
– Руслан Фатихұлы, осы жылдың ең басты оқиғасының бірі Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін әскери парад болғалы тұр. Оның бұған дейінгі шерулерден ерекшелігі неде?
– Еліміз фашистік басқыншыларды жеңуге өлшеусіз үлес қосқаны тарихтан мәлім. 1 млн 200 мың отандасымыз Қызыл Армия қатарына шақырылды. Майданда ғана емес, тылда да жеңіс туын желбірету үшін 700 мыңнан аса ел азаматы еңбек армиясына алынып, тер төкті.
Әскери өнеркәсіпке қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден, полиметалдар өндірісінде еліміз жетекші орынға ие болды. Қорғаныс саласында зауыттарымыз қару-жарақ, снаряд, мина мен басқа да өнім түрлерінің жаңа үлгілерін шығаруды игерді. Ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өндіріс орындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етті. Бүгінде бұл ерлікті ұмытуға еш қақымыз жоқ. Жадымызда мәңгі сақтап, ұрпағымызға жеткізуге міндеттіміз.
Сол себепті 7 мамырда Астанада ел қорғаған батыр бабаларымызға құрмет ретінде әрі қазіргі армиямыздың қуатын көрсету үшін әскери парад өтеді. Шеру үш кезеңнен тұрады. Алғашқы бөлігінде тарихи және заманауи жаяу есептоптар жүреді. Екінші бөлігінде тарихи және қазіргі заманғы механикаландырылған лек сап түзейді. Шерудің соңы авиацияның самғауымен аяқталады.
Бұл парадтың ерекшелігі – әскери қызметшілер соғыс жылдарындағы киім үлгісімен шықпақ. Сонымен қатар еліміздің аумағында құрылған әскери бөлімдердің, атап айтқанда 23 дивизия мен бригадалардың жауынгерлік туларын алғаш рет алып өтеді. Ал Жеңіс туының мұражайда сақталған көшірмесі шеруді бастап шығатын Т-34 танкінің төбесінде желбірейді.
9 мамырда Мәскеу қаласында да әскери парад болатыны белгілі. Оған еліміздің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парадтық есептобы қатыспақ. Бұл құрама Мәскеуді ерлікпен қорғаған Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың есімімен аталады.
Сонымен қатар биыл жыл бойына елімізде «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» деген тақырыппен мыңнан аса әскери-патриоттық іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде ең негізгісі – «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны. Ол Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлованың 100, Мәлік Ғабдуллиннің 110, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығын мерекелеуге арналған. Бұған қоса қару-жарақ пен әскери техника көрсетілімі, ашық есік күндері, ерлік сабақтары, «Сарбаз ботқасы» акциясы, әскери оркестрлер дефилесі өтеді.
– Қорғаныс әлеуетін дамыту – тәуелсіздігіміздің басты кепілі. Қазіргі таңда Қарулы күштерімізді заман талабына сай жетілдіру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», деген болатын.Әлемдік геосаяси ахуал күн сайын күрделеніп жатқан алмағайып заманда Қарулы күштеріміздің қуатты болғаны қажет. Қазіргі таңда әскери саланың беделді сарапшылары Қазақ армиясы ТМД елдері ішінде үшінші орында тұрғанын айтады. Десе де, әскеріміздің айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар іс-шара аз емес.
Жоғарғы Бас қолбасшының ұйытқы болуымен Қорғаныс министрлігі елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық бағдарламалық құжаттарды дайындады. Оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі басымдықтары айқындалған «2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» әзірленді. Сондай-ақ әскери қауіпсіздік органдарын 2030 жылға дейін дамытудың негізгі қағидалары мен ұстанымдары қамтылған «Қарулы күштерді, басқа да әскерлерді құрудың және дамытудың тұжырымдамасы» бекітілді.
