Қоғам • Бүгін, 15:35

Елімізде су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі жобалар іске қосылады

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Су тапшылығы мен тасқын  – мыңдаған ауыл тұрғынына қауіп төндіреді. Үкімет бұл мәселені шешу үшін 2027 жылға дейін 25 ауқымды жобаны қолға алып отыр. Жаңа су қоймалары салынып, тозығы жеткен инфрақұрылым қайта жаңғыртылады, деп жазады Egemen.kz

Елімізде су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі жобалар іске қосылады

2027 жылға дейін Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртудың екінші кезеңі аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Жоспарланған 25 жобаның қатарында жаңа су қоймаларын салу, қолданыстағыларын реконструкциялау және ирригациялық жүйелерді жаңарту жұмыстары бар.

Атап айтқанда, ел аумағында 13 жаңа су қоймасы салынса, 11 су қоймасы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Алматы, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарындағы ұзындығы 5000 шақырымнан астам ирригациялық канал жаңартылмақ.

Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар 200 мыңнан астам халық тұратын 134 ауылдық елді мекенді су тасқыны қаупінен қорғауға мүмкіндік береді және елдегі су инфрақұрылымының жалпы жағдайын едәуір жақсартады.

Су ресурстарын басқару саласындағы тағы бір басым бағыт — халықаралық әріптестік. Су шаруашылығы министрлігі шетелдік ұйымдармен және елдермен бірлесіп жалпы құны 12 млн АҚШ долларынан асатын гранттық жобаларды іске асыруда.

Мысалы:

  • Француз даму агенттігінің (AFD) қолдауымен Балқаш көлінің мастер-жоспары әзірленуде (1,35 млн еуро);

  • «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш экожүйесін қорғауға 5 млн доллар бағыттамақ;

  • Жапония Үкіметі су тасқынына қарсы шараларға 2 млн доллар көлемінде грант бөлмек;

  • Ислам даму банкі 3,5 млн доллар көлеміндегі техникалық көмек аясында зерттеу, бағалау және жабдықтау жұмыстарын жүргізбек.

Аталған қолдаулар негізінде «Қазсушар» кәсіпорны мен Қазақ су ресурстары ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті күшейтілуде, ал Ақпараттық-талдау орталығына ерте ескерту жүйесі енгізіледі.

2024 жылғы 11 наурызда Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Жетісай және Мақтаарал аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Өгем өзенінде ГЭС каскады бар топтық су құбырының құрылысы басталды. Бұл жобаны «South Hydro Power» ЖШС іске асырады. Жобаның құны — 190 млрд теңге, ал іске асыру барысында 600-ден астам жұмыс орны ашылмақ.

Жобада:

  • 12 км туннель төсеу,

  • 40 км су құбыры мен тазарту станциясын салу,

  • 5 шағын ГЭС-тен тұратын каскад салу көзделген.

Өндірістік қуаты жылына 110 млн м³ ауыз су және 72 МВт/сағ электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

2024 жылғы қыркүйекте Министрлік су шаруашылығы саласында халықаралық ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында Су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің үйлестіру кеңесін құрды. Кеңестің құрамында 47 ұйым бар, олардың қатарында:

  • Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Израиль, Нидерланды, Венгрия елшіліктері,

  • БҰҰ Даму бағдарламасы,

  • Еуропалық Одақ өкілдігі,

  • «Қазақмыс» және басқа да ірі ұлттық әрі шетелдік компаниялар.

Министрлік қазіргі таңда Франция, Германия, Нидерланды, Испания, АҚШ, Израиль, Қытай елдерімен және халықаралық ұйымдармен 4 келісім мен 19 меморандумға қол қойған.

Саладағы жаңғыру аясында 2024 жылғы 1 ақпандағы Үкімет қаулысына сәйкес «Қазсушар» кәсіпорны мен «Нұра топтық су құбыры» кәсіпорны біріктірілді. Қазіргі таңда кәсіпорында басқару жүйесі өзгертіліп, бизнес-процестер автоматтандырылуда, сонымен қатар жаңа бағыттар енгізіліп жатыр.

Компания енді су шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау кезінде алынған құм мен қиыршық тасты сату құқығына ие болды. Бұл қызметтен жылына шамамен 1 млрд теңге табыс түсуі мүмкін

2025 жылы қаржы лизингі арқылы жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 757 арнайы техника мен көлік құралын сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 303 техника сатып алынды.

Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев атындағы магистралды канал жаңғыртылып жатыр. Бұл бағытта 83 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. 2028 жылға дейін 17 трансформатор сатып алу, 19 сорғы агрегатын жөндеу және жаңғырту жоспарланған.