
Ақмарал спортты 5 жасынан таңдап, үйіне жақын спорт мектебіне барады. Бірақ бапкер шынашақтай қыздың нәзік бейнесін қомсынады. Спортпен шұғылдануға тым ерте екенін айтып, мектепке оқуға қабылданғанда келіңдер дейді. Арада бір жыл өткенде спорт мектебіне қайта барады. Бапкер сөзін жұтпай, Ақмаралды каратэ үйірмесіне жазады. Кілең ер балалармен бірге жалғыз қыз жаттығуды бастайды. Көп ұзамай отбасы қалаға қоныс аударады да, бұл спорт түрінен қол үзеді. 6-сыныптан бастап Астана қаласында оқи жүріп, дзюдо күресінің қыр-сырын меңгеріп, біліктілігін шыңдайды. Осыдан кейін Ақмаралды қалың жанкүйер дзюдо күресінен таныды. Талантты спортшы қаршадайынан-ақ өзінің тегеурінді екенін байқатып, түрлі сайыста олжа салды. 17 жасына дейін жасөспірімдер мен жастар арасындағы түрлі деңгейдегі додаларға топ жарып, есімі ауызға ілікті. Өкінішке қарай, көлденең киліккен кесел барлығын басқаша өрбітті. Көзінің көру қабілеті бірден күрт нашарлады. Дәрігерлердің тексерісінен кейін спортты доғару қажеттігі айтылды. Бірақ қайсар қыз бұған келіскен жоқ. Жаттығуды жалғастырғанымен, көзі қарауытып, кінәраты көлденеңдей берді...
Ақыры алдында екі таңдау тұрды: не спортты мүлде доғару болмаса парадзюдо күресімен шұғылдану. Алты айдай спорттан алыстап, үйде анасының қасында болды. Замандас құрбылары, жанашыр ағайын-туыстары да ең әуелі денсаулық зор байлық екенін алға тартып, спортты доғару қажет деген ақылын жаудырды. Анасы қызының болашағына зор үміт артып, парадзюдомен шұғылдануын құп көреді. Ана жүрегі алдамаған екен. Қазақ қыздарының қайсар мінезін әлемге әйгілеп, өр рухын паш етіп жүрген перзентіне анасы әрқашан қолдау көрсетті.
«2016 жылы жастар арасында Азия чемпионатына әзірлікті бастады. Оған дейін де құрлық додасында екі мәрте топ жарып, өзінің тегеурінді балуан екенін паш етіп, 48 кг салмақта көшбасшы спортшы болды. Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде күнде хабарласып жүрдік. Бірде үш күн тым-тырыс, хабар үзілді. Жүрегім бірдеңені сезгендей атқақтап, кеудеме сыймай соғады. Өзімен байланыса алмаған соң, бапкерімен тілдестім. Олар барлық жайды айтты. Жаттығу кезінде Ақмаралдың жамбас сүйегі сынып есінен танып қалған екен. Сондықтан өзіне келіп алсын деп күткенін айтты. Кейін ұшақпен Астанаға жеткізді, біз қарсы алғанда қызымның өткір жанары мені жігерлендіре түсті. Аяғы таңылып, арбада отырған қызымның жанарынан мен орасан рухты көрдім. «Спортты доғарарсың» десем, оның бала күнінен армандаған мақсатына балта шапқандай болар едім. Керісінше, бұл сынақты да еңсеріп, жеңіске жетесің» деп жігерлендірдім. Емделіп, жазылды. Дәрігерлер күресу былай тұрсын, өз аяғымен жүріп кетудің өзі неғайбыл дегенді ескертті. Бірақ ем-домның арқасында сырқатынан айығып, арада тоғыз ай өткенде Алматыда Азия кубогінде жеңімпаз атанды. Мен сол кезде оның келешегінен кемел нәтиже болатынын сездім де, сенім арттым. Спорттағы сара жолында жеңіс пен жеңіліс қатар өрбіді. Сәтсіздіктен сүрінген сәтінде белдесуді доғарып, тіпті мүлдем қойсам ба деген де ой туындады. Бірақ қызымның мінезінен чемпионға тән рухты байқайтынмын. Жетістікке жетсем деген мақсаты түбі орындалатынына сенгендіктен, жігерлендірдім», дейді анасы Роза Бужігітова.