Бұған қоса еліміздің Әскери доктринасына өзгеріс енгізілді. Мезгіл-мезгіл қауіпсіздік мәселесін қайта қарап, уақыт талабына бейімдеп тұру керек. Сонымен қатар резервтегі әскери қызмет, аумақтық қорғаныс және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша заң жобалары қабылданды. Қарулы күштеріміздің құрылымы нақтыланып, Арнайы операциялар күштері құрылды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қарым-қабілетін арттыру мақсатында ол Құрлық әскерлерінен бөлініп, өз алдына дербес әскер тегі болып шықты. Ел армиясының жалпы әскери, әскери-теңіз және авиациялық компоненттерін күшейту бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралар кешені қолға алынып, барлау-жауынгерлік және әскери-көліктік әлеуетіміз артып, артиллерия мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс мүмкіндіктері ұлғайтылды.
2023 жылдан бастап жыл сайын Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскерге шақырылушылар саны орта есеппен 3 мың адамға артып келеді. Биыл 42 мыңға жуық жас шақырылмақ. Сондай-ақ жауынгерлік дайындықтың жаңа бағыты – резервтегі қызметті енгізе отырып, 2 мың еріктіні жиындарға шақыру жоспарланып отыр.
Президент тапсырмасымен аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілді. Азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылды. Оларды материалдық-техникалық жарақтандыру, қажетті инфрақұрылымдық нысандармен жабдықтау үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы – Парламент қарауында.
– Армия құрамы нақтыланып, Арнайы операциялар күштері құрылғанын айттыңыз. Оның мақсаты мен ерекшелігі неде?
– Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру және Қарулы күштердің жұмысын қайта құру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде құрылды. Бұл әскер тегі елдің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде терроризмге қарсы операцияларға қатысуға және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы арнайы міндеттерді шешуге арналған. Басқару органдары, бөлімшелері құзыретті мамандармен жасақталып, заманауи техникамен, қару-жарақпен және оқу-материалдық базамен жабдықталды. Бүгінде арнайы жасақ бөлімдерін жан-жақты дамыту ісі қарқынды жалғасып келеді.
Биыл ақпан айында Арнайы операциялар күштерінің «Жаубасар» командасы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен элиталық бөлімшелердің жарысына алғаш рет қатысты. Әлемнің 80-нен аса елінен 106 команданың басын қосқан біріншілікте біздің команда жоғары нәтиже көрсетті.
– Кез келген армияның басты күші – оның қару-жарағында. Мемлекет басшысы Қарулы күштеріміздің технологиялық тұрғыда жаңғыруына айрықша назар аударып келеді. Бұл бағытта ілгерілеу бар ма?
– Армияны жаңа қару-жарақпен және әскери техника түрлерімен жабдықтау кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте жаңа үлгідегі қару-жарақ пен техниканың, әсіресе дәлдігі жоғары қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру қажеттігін баса айтқан еді. Сондай-ақ әскеріміз ұтқыр болу үшін тасымалдаушы ұшақтар мен ұрыс көліктерінің санын көбейту туралы тапсырма берді. Осыған орай кейінгі алты жыл ішінде армиямызға 2 мыңнан аса жаңа әскери техника сатып алынды. Қолда бар қару-жарақты модернизациялауға да басымдық беріліп жатыр.
Әуе шабуылына қарсы заманауи қорғаныс құралдарына тоқталсақ, бүгінде армиямызда «Бук-М2Э», «Тор-М2К» зениттік зымыран кешендері, «Роса-РБ», «Платформа», сондай-ақ отандық «Нұр» радиолокациялық стансалары сапта тұр.
Былтыр әскеріміз 45 дана «COBRA II» сауытты дөңгелекті машинасымен толықты. Бұл көлік армияның қарқынды ұрыс жүргізу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар биыл мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде Қарулы күштерге 53 «Арлан» көпмақсатты сауытты дөңгелекті машинасын сатып алдық. Бұл көліктер Құрлық әскерлері бөлімшелерінің ұтқырлығы мен қауіпсіздігін арттыруға арналған.
Қосымша қаржыландыру аясында былтыр желтоқсан айында Әскери-әуе күштері «А-400М» әскери-көлік ұшағымен толықты. Ол жеке құрамды, ауыр жүктерді, техниканы тасымалдауға, гуманитарлық операциялар шеңберіндегі тапсырмаларды орындауға арналған.
