Ұлттық спорт • Кеше

Жілік сындыру – жігітке сын

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік өңірде ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан, азаматтың күш-қуаты, қайраты саналатын жілік сындыру дәстүрі бар.

Жілік сындыру – жігітке сын

Әдетте жілік сындыру ойыны соғым сойған кезде басталады. Соңғы жылдары ас пен тойда да өткізіле бастады. Өңірдің көптеген ауылдарында кәдімгідей жарыс өткізілуде. Таяуда Зеренді ауданында өткен «Жілік сындыру» жарысына алпыстан астам білекті азамат қатысқан.

Көпшілік жарысқа ұсынылатын жілікті арнайы дайындайды. Бір айта кетерлігі, жілікті сындыру үшін жалғыз күш жетімсіз, тәсілін де білу керек. Сындырған жігіттің айбыны асып, абыройы асқақтайды. Сыйға жабағы жетектеп, қой беретіндер де бар. Ынталандыру үшін. Кей жерде жілік тез сынып кетпеу үшін тік қойып пісіреді. Енді біреулер тесіп, жілік майын ағызып жібереді. Мұндай жілік ұзақ уақыт сынбайды. Әдетте қолдың жілігі тез сынады. Кемік басы үлкен, жуан санның жілігі оңайлықпен сына қоймайды.  

Бірлестік ауылында өткен жарысқа 12 жілік ұсынылды. Бақ сынауға келгендер жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінді.

– Жас сексеннен асты, – дейді ауыл тұрғыны Сапарбай Жүкенұлы, – бала кезімізден бері көріп келеміз. Ертеректе орамал ораушы едік, қазір апайтөс жігіттер жалаң қолмен-ақ сындырады. Дүбірге елеңдейтін тұлпарға ұқсап мен де қарасынын көбейтіп жатырмын.

Айтпақшы, жілікті дайындаудың қыр-сыры көп. Табақ тартылғаннан кейін епсекті жастардың біреуіне ұстатылады. Ол әбден тазалап мүжіп дайындауы керек. Оның да еңбегі ескеріледі.

Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан қадірлі дәстүрдің жоғалмағаны жақсы емес пе?!

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы.