Шаруашылық • Бүгін, 09:55

Суармалы алқап ұлғайды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астықты өңір шаруашылықтары ылғал жабу жұмыстарына кірісті. Биыл облыста 5 млн 105 мың гектар алқапқа тұқым себу жоспарланып отыр. Егін алқабының 3 млн 674 мың гектарына бидай, 343 мың гектарына арпа себілмек. Қалған алқапқа майлы және әлеуметтік маңызы бар өзге дақылдардың тұқымы егіледі.

Суармалы алқап ұлғайды

Өткен жылы мол астық алға­нымен, өнімін лайықты бағаға сата алмаған шаруалар биыл бағасы тұрақты әрі бидайға қарағанда, на­рықта жоғары сұранысқа ие май­лы, бұршақты дақылдарды көбей­туді көздеп отыр. Осыған орай, май­лы дақылдың көлемі 755 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұдан тыс әлеуметтік маңызы бар дақылдарға да баса мен беріледі. Биыл өңірде 21 мың гектар қарақұмық, 6,1 мың гектар картоп тұқымын егу жос­пар­­ланған.

«Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарында 514,2 мың тонна тұқым қоры бар. Бұл көктемгі дән сіңіру науқанына толық жетеді. Өткен күзде 1 млн 342 мың гектар жер қайта өңделіп, тыңайтылды. Қыстай 495 мың гектар алқапта қар тоқтату жұмыстары жүргізілді. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 42 мыңнан астам техника шығады. Техниканың бәрі жөндеуден өткен. Шаруашылықтардың біразы мем­лекеттік бағдарламалар арқы­­лы техника паркін жаңартып алды», дейді облыстық ауыл ша­руа­­­шы­лы­ғы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхаметов.

Егін шаруашылығында өнім көлемін арттырудың тиімді жол­да­рының бірі – суармалы жер­лер­ді ұлғайту. Былтыр өңірде суармалы алқаптың көлемі 8 430 мың гектардың үстінде болса, биыл тағы 3 463 гектар суармалы алқап қосы­лады. Ауыл шаруашы­лығы құры­лым­дарының алдында тұр­­­ған маңызды міндет­тің бірі – егіс ал­қап­­тарын әртарап­тандыру, моно­­дақылдан алшақ­тау. Биыл шаруа­­шы­лықтар осы мәселеге баса көңіл бөлмек.

Қостанайлық шаруалар мине­ралды тыңайтқыштарды пайдалану жөнінен де алдыңғы қатарда келеді. Мәселен, былтыр алқапқа 258,6 мың тонна тыңайт­қыш шашылған. Шаруа­лар­дың дені маңызды науқанды ойдағыдай атқару үшін мемлекет қолдауына арқа сүйейді. Мәселен, «Даму» қоры филиалының мәліметінше, бүгінге дейін «Кең дала» бағдарла­масы аясында 30,9 млрд теңгеге өтінім қабылданып, оның 14,5 млрд теңгесі қаржы­лан­ды­­­рыл­ған. Бұ­дан тыс «Тобыл» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы арқы­лы 20,1 млрд теңге көлемінде жеңіл­детілген несие беріліп жатыр.

Алқап жұмыстарына кірісіп кеткен науырызымдық шаруа­лар­дың айтуынша, биыл топырақ ылға­­­­лының қалыңдығы орташа, шамамен 50-70 см болады. Өңір­­­­­дің солтүстік аудандарында ылғал мол.

«Күн ысып кетпей тұрып топырақ құрамында бар ылғал­ды сақтап қалу керек. Тұқым жет­кілікті, техника дайын. Мемле­кет тарапынан жылдағыдай қолдау көрсетіліп жатыр. Арзан дизельді отын бөлінді, жеңілдетілген шартпен несие алып жатырмыз», дейді диқандар.

 

Қостанай облысы