
– Дидара ханым, ҚҚС-тың алып тасталуы – баспа нарығы үшін ерекше жағдай. Сіз бұл шешімді қалай қабылдадыңыз?
– Бұл жаңалықты үлкен үмітпен, әрі кәсіби жауапкершілікпен қабылдадық. Біз үшін бұл тек салық жойылды деген сөз емес. Бұл – мемлекет тарапынан кітаптың, жалпы зияткерлік еңбектің қоғам үшін маңызын мойындаған шешім.
Бұл шешім кездейсоқ емес. Бұл – бірнеше жылдар бойы жалғасқан кәсіби диалогтың, ортақ бастаманың нәтижесі. Баспагерлер қауымдастығы атынан дайындалған ұсыныстар да ескерілді.
– Баспа ісі – өзге бизнес салаларымен салыстырғанда баяу айналымды, өзіндік ерекшелігі бар сала. ҚҚС осы салаға қалай әсер етіп келді?
– Дәл айтасыз. Баспа нарығы – жылдам тұтыну емес, ұзақ мерзімді мазмұн өндіретін сала. Бір кітаптың артында айлар мен жылдарға созылатын еңбек, көп салалы шығын жатады. Бұл – авторлық қаламақы, редакция, көркемдік өңдеу, дизайн, баспа және логистика шығындары.
12 пайыздық ҚҚС осы процестің бәрінің үстінен қосылып, кітаптың түпкі бағасын өсіретін. Әсіресе балалар мен оқу әдебиетіне келсек, бұл баға қолжетімділікті күрт төмендететін. Ал енді ҚҚС-тың алып тасталуы – бізге дем беретін шешім. Бұл салаға инвестиция тартуға да оң әсер етеді.
– Arman-PV баспасының басты ерекшелігі – сапалы оқу әдебиетін ұсынуы. Қаржылық жағдай жеңілдесе, кітап бағасы арзандай ма?
– Біздің баспа ешқашан сапа мен мазмұннан ымыра іздеген емес. Біз үшін кітап – коммерциялық өнімнен бұрын, қоғамдық маңызы бар рухани құндылық. Баға саясатында да осы ұстанымнан тайған жоқпыз. Енді ҚҚС-тың жойылуы бізге белгілі бір икемділік береді.
Мәселен, кейбір басылымдарды кең аудиторияға қолжетімді етуге, бұрыннан жоспарланған серияларды іске қосуға, жаңа авторлармен жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Ең бастысы – сапаны ұстап тұрып, мазмұн мен бейнелеу мәдениетін тереңдете түсуге жол ашылады.
– Сапалы әдебиет дегенде ең алдымен балалар мен оқушылар ойға оралады. Баспаның осы бағыттағы ұстанымы қандай?
– Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет – біздің басты бағытымыз. Себебі бұл – елдің болашағына жасалатын инвестиция. Қазіргі бала – ақпаратты тез қабылдайтын, визуалды және аналитикалық ойлауға бейім ұрпақ. Сондықтан кітап оның тек білім көзі ғана емес, дүниетанымдық серігі де болуы керек.
Сол себепті біз тек мазмұнды ғана емес, көркемдік шешімдерді, тілдік үйлесімділікті, иллюстрация мен құрылымды тұтас ойлаймыз. Жаңа буынның тілдік мәдениетін дамыту үшін көркемдік сауаттылық пен эмоциялық тартымдылық қатар жүруі тиіс. Оқулықтар да осы талаптарға сай болуға тиіс.
Біздің мақсатымыз – баланың ойлау қабілетін кеңейтіп, оның бойына біліммен бірге талғам мен сезіну мәдениетін сіңіру.
– Бұл шешім мектепке арналған оқу құралдарының сапасына қалай әсер етеді?
– Өте тікелей әрі нақты әсер етеді. Қаржылық тұрақтылық – мазмұнды тереңдетудің ең басты шарты. Қазір бізде оқулықтар мен оқу құралдарына деген сұраныс жоғары, ал сапалы контентті жасау – үздіксіз ізденіс пен маман еңбегін қажет етеді.
ҚҚС-тың жойылуы бізге ғылыми сарапшылармен, әдіскерлермен, көркемдеуші мамандармен ұзақмерзімді жобаларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл жағдай оқулық дайындаудың қарқыны мен сапасын тең ұстауға жол ашады. Бала тек «жаттап алатын» емес, түсініп, талдап оқитын кітаппен жұмыс істеуі керек.
– Мұндай нәтижеге жету үшін сөзсіз бірлік пен кәсіби ынтымақтастық қажет болғаны белгілі. Кімдердің еңбегін ерекше атар едіңіз?
– Бұл – бір адамның емес, тұтас саланың жетістігі. Біз бірлесіп әрекет еттік. Позициямызды ашық айтып, кәсіби аргументтер ұсындық. Осы тұста AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бахытжан Бухарбайдың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Ол бірнеше жұмыс тобына қатысып, нақты ұсыныстар әзірледі, сала атынан орынды ой айтты. Бұл – кәсіби адалдықтың үлгісі.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің бұл мәселені жүйелі түрде көтеруі, мемлекеттің құлағына жеткізуі үлкен рөл атқарды. Осындай жауапкершілігі зор азаматтардың арқасында салаға деген сенім мен серпін пайда болды.
– Соңғы сұрақ: енді қай бағытта ілгерілейсіздер?
– Ең алдымен, біз балалар мен жасөспірімдерге арналған зияткерлік әдебиетті дамытуды жалғастырамыз. Бұл – ұлттық сананың, тарихи жадымыздың, тілдік мәдениетіміздің өзегіне айналуы керек бағыт. Сонымен бірге, мектеп бағдарламасына қосымша оқу құралдарын, авторлық әдістемелерді дамытуға күш саламыз.
Arman-PV – оқырман мен ұстаздың сеніміне ие болған баспа. Енді біз осы сенімді тереңдете отырып, сапа мен мағына қатар жүретін жаңа жобаларға жол ашамыз.