялардың тарапынан түрлі марапатқа, алғыс хаттарға лайық деп танылды.
Мейрамның өмір жолы өнегеге толы. Ол осынша игі қасиеттерді бойына қайдан сіңірді? Оны тәрбиелеген әулет – нағыз рухани ұстахана еді. Әкесі – спорт пен педагогиканың білгірі, елге еңбегі сіңген азамат – Әлиакпар Ершатұлы. Анасы – физика-математика пәндерінің ұстазы, өз ғұмырын бүгінгі ұрпақ пен бала, немере тәрбиесіне арнаған, олардың біліктілігін арттырумен айналысқан Мағрипа Сарықызы. Осы қос қайнардан қуат алған Мейрам ғылым мен спортты ұштастырған ұлағат иесіне айналды. Бокспен ерте жасынан айналысып, Қазақстан чемпионы атанды. Спорт шебері атағына үміткер болды. КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлем чемпиондарын тәрбиелеген Әлиакпар Ершатұлы Есенеевтің баласы қалайша чемпион болмайды? Әкесінің бапкерлік мектебінен өткен шәкірттердің бірі ретінде тек рингте емес, өмірдің барлық саласында жеңіске жету үшін талмай тер төгіп өтті.
Текті де көпбалалы отбасыдан түлеп ұшқан Мейрам Әлиакпарұлының тұла бойындағы басты игі қасиеттері – спортқа деген сүйіспеншілігі мен ғылымға, оның ішінде физика-математикаға деген құштарлығының қайдан бастау алғаны белгілі. Бала кезінен анасы сияқты нақты ғылымдарға жақындық танытып, өз күшімен биік жетістіктерге құлаш ұрды.
Иә, қысқа да болса саналы ғұмырын елінің еңселі ертеңіне арнаған Мейрам Әлиакпарұлы өмірін мағыналы өткізді. Оның әр ісі – елге қызмет, әр сөзі – ұлағат, әр әрекеті өнеге еді. Ел ішінің есендігін ойлаған ерен азамат еді. Қайырымдылық істерге де белсенді қатысып, Астана қаласындағы қарттар үйі мен тұрмысы төмен отбасыларға, қамқорлықсыз қалған балаларға үнемі көмектесіп жүрді.
Мейрам Әлиакпарұлының адамгершілігі, жан шуағы, жібектей жұмсақ мінезі көпке үлгі болды. Ол төрт перзентінің алдында үлгілі әке, жарының жан серігі болды. Үлкенге – ізет, кішіге – қамқор, ағайынға – ақылшы, досқа – арқа сүйейтін тірек, шын жанашыр, қайырымды, бауырмал, жаны таза адам болатын. Тағы бір ғажап қасиеті – әрқашан сөзінде тұрғандығы, сертіне беріктігі. Оның қолы тиген бар нәрсе көркейіп шыға келетін. Тіпті не керек болса соның бәрін жасап, жан-жағын құлпыртып жіберуші еді. Жарқын күлкісі, достық ақылы мен кеңесі, кең жүрегі оны білетін жұртшылықтың көз алдында.
Мейрам Әлиакпарұлының барлық ісі мен сөзі, ой-тұжырымдары әрдайым татулықты, мейірім мен рухани құндылықтарды орнықтыруға бағытталды. Ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Ағалығы мен азаматтығы асқақ жан еді.
Өмірдің қызығы мен қуанышын шексіз сүйіп, әр күнін мәнді өткізуге тырысқан Мейрам Әлиакпарұлы туған күні – 30 сәуірге санаулы-ақ күн қалғанда, небәрі 48 жасында фәнимен қоштасты… Бұл қаралы хабар жүректі тілімдеп, көкіректі өрттей күйдірді. Денсаулығы күрт нашарлап, сырқат тәнін әлсіреткенімен, жігерін жасыта алмады. Ажалдың суық демін сезе тұра, бойын тіктеп, жүрек отын өшірмей, адал еңбек, азаматтық ұстаным, биік парасатпен өмір сынағымен соңына дейін тік тұрып күресті.
Ол елін, отбасын, перзенттерін шынайы махаббатпен сүйген қайсар тұлға еді. Енді, міне, сондай бетке ұстар азаматтан, жүрегі кең, пейілі дарқан жаннан айырылып отырмыз. Артында ақсақал әкесі мен асыл анасы, ғұмырлық серігі және көз қуанышы болған төрт баласы қалды... Ауыр қайғы.
КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының доценті, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Әлиакпар Ершатұлы Есенеевке және аяулы анасы, педагогика саласының ардагері Мағрипа Сарықызына, артында қалған жұбайы мен балаларына, бауырлары мен ағайын-туыстарына, барша жақын жандарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Алла тағала бәріне қайрат беріп, қайғы салмағын сабырға алмастырсын.
Біз ардақты азаматтың рухына тағзым етеміз. Қимастықпен, сағынышпен еске аламыз. Ол мәңгілік сапарға аттанды. Бірақ асыл бейнесі – жадымызда, игі ісі – ел есінде, есімі тарих парағына алтын әріппен жазылды.
Мейрам Әлиакпарұлының жаны жәннатта, топырағы торқа болсын, қабірі нұрға бөленсін, иманы саламат болсын. Өнегелі өмір иесі, мейірімді адам болған асыл азаматтың рухы пейіште шалқысын. Алла Тағала отбасына, ата-анасына, бауырларына ұзақ ғұмыр бергей.
«ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы