Өшпес даңқ • Бүгін, 16:45

Батырды жылатқан марапат

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1995 жылы Қазақстанның белгілі жазушысы әрі батыр партизаны Қасым Қайсеновке елдегі ең жоғары марапат — «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл жаңалықты естігенде, темірдей төзімділігімен танылған жауынгердің көзіне жас келген еді. Ол жылады. Бірақ бұл әлсіздіктен емес, жүрегіндегі жылдар бойғы арман мен әділеттің салтанат құруынан туған көз жасы болатын, деп жазады Egemen.kz.

Батырды жылатқан марапат

Қасым Қайсенов — Екінші дүниежүзілік соғыста Украина, Молдавия, Румыния жерінде партизандық қозғалысты ұйымдастырып, басқарған қазақтың қайсар тұлғасы. Ол соғыстан аман оралып, елге келген соң өз ерлігі жайлы жазып, бірнеше ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеген қаламгер де болды. Десе де, оның майдандағы жанқияр еңбегі ұзақ жылдар бойы ескерусіз қалды.

Сол жылдар жайлы Қайсеновтің өзі былай деп еске алады:

«Бір күні менің кабинетіме аздап ішіп алған Рақымжан келді. Ол кезде «Жазушы» баспасында директордың орынбасарымын. «Қасым аға, бұл не болды? Менің герой атағымды бермеді» деп қатты күйініп келді. Мен орнымнан тұрып, есікті жауып, оған: «Әй, Рақымжан, сенің мынауың дұрыс емес, қарғам. Біз бәріміз де Отан қорғауға аттандық. Бізге орден-медаль емес, тіпті рақмет айтудың да керегі жоқ. Біз азаматтық борышымызды өтедік. Мынауың ұят болды, қарғам» дедім. Содан кейін құшақтап, бетінен сүйдім. Ол маған: «Қасым аға, бұныңыз дұрыс екен» деді».

Бұл — Қайсеновтің тек майдангер ғана емес, рухани ұстаз болғанын көрсетеді. Бүгінде аты аңызға айналған Рақымжан Қошқарбаевтың жан күйзелісі мен Қайсеновтің ағалық парасаты – қазақ рухының терең бір көрінісі.

Жылдар өтіп, ақыры әділдік салтанат құрған шақта Қасым Қайсеновтің де еңбегі еленді. Бірақ дәл сол сәт – марапатты кеудесіне таққан мезет – батырдың жүрегінде қуаныш емес, ауыр күрсініспен есте қалды.

«Үйге келдім. Есікті іштен бекітіп, бір бокал коньякті ішіп алып, қатты жыладым. Өзімді сол награданы әдейі күткендей сезіндім. Шын мәнінде, бұл жұлдыздың маған керегі жоқ еді. Маған «партизан Қасым Қайсенов» деген атақтың өзі жететін. Кейін Рақымжанға «Халық қаһарманы» атағын берген күні тағы да жыладым. Өйткені аз да болса оның аруағы алдында арым тазарғандай болды…», деп күрсінді Қ.Қайсенов.

Қасым Қайсеновтің бұл сөздері — оның биік рухының, қарапайым болмысының және шынайы патриотизмнің дәлелі.

Бүгін біз батырдың жан сырын оқи отырып, нағыз ерліктің не екенін, марапаттың шын салмағы қай кезде сезілетінін ұғамыз. Қайсенов үшін «Халық қаһарманы» атағы – кешігіп келген шындық еді. Бірақ сол шындықты ол өзінен бұрын өмірден өткен аруақтардың атынан қабылдады.

Қасым Қайсенов — ел есінде ерлігімен де, қаламгерлігімен де сақталған тұлға. Оның өмір жолы жас ұрпаққа үлгі боларлық.