Медицина • 07 Мамыр, 2025

Мүмкіндігі мол орталық

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының медицина мамандары бұрыннан озық технологияларды пайдаланады. Дәрігерлердің біліктілігі жағынан да көп орталықтан көш ілгері. Енді, міне, озық орталықтың жанынан ашылған тағы бір зәулім ғимарат еліміздің онкологиялық ауруларды емдеудегі тәжірибесін молайтады.

Мүмкіндігі мол орталық

Жоба 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Ғимаратқа қарап көпжылдық еңбектің, заманауи инженерлік, меди­циналық шешімдердің сәтті үлгісін байқау қиын емес. Нысанның жалпы аумағы – 60 мың шаршы метр. 210 төсектік орынға шақталған. Бұдан бөлек орталықтың емханасында күніне 500 науқасты емін-еркін қабылдауға мүмкіндік бар. Орталыққа медициналық жабдықтарды «Varian Medical Systems Inc.», «Philips», «Siemens» сынды әлемнің жетекші өндірушілері жеткізген. Осылайша, Орталық Азияда алғаш рет сәулелік, радионуклидтік, протондық терапияны біріктіретін біртұтас платформа құрылып отыр.

Орталықтың ашылу салтанатына орай «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО – болашақтың озық технологиялары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған 29 елден жетекші онкологтер, зерттеушілер мен саланың білікті мамандары қатысып, онкологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу бағыттарындағы заманауи тәсілдерді талқылады. Кон­ференцияда Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова онкологиялық ауруларды емдеуге ел дәрігерлері ғана емес, халықаралық қоғамдастық құлшынып отырғанын алға тартты.

и

«Онкологиялық аурулар денсаулық сақтау саласының басымдық беретін бағыттарының бірі болып қала береді. Себебі бұл – бір өңірді, бір мемлекетті ғана емес, дүниежүзі халықтарын алаң­датып отырған мәселе. Дүниежүзінде жылына 19 миллионнан астам қатерлі ісік жағдайы тіркеледі. Оның ішінде 10 миллионнан астам адам қайтыс болады.­ Елімізде бүгінде 40 мыңға жуық па­циенттен қатерлі ісік анықталған. Қарап отырсақ, бір моноқаланың халқы. Оның ішінде 12 мыңнан астам адам қайтыс болады екен. Мұны да салыстырмалы түрде бір ауылдың халқы деп айтсақ болады. Осыны ескерсек, әлем халықтары онкологиялық аурулардың профилактикасын, диагнос­тикасын жетілдіріп, ауруды емдеп-жазу жөнінде тәжірибе алмасып отыруы керек. Бүгінгі конференция – саладағы үздік тәжірибелерді, жаңашылдықты талқылаудың таптырмас мүмкіндік», деді Т.Дүйсенова.

Биология ғылымдарының докторы,­ профессор Күнсұлу Закария онко­ло­гиялық ауруларды емдеуді түп­-та­мы­рынан, профилактика, диагнос­тикадан бастау керегін айтты.

«Онкологиялық орталық – қара­пайым медициналық мекеме ғана емес, еліміздің денсаулық сақтау саласымен қатар, ғылымның дамуына жол ашатын орталық. Жаңа ғимараттың пай­далануға берілуі – көпжылдық еңбек­тің, саладағы дәрігерлер жетістігінің нәти­же­сі. Біз қазір онкологиялық ауру­лар күрделеніп бара жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Осыны ескерсек, ауру­­ды емдеуге келгенде профилактика, диагностикаға ғылыми дәлелденген қадаммен бару керек. Онкологиялық ауру­ды емдеп қана қоймай, онкологиялық ғылымды терең зерттеп, түсінуіміз керек. Жаңа орталықтың миссиясы да жоғары ғылымды, инновация мен озық тәжірибелерді қатерлі ісікпен күресте қолдануға бағытталады. Мұнда еліміздің ең үздік деген мамандары жұмыс істейді. Ауруды диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Бастысы, осы орталықта пациенттердің, олардың отба­сы мүшелерінің үміті оянады», дейді Күнсұлу Закария.

Конференциядан кейін Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының медициналық қыз­мет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажановпен аз-кем пікірлесудің сәті түсті.

«Жаңа ғимарат онкологиялық ауру­ларды диагностикалауда, емдеуде қолданылатын ең озық үлгідегі технологиялармен жарақтандырылған. Мұнда пациенттер еліміздің барлық аймағындағы онкологиялық орталықтар мен жергілікті ауруханалардан жолдамамен келіп, тегін ем алады. 2019 жылы жаңа ғимараттың құрылысы басталған сәттен біз де қол қусырып қарап отырмай, маман даярлау ісіне басымдық бердік. Инженер, медициналық физиктер, химиктер, диаг­ностика жасайтын мамандар сынды қызметкерлеріміз Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Израиль, Түркия, АҚШ, Германия, Испания елдерінде тәжірибе жинады. Енді жылына осы орталықтан 10 мыңға жуық пациент стационарлық көмек алады деп жоспарлап отырмыз. Шамамен 6 мыңнан астам операция жасалады, 3 мыңнан астам адам сәулелік ем алады. Ем-шараларда жасанды интеллектінің көмегін пайдалана бастаймыз. Нақтылап айтсам, сәулелік терапия жасайтын «Ethos» деген аппаратта осы тәсіл қолданылады. Мұнда жасанды интеллект сәулелік емнің теріс әсерін азайтуға көмектеседі», деді Әділбек Қайырбекұлы.

Орталықтағы негізгі технологиялар қатарында «Varian ProBeam» негізіндегі протондық терапия, ПЭТ/КТ, ПЭТ/МРТ сынды қатерлі ісікті емдейтін, диагностика жасауда таптырмайтын соңғы үлгідегі озық құралдар бар. Жаңа ғимаратта халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай ауа тазарту, радиоактивті қалдықтарды жою жүйелерімен жабдықталған 8 мамандандырылған палатасы бар радионуклидті терапия бөлімі болады. Сонымен қатар радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге арналған циклотрондық-өндірістік кешен іске қосылған. Жоспарға сәйкес 11 түрлі препарат шығарылады, оның жетеуі елімізде алғаш рет синтезделеді. Осы игіліктерден кейін заманауи инфрақұрылымы бар Ұлттық ғылыми онкология орталығы Орталық Азиядағы жетекші клиникалық, ғылыми, академиялық орталыққа айналуды мақсат етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше