Тарих • Бүгін, 08:40

Нэлсон Фэлл һәм қазақ даласы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сұлтан Жәңгірдің төрт мың жылқысы бар, Жұмабек сұлтанда екі мың, ал Адам байда үш мың жылқы бар, ал сіз бес-ақ жылқым бар дейсіз! Сонда неше қойыңыз бар?

Нэлсон Фэлл һәм қазақ даласы

Қазақ байы хатшыларымен. Н.Фэлл, 1916 жыл

«Менің қойым жоқ», деп жауа­п бердім.

– Әй!.. Басқа түліктеріңіз көп болар?

– Екі сиырым бар, дедім».

Бұл – сонау 1916 жылы Нью-Йоркте жарық көрген аме­рикалық инженер, қаламгер Нэлсон Фэллдің кітабындағы автор мен қазақтың Құрман атты байының арасындағы диалог. «Орыс және көшпелілер» атты бұл кітаптың авторы – 1902 жылдан 1908 жылға дейін Лондон тау-кен компаниясының жұмысын басқарған білікті маман. Сосын ол 1903 жылы қазақ дала­сының қақ ортасындағы Есіл өзенінің жоғары бастауынан екі жүз мыс кенішін, көмір шахталарын және балқыту жұмыстарын сатып алғанын осы кітабының алғысөзінде жазады.

п

Н.Фэлл бұл суреттің түсін­дірмесінде «Сұлтан Жәңгір, 4 мың жылқының иесі» деп жазыпты. Өткен ғасырдағы қазақ байының бет-бейнесі мен ақсүйектігі осы суреттен бірден білінеді. Автор кітабында «қазақ» атауының бұрын «қырғыз» аталып кеткеніне түсінік бере келіп, қазақтың ұлан-байтақ даласының өзіне тән ерекшеліктері бар көріністерін, сол кезде қоғамдық орны өзгеше қазақ байларының аты-жөнін атап, суреттерін кітабында жария­лайды. «Алты жыл бойы қазақ даласында тұрсам да, олардың қымыз сақтайтын сабасына қарауға ешқашан батылым бармады». Бұл сөйлемдерден 1900 жылдардың басындағы қазақ өмірінің бейғам көріністері көз алдымызға келеді. «Шайдан кейін қымыз келді. Самауыр жанып тұрған тезекпен қыздырылады, ал түтіннің ащы иісі қышқыл сүт, ащы ірімшікпен үйлесім тапқандай».

ро

Қоянды жәрмеңкесіне тігілген киіз үй. Н.Фэлл, 1916 жыл

Ал өткен ғасырда қазақ да­ласындағы ең ірі сауда жәрмеңкесі туралы да қызықты деректер айтылған және сол жәрмеңкедегі киіз үйдің суреті қоса берілген. «Қояндының басты ерекшелігі ірі қара мал, қой және жылқы екенін айтқым келеді. Қоянды үлкен көлдің жағасында орналасқан, оның жағалауы толқындармен тұндырылған тұзды сумен көм­керілген. Аталған жәрмеңке Баян­ауыл мен Қарқаралы арасындағы пошта жолының бойында, Омбыдан оңтүстікке қарай 200–300 шақырым жерде», деп жазады. Аталған кітаптың құндылығы сонша, кезінде қазақ қоғамына үлес қосқан байлардың аты аталып, бейнелері енген.

«Біз кеңсеге жеткенде Rucker бізге сырт киімімізді шешуге де мұрсат бермеді, төтесінен сұрақ қойды.

– Сұлтан Хасен Ақаев деген кісінің қайтыс болғанын естідіңіз бе?

– Жоқ! Қашан қайтыс болыпты?

– Кеше Топардағы қыс­тауын­да, осы жерден қырық миль­дей алыс.

– Оны қайдан естідің?

– Қырғыз телеграфынан ес­тідім». «Сұлтан Хасен Ақаев сияқ­ты байдың опат болуы қыр­ғыз да­ласындағы маңызды оқиға болды».

Нэлсон Фэлл осыдан кейін ат үстіндегі халық арасында әр­бір оқиға ауыздан-ауызға, ауыл­дан-ауылға жылдам әрі сенім­ділікпен таралатынын тілге тиек етеді. Кітаптың келесі беттерінде Ақаев сұлтан қайтыс болғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде бұл хабарды екі жүз миль қа­шықтықтағы адамдардың бәрі естіген болуы мүмкін екенін қосады. Бір сөз­бен айтқанда, 108 жыл бұрын жарық көрген бұл кітаптың қазақ мәдениеті мен руханияты үшін берері мол екені даусыз.