«Ақмарал Париж Паралимпиадасының чемпионы атану арқылы мені тәрбиеледі дер едім. Отбасында чемпион өсіп шығу үшін ең әуелі ата-ана соған сай болуы керек деп санаймын. Жанкүйерлер спортшының тек өмірінің күнгейін – жеңіске жеткен жарқын сәтін ғана көреді. Ал көлеңкелі тұстағы қаншама өкініш, кедергілер, жазатайым жарақаттың ауыртпалығы – бәрі де ата-ананың арқасына батады. Бала спортпен кәсіби шұғылданғанда көп қаржы шығындайсың, Ұлттық құрама қатарына қосылғанша түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға жол шығын, жатын орны, тамағы – бәрі-бәрі ата-ананың есебінен төленеді. Жарақаттанса дәрі-дәрмегін аласың, одан бөлек ішетін дәрумендері де арзан емес. Сондықтан да ата-ана осындай жауапкершіліктің болатынын сезінуге тиіс. Ақмарал ел ішінде ғана емес, халықаралық сайысқа шығарда да біз әпкесі мен інісі төртеуміз ақылдасып кеңесетін едік. Қызымыз алаңсыз жаттығу жасасын деп, сапарына қажетті қаражатты тауып аттандырамыз. Әпкесі жарыс кезінде сіңлісін үй жинау, кір жуу секілді шаруадан босатады. Інісі де қолғабыс етіп, қамқорлығын көрсетеді. Баласы спортпен шұғылданатын ата-аналарға айтарым – жеңіс пен жеңіліс қатар өріледі. Жеңілсе «біз сенің жолыңа қыруар қаржы жұмсадық, қайтарымы қайда» деп кейістік танытуға болмайды. Бұл баланың меселін қайтарып, рухын сындырады. Керісінше, жеңілген сәтінде сүйеу болып, жылы сөзді аямау керек», дейді ардақты ана.
Ақмарал дзюдо күресімен шұғылдана бастағанда анасы бірге талқылау мақсатында осынау бекзада өнерді өзі де зерттеп, зерделеп көрді. Әлемнің таңдаулы балуандарының, жазғы Олимпиада додасын үш мәрте ұтқан, әлем чемпионатының алтынын бірнеше рет олжалаған саңлақтардың белдесулерін көрді. Кімнің қандай әдісті оңтайлы жүзеге асыратынын пайымдады. Әрбір әдіске қандай баға берілетінін түсінді. Осылайша ана мен бала дүбірлі додаларды қатар отырып саралайтын.
2021 жылы парадзюдоға түбегейлі ауысып, бақылаудан өтіп J2 санатына ауысты. Парадзюдоның әлем чемпионаты мүлде бөлек болды. Бірақ жігерлі қыз барлығын жылдам игерді. 2022 жылы Бакуде парадзюдодан әлем чемпионы атанды. Финалдық сында Рио Паралимпиадасының чемпионы француз қызы Мартине Сандриді айқын ұтты. Жалпы, парадзюдо ғана емес, дзюдо күресінен де қыздарымыз Ақмаралға дейін әлем чемпионы атанған емес. Сол жалынан ұстатпай келе жатқан жеңіске жерлесіміз 23 жасында қол жеткізіп, жаһанға даңқы жайылды. Былтыр Париж төрінде Олимпиаданың алтыны кеудесінде жарқырады. Бұл белес асу бергенге дейін 2023 жылы Токио төрінде гран-при додасында озық шықты, Ханчжоудағы жазғы Азия пара ойындарында үздік болды. Өзінің зар күйінде жүргенін, нағыз бабына енгенін дәлелдеді.
Парижде өткен Паралимпиада ойындарына Ақмаралдың анасымен бірге ата-енесі де қолдау көрсетуге барды. «Қызым татамиге шығар сәтте қырағы жанарынан жеңістің ұшқынын көрдім. Алғашқы белдеуінде үндістандық спортшы Кокиланы иппонмен айқын ұтты. Жартылай финалда түрік Жакхиде Екені де еркін ұтты. Финалда сыралғы қарсыласы, өте тәжірибелі француз қызы Мартине Сандринді де иппонмен жеңді. Залдағы жергілікті жанкүйерлердің спортшысын қызу қолдауы психологиялық қысым болды. Бірақ Ақмарал осалдық танытқан жоқ. Әнұранымыз шырқалып, көк туымыз желбірей көтеріліп, қызымның арманы орындалғанына Жаратқанға тәубе айттым», дейді Р.Бужігітова.
Науатбектің өр рухты қызының ендігі межесі – 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Паралимпиадасының алтыны. Сол биікке ат байлағанша тоқтамақ емес.