
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында журналист Алла Гаврина қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуының ауылы алыс емес екенін айтқаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл жанашырының бұл пікірін қолдап, этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделгенін жеткізді.
«Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы. Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты. Бұл жөнінде журналист Алла Гаврина дұрыс пікір айтты. Меніңше, ол басқа да әріптестерінің атынан өте жақсы ұсыныс білдірді», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсыратынын және биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитынын тілге тиек етті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының айтуынша, тілге деген табиғи сұранысты күшейтіп, тілдік ахуалды түбегейлі өзгертетін де – осы толқын. Оларға қолайлы тілдік орта қалыптастырып, ана тілінің аясында тұлға және маман ретінде өсіп-өнуіне жағдай жасау – біздің міндет.
«Сөзсіз, біздің ел болып дамуымыздың, мемлекет болып күшеюіміздің берік іргетасы – өзара келісім, ұлтаралық татулық пен бейбітшілік. Бұл құндылықтарды көзіміздің қарашығындай сақтау – бірінші кезекте әр қазақтың азаматтық парызы. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде ел тұтастығын тіл тұтастығымен байланыстырды. Біз үшін Тіл мен Тәуелсіздік – егіз ұғымдар», деді ол.
Р.Кенжеханұлы осы тұрғыдан алғанда «Қазақ тілі» қоғамының басты мақсаты – тілді үйренуші ортаға қажетті оқу-әдістемелік, мазмұндық және технологиялық қолдау, қазақша сөйлейтін ортаны заманға сай мазмұнмен қамтамасыз ету, әсіресе жастар арасында тіл тартымдылығын арттыру екенін жеткізді. «Қазір біз үшін ана тіліміздің технологиялық, ғылыми, креативті кеңістіктегі алатын орнын барынша кеңейту маңызды», деді ол.
Мемлекеттік тілді меңгеруде қол жеткізген жағымды жетістіктің бәрі тәуелсіздік алғалы бері ешбір ұлт өкілінің құқығын шектемей, қысым көрсетпей, қиындық тудырмай біртіндеп даму жолымен келгенін айта кету керек. Толеранттылық пен татулықты ту қылған Қазақ елінде осы мемлекетті мекендеген барлық диаспораның өз тілі мен мәдениетін дамытуына жағдай жасаумен қатар, мемлекеттік тілдің заңды тұғырына қонуы үшін де қажетті жұмыс атқарылды. Соның бірі – жуырда ғана 30 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру арқылы этносаралық достық пен ынтымақтың нығаюына жол ашу. Бірлігіміз бен тұтастығымыздың тірегі болған бұл ұйымның негізгі қызмет бағытының бірі де – мемлекеттік тілді дамыту, оны ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру.
Айта кетсек, ҚХА-ны дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған жобалар мен іс-шаралар тізбесі бекітілген. Оның ішінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы 2019 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Форумда қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар мемлекеттік тілді үйрену бойынша тәжірибелерімен бөліседі.
2017 жылдан бастап жазғы лагерь түріндегі «Тіл мектебі» жобасы іске қосылған. Жоба ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жастарына арналған. Сондай-ақ 2015 жылдан бастап ҚХА-ның «Мың бала» мәдени-ағарту жобасына жыл сайын 300 мыңға жуық бала қатысады.
2016 жылдан бері Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылған жалпықазақстандық ашық диктант өткізіліп келеді. 2023 жылы «Ассамблея жастарының» бастамасымен «Үйде сөйле» жобасы іске қосылды. Оның ерекшелігі – үйден шықпай-ақ қызықты форматта тіл үйренуге мүмкіндіктің болуы.
Сонымен қатар еліміздегі Достық үйлерінің базасында «Мәміле» қазақ тілін оқыту клубтары жұмыс істейді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы жұмыс істеп жатыр.
Әрбір игі бастаманың өз нәтижесі мен берекесі болары анық. Соның арқасында елімізде қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары да артып жатқанын байқау қиын емес. Нақты цифрларға жүгінсек, 1989 жылы кеңес одағында ең соңғы рет жүргізілген халық санағы еліміздегі орыс диаспорасы өкілдерінің 1%-ы ғана қазақ тілін білетінін көрсеткен еді. Сол жылы «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» заң қабылданып, қазақ тілі республикадағы жалғыз мемлекеттік тіл деп танылған соң, оны оқыту өзге тілдегі барлық мектепке міндетті пән ретінде енгізілді. 1991 жылы тәуелсіздік алған соң, мемлекеттік тілді меңгергендер қатары одан сайын арта түсті.
Мәселен, 1999 жылғы халық санағы кезінде елдегі орыстардың 12%-ы, 2009 жылғы санақта 20%-ы, 2021 жылғы санақта 25,1%-ы қазақ тілін білетіндерін айтыпты. Өзге де еуропалық ұлт өкілдері арасында деңгей – осы шамалас. Мәселен, соңғы санақ нәтижесінде украиндердің 23,7%-ы, немістердің 25,2%-ы, беларусьтердің 22,8%-ы, поляктардың 22,1%-ы қазақ тілін меңгергені белгілі болды.
Ал азиялық, соның ішінде түркі халықтары арасында мемлекеттік тілді білетіндер қатары әлдеқайда жоғары. Атап айтқанда, татарлардың 50,5%-ы, қырғыздардың 58,5%-ы, әзербайжандардың 58,5%-ы, түріктердің 61%-ы, ұйғырлардың 71,7%-ы, өзбектердің 72%-ы қазақшаны жетік біледі. Бұл диаспоралар негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде мекен ететіндіктен, бұл аймақта мемлекеттік тіл этносаралық қатынас құралына айналған деп сеніммен айтуға толық негіз бар.
Ауызбірлік пен өзара сыйластық алтыннан да қымбат құндылыққа айналған мына заманда біз мемлекеттік тіл секілді ұлтты ұйыстырар құралдың дамуын жақсылыққа балаймыз. Қазақ тілі – түрлі ұлт өкілдерін ортақ мүдде жолында біріктіретін маңызды тетік. Оның кең қолданысқа енуі тек тіл саясаты емес, елдің болашағына бағытталған стратегиялық қадам.