
Фото: ашық дереккөз
Аталған бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы ақпанда Иорданияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы. Сапар қорытындысында иорданиялық тарап Қазақстанмен әуе қатынасын орнатуға мүдделілік білдірген болатын.
Кездесу аясында тараптар әуе қозғалысын құқықтық тұрғыда реттейтін келісімге қол қою мүмкіндігін қарастырды. Хамза Әл-Омари мырза «Royal Jordanian» ұлттық әуе компаниясы 2026 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанға аптасына екі рет тұрақты рейс орындауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Өз кезегінде қазақстандық тарап қолданыстағы халықаралық келісімдер шеңберінде қажетті рәсімдер мен инфрақұрылымдық қолдауды көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ кездесу барысында теңіз қатынасы саласында да өзара ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Атап айтқанда, қос тарап елдер арасында теңіз көлігі экипаждарының дипломдарын өзара тану туралы келісімге қол қою мерзімдерін нақтылап, оны жүзеге асыру жолдарын пысықтады.
Бұл кездесу Қазақстан мен Иордания арасындағы көлік және логистика саласындағы әріптестікті тереңдетіп, қос ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға негіз болмақ.