2024 жылы Республика күні қарсаңында «Шапшаң» көліктік-десанттық қайығы суға түсірілді. Диверсияға қарсы техника теңіз бен өзендерде операциялар жүргізуге, жабдықталмаған жағалауға десант тасымалдауға және оларды атыспен қолдауға, адамдарды эвакуациялауға және апатқа ұшырағандарға көмек көрсетуге арналған.
– Елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту үшін импортқа тәуелділіктен арылу жөнінде көптен айтылып келеді. Осы орайда біз өзіміз қандай қару-жарақ пен әскери техника өндіріп жатырмыз?
– Иә, бұл туралы Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да айтып келеді. Тәуелсіздік алған соң, кеңестік қорғаныс өнеркәсібінің 50-ге жуық кәсіпорны бізге мұра болған еді. Қазір елімізде озық шетелдік компаниялармен бірлескен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың қатарында «Aselsan» түрік компаниясымен бірлескен электронды-оптикалық аспаптар өндірісі, «Eurocopter» француз-неміс компаниясымен бірлескен «ЕС145» тікұшақтарының өндірісі, «Tales» француз компаниясымен бірлескен КВ және УКВ диапазондарындағы радиостансалар өндірісі және басқалар бар.
Өз еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені оптикалық-электронды барлау құралдарын, сауытты дөңгелекті машиналар мен бронды транспортерлер, байланыс құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, «ЕО-145» тікұшақтары мен сыйымдылығы 200 тоннаға дейінгі әскери кемелер, ірі калибрлі пулеметтер мен атыс қаруына патрондар, әскери қызметшілерге арналған жабдықтар мен киім-кешектер өндіреді.
Өзге де кәсіпорындарда сауытты танктер мен автокөліктерге, сондай-ақ дүркіндеп оқ ататын реактивті жүйелерге техникалық қызмет көрсету мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Бұған қоса отандық дрондар әскери сынақтан сәтті өтіп, нәтижесінде «Sunqar» ұшқышсыз ұшатын аппараты Қарулы күштерге қабылданды. Жалпы алғанда, әлемдік стандарттарға сай армия құра алдық деп сенімді түрде айта аламыз.
– Сарбаздарымыз БҰҰ бітімгерлік миссиялары аясында әлемнің отты нүктелерінде қызмет атқарып келеді. Оның пайдасы неде?
– БҰҰ миссияларына қатысу еліміздің Қарулы күштеріне бітімгерлік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. 2019 жылдың наурыз айынан бастап Италия мен Үндістан контингенттерінің штабтарында «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясында 140-тан аса әскери қызметшіміз қызмет атқарды.
БҰҰ-ның Таяу Шығыс елдері, Кипр, Үндістан, Пәкістан, Ливан және Батыс Сахарадағы миссияларына бақылаушы және штаб офицері ретінде 40 адам қатысты. 2022 жылдың шілдесінен бастап қазақстандық бітімгерлер Конго мен Орталық Африка Республикасына жіберілді.
Айта кетсек, біз – ТМД елдері ішінде БҰҰ миссиясына дербес мандат алған бірден-бір елміз. Былтыр 15 наурызда қазақстандық контингент алғаш рет «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау күштері» миссиясын атқару үшін Голан жоталарына жіберілді. Өзара түсіністік туралы меморандум мен миссия мандатына сәйкес біздің контингент өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Алғашқы дербес бітімгерлер жасағы жақында Голан жоталарынан оралды. Олар еліміздің бейбіт мемлекет ретіндегі беделін халықаралық аренада одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосты. Ер адамдармен бірге Голан жоталарында 7 әйел де қызмет атқарғанын атап өту керек. Қазір ол жерде еліміздің екінші бітімгерлер ротасы миссияны жалғастырып жатыр.
