Мереке • Бүгін, 09:10

Елдіктің берік тұғыры

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ынтымағы жарасқан елдің ғана ризығына бақ бұйыратыны Төле бидің әкесінен көрген тәрбиеге толы тәмсілінде тауып айтылған. Әлібек бидің бала Төлені сынап көрген бір бума шыбық сындыру тәжірибесі күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Жастайынан талай атақты абыздың алдынан өтіп, солардың батасымен бағы жанған төбе бидің тәмсілі әлі талай елдік мәселемізге жарар. Ынтымақ-бірлігімізді бекемдеуде таптырмас құрал болар.

Елдіктің берік тұғыры

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Иә, біз – батамен көгерген елміз. Аталы сөзге тоқтап, бір күннің ғана емес, арғы-бергі болашағымыздың қамымен қарекет қылған елміз. Жыр алыбы Жамбыл айтпақшы, «Жігерлі болса, ер болар, бірлікте болса, ел болар» деген даналық сөздің қасиетін ұғынып, ынтымаққа ұмтылдық. Әсілінде, ел іші ала тайдай бүлініп, бірліктен кетсе, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз дамымақ тұрмақ, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымызды ұстап тұру оңайға соқпас еді.

Халық бірлігі демекші, бұл – кез келген мемлекеттің күретамыры, оның іргетасын қалап, болашаққа бас­тар берік бағдары. Бейбітшілік пен тұрақтылықты, ынтымақ пен келісімді ұлттың ең үлкен байлығы ретінде бағалайтын мемлекетіміз бұл бағытта зор жетістікке қол жеткізді. Қоғамдық келісімді ту етіп ұстану арқылы ғана біз болашақта қуатты, өркениетті, дамыған мемлекет құру жолындағы ұлы мұраттарымызды іске асыра аламыз.

Қоғамдағы бірлік пен келісім – Тәуел­сіздігіміздің мызғымас тұғыры. Бұл – жай сөз емес, уақыт пен тәжірибе дәлелдеген тарихи ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, ел өміріндегі маңызы аса зор саяси құры­лым – Қазақстан халқы Ассамблеясы қо­ғам­дық бірліктің рәмізіне айналды. Ел Президенті төрағалық ететін бұл инс­титут ширек ғасырдан аса уақыт бойы халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, елдің ішкі тұрақ­тылығы мен даму үдерісіне сүбелі үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында «Бірлік ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағ­дайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не бо­лып жатқанына бәріміз куә болып отыр­мыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат», дегені ел болашағының баянды болуының қамы емес пе?

Бірлігіміздің басты символы болып отырған Ассамблеяның басты ерекшелігі – елдегі барлық этносты біртұтас азаматтық қоғам аясына, идео­логиялық институттың шаңырағы астына біріктіріп, олардың мәдени, тілдік, діни ерекшеліктерін сақтай отыра дамуына мүмкіндік бергендігінде. Қазіргі таңда елімізде тұрып жатқан этнос­тардың мәдени орталықтары, тілі мен дінін дамытуға арналған 500-ден аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Президент Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордаланған көп мәселені шешуіміз қажеттігін баса айтты. Ал ол үшін халықтың күш-жігерін ортақ мүддеге біріктіру, бір мақсатқа бағыттау ауадай қажет дүние екенін еске салды.

«Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғы­рын қалап, саясатта, экономикада, мә­дениетте және әлеуметтік салада түбе­гейлі өзгерістер жасай аламыз», дей келе Мемлекет басшысы дәл сол себепті Ассамблея сессиясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын атап өтті. «Сіздер мұның өзекті екенін түсінесіздер деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халқымыздың стра­тегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді. Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру. Бірлік пен ынтымақ басты құн­дылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ассамблея бастамасымен бүгінде 40-тан аса Достық үйі мен қоғамдық келісім орталықтары ел бірлігіне қызмет етіп келеді. Бұл мекемелер тек этносаралық диалог алаңы емес, сонымен қатар жас­тарды тәрбиелеу, құқықтық сауатты арттыру, медиа­цияны дамыту сияқты маңызды әлеуметтік міндеттерді де іске асырады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында этностық және діни ерекше­лігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конс­титуциямен бекітілген құқықтары мен еркін­діктерін толық пайдалануына жағ­дай жасалды. Бұл – еліміздегі этнос­ара­лық әрі конфессияаралық келі­сім­­нің айрықша үлгісі, халықаралық қауым­­­дастық тарапынан да мойындалған тәжірибе.

Ассамблея этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін негізгі тетікке айналып отыр. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіз­діктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде бағаланады. Міне, осындай бірлік пен келісім жолы – еліміздің табысты дамуының басты кілті болып отыр. Осы құндылықтарды сақтап, ұрпақ санасына сіңіре білсек, келешегіміз кемел, мемлекетіміз қуатты болмақ.