Саясат • Бүгін, 07:30

Жаһандық бейбітшілік қозғалысы жалғасады

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен дәстүрлі шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімі аясындағы іс-шараларға қатысты.

Жаһандық бейбітшілік қозғалысы жалғасады

Биыл аталған сыйлыққа әйелдер мен қыздардың білім алу құқықтарын қорғау саласында еңбек етіп жүрген ауғанстандық құқық қорғаушы Зарка Яфтали, Палестинаның Taawon гуманитарлық ұйымы және Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім ие болды. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлық иелеріне бейнеүндеу жолдады. Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянды құттықтап, екі елдің бейбіт келісімге қол жеткізу жолындағы белсенді іс-қимылы тарихи маңызға ие бетбұрыс екенін атап өтті.

– Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жолында қол жеткіз­ген жетістігі тарихтың бетбұрыс кезеңі саналады. Бұл қадам диалог жүргізіп, жауапкершілік пен ұстамдылық таныта білсек, ұзақ жылға созылған қақтығыстың да түйінін тарқатуға болатынын дәлелдейді. Мемлекеттердің жік-жікке бөлінуі ұлғайып, өзара қарым-қатынастарға көптеп сызат түсе бастаған заманда бұл тәжірибе татуласудың әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан мемлекетімізге артылған сенімді, соның ішінде бей­біт келісімдердің негізгі бір кезеңін Алматы­да өткізу туралы шешімді жоғары бағалайтыны айтылды.

– Бұл жағдай «сындарлы диалог – ор­нықты дамудың кепілі» деген ор­тақ көзқарасымызды айғақтайды. Қазақ­стан Еуразия кеңістігіндегі және одан тысқары жерлердегі бейбітшілікті, сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сапар аясында М.Әшімбаев «Болашақ ұрпақ алдындағы уәде» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысып, сөз сөйледі. Іс-шараға сыйлық лауреаттары, қазылар алқасының мүшелері, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жас көшбасшылар қатысты.

М.Әшімбаев өз сөзінде еліміздің бейбіт­шілік пен конфессияаралық диалог құн­дылықтарын ілгерілету жолындағы тәжіри­бесіне тоқталды. Сондай-ақ еліміз­дің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан, философиялық тұрғыдан адам­заттың бауырластығы идеясымен үндес Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезінің қызметін айтып өтті.

– Қазақстан адамзаттың бауырлас­тығын нығайтуға арналған бастамалар­ды және диалог, өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарын дәріптеуді толық қолдайды. Былтыр қыркүйек айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Оның нәтижесінде конфессияаралық диалогті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар халықаралық бастаманы қамтыған «Астана бейбітшілік декларациясы-2025» құжаты қабылданды. Рухани көшбасшылар Президенттің жаңа жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі үндеуіне қолдау білдірді. Алдағы уақытта бұл бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатуға зор мүмкіндік бар, – деді М.Әшімбаев.

М.Әшімбаевтың айтуынша, еліміз жалпыадамзаттық құндылықтарды және өзара түсіністік пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілету жолында барлық елмен, институттармен, ізгі ниетті жандармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайын. 

Сонымен қатар Сенат төрағасы БАӘ Федералды Ұлттық Кеңесінің төрағасы Сакр әл-Гобашпен кездесті. Онда тараптар Қазақстан мен Бірік­кен Араб Әмірліктерінің стратегия­лық серік­тестігін кеңейту және парламент­аралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Екі елдің заң шығарушы органдарының бірлескен жобаларды ілгерілетудегі рөлі де ерекше аталды. Нақты айтқанда, инвестициялық байланысты және цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды арттыруға баса мән берілді. Сұхбат барысында еліміз бен Біріккен Араб Әмірліктерінің бейбіт­шілік, сенім және халықаралық тұрақ­тылық мәселелеріне қатысты ұстанымдары үндес екені айтылды.

– Президент Қ.Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерімен қарым-қатынасты жүйелі түрде нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Ол Әмірліктер еліміздің сенімді стратегиялық серіктестерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Қазақстан мен БАӘ-ні даму жолындағы ортақ ұстанымдарды біріктіреді. Бұл – дәстүр мен мәдени бірегейлікті сақтай отырып, оны жарқын болашақ жолындағы батыл қадамдармен, инновациямен және әлемге ашықтықпен үйлестіре білу, – деді М.Әшімбаев.

Бұдан басқа, М.Әшімбаев Мұсылман ақсақалдары кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде­мен, Қасиетті Тақ жанындағы Мәдениет және білім жөніндегі дикастерияның префектісі Хосе Толентино де Мендонса­мен, Дикастерияның дінаралық диалог жөніндегі префектісі кардинал Джордж Кувакадпен, Жапониядағы «Сока Гаккай» ірі зайырлы буддистік ұйымының вице-президенті Хироцугу Тэрасаки­мен, ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Ирина Боковамен кездесті. 

Соңғы жаңалықтар