– Жауынгерлік оқу-жаттығулар армияның қуатын айқындайды. Қорғаныс министрлігі кейінгі жылдары осы үрдістен айнымай, оқу-жаттығуды еселеумен қатар, сапалық деңгейін анағұрлым арттырғаны байқалады.
– Дұрыс айтасыз, жауынгерлік даярлықтың қарқыны айтарлықтай артты. 2019 жылы «Көктал» полигонында «Айбалта», 2021 жылы «Оймаша» полигонында «Отпантау» стратегиялық оқу-жаттығулары өтті. Ал 2023 жылы «Жағалау» полигонында ұйымдастырылған «Батыл тойтарыс» стратегиялық оқу-жаттығуында тұңғыш рет Жоғарғы Бас қолбасшының ставкасы мен соғыс уақытындағы Үкімет секілді стратегиялық басқару органдары қолданылды. Сол жылы күзде министрлер мен Парламент депутаттарына соғыс уақытындағы Үкімет пен өңірлердің Қорғаныс кеңестерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне арналған алғашқы жиын өтті.
Халықаралық оқу-жаттығуларға да баса назар аударылып келеді. Былтыр өз елімізде 10 халықаралық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Олардың қатарында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан қатысқан «Бірлестік» жиынын айтуға болады. Каспий теңізіндегі Ресеймен бірлескен әскери-теңіз, сондай-ақ арнайы мақсаттағы күштердің «Шексіз бауырластық» оқу-жаттығуында біздің жауынгерлер шеберлігін шыңдай алды.
– Жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін мерзімді әскери қызметтен өткендерге бірқатар жеңілдік қарастырылғанын білеміз. Нақтырақ тоқталып кете аласыз ба?
– Президенттің тапсырмасымен 2024 жылдан бастап заңнамалық деңгейде мерзімді қызметтің әскери қызметшілері үшін білім жеңілдіктері мен несиелік демалыстар беріліп жатыр. Атап айтқанда, әскерде жүргенде және одан кейін 60 күнге несиелік демалыс ұсынылады.
Сонымен қатар «Срочники 2.0» жобасы мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген жастарға еліміздің 80-нен аса жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Олардың барлық бағасы бірыңғай базада көрсетіледі. Жүйе қорытынды баға бойынша рейтингті автоматты түрде құрып, үміткерлерді жоғары оқу орындарына түсуге бөледі.
Өткен жылдың өзінде оған 80 мыңнан аса азамат тіркеліп, еліміздің жоғары оқу орындарына жеңілдікпен білім алуға түсу үшін 6 мыңнан аса сертификат берілді. Ал биылдан бастап әскери қызметін өткергендерге мемлекеттік грант берілмек. Оқуға түскендерге жатақханадан да орын бөлінеді. Бұл іс-шаралар мерзімді әскери қызметтің тартымдылығына айтарлықтай әсер ететінін сеніммен айта аламыз.
– Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз.
– Әрине, бұл, біріншіден, ақшалай қаражаттың өсуі мен жеңілдіктерге қатысты. 2023 жылы жоғары оқу орындарының ұшу құрамы мен азаматтық оқытушыларының жалақысы орта есеппен 60%-ға, ал әскери дәрігерлердің жалақысы 40%-ға артты. Сонымен қатар өңірлерде тұрғын үй төлемдері 10–30%-ға ұлғайды.
Осы жылдың басты жаңалығы – 1 қаңтардан бастап Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшті. Ол бірінші кезеңде офицерлік құрамның лауазымдық жалақысын – орта есеппен 20,3%-ға, ал қатардағы және сержанттық құрамның жалақысын 33,9%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Оған қоса 2025 жылы республикалық бюджет комиссиясы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға далалық төлемдерді төлеуді көздейтін түзетулерді мақұлдады. Осылайша, алдағы 1 шілдеден бастап офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге далалық жорық, жиындар мен оқу-жаттығулар кезінде тәулігіне 1,2 АЕК (4 718 теңге) мөлшерінде далалық төлем төленеді.
Қазіргі уақытта Парламентте әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты заңнамалық түзетулер қарастырылып жатқанын да айта кеткен жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»