Әдебиет • 05 Мамыр, 2025

Біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ...

120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Барлық адам баласы дүниеге бала болып келеді. Бірден ересек қалпында жаралған екі-ақ адам бар. Ол Адам ата мен Хауа ана. Аңызда түп атамыздың жілік майы толысқан жігіт бейнесінде жаралғаны айтылады. Ал Хауа болса он жеті жастағы бойжеткен. Санаға салып сараптасақ, екеуінің сәбилік кезеңі болған жоқ. Кездескен бетте екеуі жұп құрап нәсіл өрбітті. Ересек ғұмыр кешті. Бірақ, шіркін-ай, балалық шақта батпырауық ұшырып,  тығылмақ ойнай алғанға не жетсін. Хош, есіркеп қайтеміз, олар не дегенмен жұмақта туды ғой. Ал соғыс дейтін «тозақта» дүниеге келген балалардың тақсыретін қалай ұғынамыз?

Біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ...

 

 

Жазушы Дулат Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесі дәл осы сынаққа душар болған ұрпақтың тағдырын суреттейді. Шығарманың көркемдік кеңістігін екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ ауылындағы жасөспірімдер, жесір әйелдер мен майданнан мүгедек болып қайтқан азаматтар, тылдағы ауыр тұрмыстан хабар беретін жағдайлар, адамдар арасындағы жақсылы-жаманды байланыстар жасайды. Кішкентай Оңғардың мектепке барар шағынан бастау алатын шығарма мектеп партасында тоғысқан сан алуан тағдырды бейнелейді. Бір сыныптың ішінде әртүрлі жастағы оқушылар отыра береді. Бір топтан екінші топқа оңай ауыса салады. «Бір кластың ары-берісі жоқ және айналып келгенде бір үйге баратын білім», дейді ағасының орнына мектепке барып жүрген Жапсарбаевтың қарындасы туралы айтылғанда. Адамдар тойып тамақ ішпейді. Көздерінде мұң, көкірегінде шер. Бәрінің де ішінде майданнан хабар күткен сартап сағыныш бар.

Повесте басты кейіпкер жоқ десе де болады. Мұндағы негізгі кейіпкер – халық, заман, соғыс. Өйткені шығармада кейіпкерлер саны көп емес, даралығымен ерекшелене қоймайды. Автор алдыңғы шепке дәуірдің тұтас суретін беруге тырысқан. Сол суреттің ішінде мына бір деталь көңілге көп ой салады.

Үйдегі сары сиыр қасқырмен арпалысып жүріп, іштегі бұзауын өлі туады. Арқасынан сипағанда «Енді қайттім?» дегендей, көзі мөлдіреп бұзауын жалай береді. Мұны көріп тұрған Оңғардың апасы «бейшара-ай» деп езіледі. Оның да көзі мөлт-мөлт етіп шыға келеді. Кейін бұзаудың терісін сыпырып одан тұлып жасайды да, енесінің алдына тастайды. Екі-үш минуттан соң желіндері сыздап шыға келеді. Апасы күрпілдетіп сауа бастайды. Осы сәтті бақылап тұрған Оңғар ой кешеді: «Мейірім мен қаталдық. Мейірім мен қаталдықтан шыққан аппақ сүт! Шынында, апамның айласы қаталдық па? Ол апамның ғана айласы ма еді. Өзінің айтуына қарағанда атамзаманнан келе жатқан әдіс дейді ғой. Өлер бұзау өлді. Бәлкім, оның терісін біржолата жоғалту қаталдық шығар. Бәлкім сары сиыр бұзауының терісін көргенде оны мына жарық дүниеде жер басып тірі жүр екен деп ойлап қалатын шығар. Қалай болғанда да бұл тіршілік еді. Тірілердің өмірі».

Дәл осы тұста жазушы адам мен жануарды шендестіре отырып шеберлік танытады. Кешкісін ұйқыға жатар алдында мына бір салмағы зіл батпан сауалды бала Оңғардың аузына салады:

– Апа, егер көкем болса… сиырдың бұзауы да өлмес еді ғой, ә?

– Әрине. Қайдан болса да, тауып алып, бұзауын мойнына сап көтеріп әкелер еді ғой…

Шығармада халықтың мінезінен аңғаратынымыз – қандай нәубет заман келсе де, қандай қайғы басына орнаса да жақсылықтан ешқашан үміт үзбейді. Алдағы жарқын келешекке сенім байқалады. Жазушы жаны мен жүрегі таза болса қиындық пен сынақ қоғамды күйрете алмайтынын, керісінше халықтың бойындағы ізгілік, махаббат, достық, ерлік сынды асыл қасиеттердің шыңдала түсетінін анық аңғартқан.

Повестің атауында да біраз сыр жатыр. «Біз соғысты көрген жоқпыз», бірақ... Дәл осы «бірақ» қазақ ауылындағы жетім балалар мен жесір әйелдердің тамағына тірелген өксік сынды. Айтқызбайды. Кептетіліп қалады.

Иә, біз бұл қасіреттің қаншалықты ауыр екенін енді ешқашан толық түсінбейміз. Оны жан-ділімен сезенген соғыс «тозағында» туған періштелер ғана...